Аграрлық аймақ
3 мин оқу 956

Қамба толы алтын дән

23 қыркүйек 2021
Қамба толы алтын дән

Ел қамбасына миллион тонналап алтын дән құятын құт-қазаны ортаймаған өңірлердің  бірі – Қостанай облысының диқандары егін орағын аяқтап қалды. Астықты өлкеде қыркүйектің үшінші сейсенбісіне дейін 4,35 млн гектар алқаптың егіні жиналып, 99,4 пайыз астық бастырылды.

Осы ретте сейсенбідегі үкімет отырысында егін жинау, қысқы мал азығын дайындау барысы туралы баяндаған өңір басшысы Архимед Мұхамбетов  қазіргі  күні облыста 2 млн 924 мың тонна астық жиналғанын атап өтті. Астық қабылдау кәсіпорындарына келіп түскен 334 мың тонна бидайдың 96 пайызы 3-сыныпқа сай келеді, сапасы жоғары. Облыста өнімді сақтауға арналған сыйымдылық жеткілікті, 8,3 млн тоннаға арналған қойма бар.

Тұтыну мөлшеріне сәйкес, облыс халқын нан өнімдерімен қамтамасыз ету үшін  қажетті ұнның жылдық көлемі 22 мың тоннаны құрайды.  Өңір басшысы атап өткендей, осы тұрғыда 31 500 тонна астық өңделіп, облыс ұнмен толық қамтамасыз етілген. Жалпы, шаруашылықтар форвардтық сатып алу бойынша Азық-түлік коропорациясынан 9 млрд 900 млн теңге қаражат алған. Бұл сомаға 194 мың тонна  өнім тапсыруы тиіс. Бүгінде уәкілетті астық қабылдау кәсіпорындарына 38 мың тонна немесе жоспарлы өнімнің 20 пайызы жеткізілген.

Бұл көрсеткіш, әрине, жекелеген шаруашылықтардың егін орағын толық аяқтауына  байланысты толыса бермек. Орақ науқанын толық аяқтаған шаруалар жаңа егіннің астығын қамбаға толассыз жөнелтіп жатыр. Солардың бірі – «Өтеулин» шаруа қожалығы. Осыдан 20 жыл бұрын өзінің шаруа қожалығын, кейін «ННН+В-2005» серіктестігін құрған Нұркелген Өтеулин биыл орташа егін шығымдылығы гектарына 10-12 центнерден ғана айналғанын айтады. Дегенмен, кейбір егістік алқаптарынан гектарына 20 центнерге дейін өнім алынған. Әрине, гектар берекесін арттырудағы маңызды фактордың басты бірі – ылғал. Сондықтан біз ылғал үнемдейтін технологияны қолдануға тырысамыз, дейді Нұркелген Өтеулин. Қазір ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі­нің қай-қайсысы болмасын, әрбір гектардан мол өнім алуды қалайды. Сөйтіп, ылғалды барынша көп сақтап қалу үшін жұмыс істеуге тырысады.

Өткен қыс қар жылдағы мөлшер­ден  аз болғандықтан,  көктем­де ылғал тек қар тоқтатылған жерлерде ғана сақталған. «Мамыр айының аптап ыстығында біз күндізгі сағат 11-ден 16-ға дейін жұмысты тоқтатып, кешкі немесе таңғы салқынмен тұқым септік. Сондай-ақ жерді гербицидтермен өңдедік. Сұйық тыңайтқыштарды қолданып, егісті шырмайтын аурумен күрестік. Бұрын Еуропада дәнді дақылдар өндірісі гербицидтер мен пестицидтерді қолдану, бес рет өңдеу нәтижесінде өте қарқынды дейтін болсақ, қазір біз өзіміз осыған келдік. Осы ретте субсидия бергені үшін мемлекетке рахмет. Соңғы уақытта оны алып тастау және төмен пайыздық мөлшерлемемен несие беру туралы айтылуда. Меніңше, ауыл шаруашылығы үшін субсидия­лар да, кредиттер де болуы тиіс», – деп өз ойымен бөлісті шаруашылық басшысы.

Кәсіпкер аграрлық сала алдында тұрған еңбек өнімділігін арттыру, өнім өндіру мен экспорт көлемін арттыру міндеттерін жүзеге асыру жолындағы ортақ  іске өз шаруашылығының қосар үлесі қомақты боларына сенімді.

Айта кетейік, егін орағын аяқ­тап қалған астық өндірушілер ке­лесі жылдың дала жұмыстарына дайындықты бастап кетті. Алдағы егіске қажетті тұқым 530 мың тонна көлемінде толық дайындалған. Өңірде жем-шөп дайындау науқа­ны да қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта қысқы мал азығы үшін 1 млн 73 мың тонна шөп дайындалған. Бұл – қысқа түсетін мал басына қажетті көлемнің 99 пайызы. Жем-шөп қорын жасау жұмысы ұйымшылдықпен жалғасып отыр.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Қамба толы алтын дән · Мұрағат