Өнімді межеден артық жинаған өңір

Қапшағай қаласының Шеңгелді аумағындағы шаруалар үшін пияз өсіру дәстүрлі кәсіпке айналған. Пияз осы аймақтың бренді десе де болады. Шаруа қожалықтары пияздың голландиялық сорттарын өсіріп отыр. Бұл сорттар дәрумендер мен минералдарға бай, мәселен, өнімнің 100 грамында 10 миллиграмнан астам аскорбин қышқылы болатындығын мамандар анықтаған.
Қапшағай қаласының әкімдігі, өңірде көкөністер арасында пияздың ерекше маңызға ие болып отырғандығын, алқап көлемі жағынан да алғашқы орында екендігін мәлімдейді. Осы пайдалы өнімге деген сұраныстың артуына байланысты өңірде пияз өсірумен 50 шақты шаруа қожалығы айналысады. Олардың арасында облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға 20 жылдан бері өз үлесін қосып отырған «NazDana»ЖШС бар. Шаруашылық жұмыс барысында тұқым түрлерін ірілендіру мен өнідіріс көлемін ұлғайтуға елеулі көңіл бөліп келеді. Сол сияқты жаздық арпа, қант қызылшасы, картоп, пияз және басқа да дақылдарды өсіруге маманданған.
– Бүгінгі күні жұмыс процестерін автоматтандыру барлық салаға енген. Заманауаи аграрлық технология белсенді қолданылады, ғылыми жетістіктерді де басшылыққа алғанның пайдасы зор. Біз осы үрдістен қалмауға тырысамыз. Бұл еңбек өнімділігін жетілдіруге зор ықпал етеді, ал өнім көлемін молайтуға септігін тигізеді. Қазіргі кезде 140 гектар жердің 70 гектарына дәндік жүгері егілген, 27 гектар – қант қызылшасы, 15 гектар – көк жуа, қалған 8 гектар – жеміс-жидек. Биылғы жылы өткен жылдағыдай әр гектардан 600 центнер өнім аламыз деп шамалап отырмыз. Оған қоса биыл жүгерінің де шығымы жақсы болды. Біздің өнімдеріміз жергілікті өңірдің нарығында ғана емес, Алматы қаласының да сауда орындарына жеткізіледі, мәселен, «Алтын Орда» базарынан, «Магнум», «Метро», «Агромарт» сияқты сауда желілерінен табуға болады. Сондай-ақ өнімдеріміз тек ТМД елдерінде ғана танылып қойма, Еуропаға да экспортталуда. Қазір өнімнің барлық түрлерін сыйымдылығы 300 тонналық қоймаға жинап, қысқа сақтауға дайындап жатырмыз, – деді ЖШС басшысы Нұрлан Етекбаев.
Сонымен қатар шаруашылық өз кезегінде қайырымдылық шаралардан да тыс қалған емес. Қапшағай қаласында 2021 жылы барлығы 13666 гектар егістік жер игерілген, соның 8448 гектары – суармалы жер. 4917 гектары – дәнді дақылдар, оның ішінде жаздық арпа – 3941, дәндік жүгері – 976, майлы дақылдар – 3437, картоп – 400, көкөністер – 1831, бақша дақылдары – 250, қант қызылшасы –600, мал азығына –2231 гектар жер бөлінген.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өткен жылы пияздың егіс алқабы 5483 гектар жерден, 195 мың тоннадан астам өнім жинаған. Биылғы жылы 5600 гектар жерге пияз егіліп, одан 161 мың тонна өнім алынды. Пайыздық көрсеткіші 92,5 құрап отыр. Қапшағайға келетін болсақ, мұнда пияз жинау науқаны толықтай аяқталғаның айтқымыз келеді. Жалпы Қапшағайдағы көкөніс сақтау қоймасында 30 мың тоннаның тең жартысы – пиязды құрайды. Осылайша биыл қапшағайлықтар мол өнімге кеңеліп, 1700 гектар жерден 85 мың тонна пияз жинап, әр гектардан 506,3 центнерге дейін өнім алды. Бұл жоспардағы межеден асып отыр.
Салтанат ҚАЖЫКЕН







