Ел басқару реформасы: сөз бенен іс

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz
Әлемдік экономика мен саясаттың болашақ даму бағдарын қайта қарауға мәжбүр етіп, тіпті жеке адамның өмір сүру дағдысының өзін өзгерткен соңғы бір-екі жыл оқиғалары қайтымсыз сипат алды. Адамзат қоғамын дүр сілкіндірген індет алдында азуын айға білеген трансұлттық компаниялар ғана емес, қағанағы қарық, сағанағы сарық алапауыт елдердің өздері дәрменсіздік танытқанда, Қазақстан сияқты оңы мен солын енді танып келе жатқан жас мемлекеттер шарасыз күйге түскендей болды. Егемендіктің отыз жылы идеология үшін ұзақ мерзім болғанмен, тарих үшін қас-қағым сәт. Сондықтан ел басқарған серкелер алдында қазіргі тілмен айтсақ «замана шақыруларына» жауап қату, яғни мамыржай кезеңдерден мұраға қалып, қордаланған сеңнің көбесін сөгу, шиеленіскен түйіндерді тарқату міндеті тұрды.
Апат айтып келмейтіні ежелден белгілі. Құрғақ уәде мен жалаң ұранға бой үйреткен бейқам жұрт шөлмектің мың күн сынбай, бір күн сынатынына көз жеткізді. Алатаудың ауа райындай күрт құбылған ахуал ауыртпалығы алдымен атқамінерлерге түсті. Ел ерге, ер жерге қараған жағдайға тап болдық. Көп аузындағы «Елдің Ыбырайы Ыбырай...» дегеннің кебін келтірген, халықтың қайғы-қасіретінен баю көзін тапқан арсыз құлқынқұмарлар күзгі ормандағы саңырауқұлақтай қаптады. Самұрық-Қазына қоры жанындағы «Фармация» фирмасы сияқты мешкейлер ұялары пайда болды. Бұқаралық ақпарат құралдары сол кездері былай деп жазыпты: «Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының лауазымды тұлғалары бюджет қаржысын жымқыру, жекелеген тұлғалардың ірі көлемде медициналық бетперделерді сату, сондай-ақ медицина мекемелері жекелеген басшыларының аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқыруға тырысу деректері бойынша үш қылмыстық істі тексеріп жатыр... Коронавируспен күреске бөлінген аса ірі көлемдегі мемлекеттік қаржыны алаяқтық жолмен жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тексерілуде. Қауіпсіздік кеңесінің аппараты мен президент әкімшілігінің ұсынысы бойынша шетелдік гуманитарлық көмектің жұмсалуы тексеріле бастады. Дәрі-дәрмектерді жасыру жолын кесу, емдеу мекемелерінен ұрланған дәрі-дәрмектерді қайта сату сияқты әрекеттердің алдын алу шаралары жалғасуда». Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалып, арты сиырқұйымшақтанып кеткені белгілі.
Осы жағдаяттарға орай Мемлекет басшысы былтырғы жылғы 29 маусымда коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде кеңес өткізіп, жауапты мемлекеттік қызметкерлердің енжарлығын сынға алды. Тиісті қорытынды шықпаған соң араға апта салып, 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында «біз қазір дәрілердің жетіспеушілігі мен оның бағасын қолдан қымбаттату мәселесін шешуге мәжбүр болып отырмыз. Бұл жағдайды тез арада реттеп, барлық өңірді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керек. Жұмыс жүргізілуде. Енді нәтиже керек. Індет кезінде осындай жолмен пайда тапқысы келгендерді қатаң жауапқа тарту қажет» деп атап өтті. Сондай-ақ тергеу жүргізіп, барлық қиындықтарға кінәлілерді жауапқа тарту қажеттігіне тоқталды. «Фармация» басшыларына келетін болсақ, оларды жұмыстан босату керек, ал қажет болған жағдайда тергеу жүргізу керек… Міндетті медициналық сақтандыру қорының қызметіне талдау жасалуы тиіс…» деп атап өтті. Иә, жау жағадан алғанда, бөрі етектен дегендей, нақ осы осы кезеңде сыбайлас жемқорлық өршіп кетті. Лай судан балық аулағысы келген алаяқтар қатары арта түсті. Сөйтіп, бір айдан сәл астам уақыттан кейін, 19 тамызда Мемлекет басшысы қайтадан жиналыс жасауға мәжбүр болды. Бұл жолғы кеңес нақ осы сыбайлас жемқорлыққа арналды. «Сыбайлас жемқорлық жағдайларының саны әлі де азаймай тұр. Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан. Ашығын айтқанда, қазір күнделікті жаңалықтардан түрлі деңгейдегі шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылықтары үшін ұсталып жатқаны туралы оқитын болдық. Олардың ішінде облыстың 2 әкімі бар, бұл өте алаңдатарлық ахуал. Сыбайлас жемқорлық тот сияқты мемлекеттік аппараттың барлық буынын кеміруде. Тек 2020 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық бойынша жауапқа тартылғандар саны 912 адамды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға көп», деген Мемлекет басшысы ел басқару әдістері мен тәсілдерін қайта қарау қажеттігіне тоқталды.
Сонымен, Президент Қ.Тоқаевтың сол жылғы 1 қыркүйекте жария етілген «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне көшу жөнінде мәлімделді. Президент «бұл салаға реформалар өте қажет» деп атап өтті. Ең алдымен, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастау керек. Сан алуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді тоқтату қажет. Барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшкен жөн. Негізгі мақсат – жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуға тиіс. Арнайы Жарлықпен бұл міндеттерді жүзеге асыруға тиісті. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылды. Үстіміздегі 26 ақпанда Президент «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Ресми ақпаратта «Мемлекет басшысының тапсырмасымен дайындалған, мемлекеттік басқару жүйесін дамыту принциптері көрініс тапқан және 2030 жылға дейінгі негізгі бағыттарын жетілдіру тәсілдері айқындалған» деп айдар тағылған тұжырымдама туралы әңгімені келесі шолуымызда өрбітетін боламыз.







