Бейбіт атом саласындағы жетістіктер

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Алматыдағы Ядролық физика институтында «Ядролық ғылым және технологиялар» атты III халықаралық ғылыми форум өтті.
Энергетика министрлігі, «Ядролық физика институты» РМК, «Қазақстан Республикасының «Ұлттық ядролық орталығы» РМК, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған форумға 300-ден астам ғалымдар мен мамандар қатысты.
Шараның ашылу рәсімі «Ядролық физика институты» РМК директоры Батыржан Қаракөзовтың энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтың қатысушыларға арналған құттықтау сөзін оқыуымен басталды. Бұдан бөлек Б.Қаракөзов Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың таяудағы Жолдауында айтылған сутегі энергетикасын дамыту, атомшы-инженерлерді даярлау жөніндегі тапсырмасы институт қызметіне жаңа серпін беретініне тоқталды. Форум аясында отандық және шетелдік ғалымдар атом электр станциялары, обыр және басқа да ауруларды емдеуге қатысты радионуклидті терапия мен тағы басқа мәселері жайында өз ойларын білдірді.
Жыл сайын әлемде ғылым мен техникада, ең алдымен медициналық және өнеркәсіптік мақсаттағы радиоизотоптарды өндірумен байланысты радиациялық технологияларды қолдану саласын кеңейтуге деген қажеттілік артып келеді. Басқосу барысында ұсынылған атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қазіргі заманғы жетістіктер жөнінде ортаға салды.
Форум бағдарламасы 5 секцияның жұмысын қамтыды, олардың аясында әлемнің түрлі елдерінің жетекші ғалымдарымен ядролық және радиациялық физика, материалтану, радиациялық экология, талдау әдістері, медицина мен өнеркәсіптегі ядролық және радиациялық әдістер саласындағы өзекті мәселелері қарастырылды.
Конференцияда қалқанша безі обырының және басқа да аурулардың радионуклидтік терапиясына арналған «Натрий йодид» радиофармпрепаратын өндіру және Қазақстанда алғашқы клиникалық қолдану туралы ақпарат ұсынылды. Хитозан негізіндегі гидрогельді жара таңғыштарын жасау үшін перспективті полимерді әзірлеу бойынша жұмыстардың нәтижесі талқыланып, олардың гель түзетін және үлдіртүзгіштерден басқа микробқа қарсы қасиеттерге ие екені айтылды. Секцияның баяндамаларында жабдықтардың тозуын диагностикалауда нейтрондық томографияны қолдану, үлгілерді элементтік талдау мақсатында гамма-квант шоқтарын пайдалану, сондай-ақ пайдаланылатын өнеркәсіптік құралдардың металл матрицасын модификациялдау тәжірибесі талқыланды.
Салтанат ҚАЖЫКЕН







