Желаевта жұмыс қызып келеді

Диқан қауымының маңдай терімен суарылған бидайды ысырап қылмай, жинап алудың өзі оңай шаруа емес. Одан кейін жиналған өнімді қамбаға тапсыру мәселесі туындайды. Өңірдегі астық қабылдау кәсіпорындары биылғы астықты қабылдауға дайын ба? Осы сауалдың жетелеуімен Оралдың іргесіндегі «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ элеваторында болып, тыныс-тірлігімен танысып қайттық.
Аталмыш комбинат Желаев элеваторы ретінде 1978 жылы пайдалануға берілген. Он жылдан кейін кәсіпорын жанынан бидай тартатын диірмен салынып, атауы «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ болып өзгерді. Бүгінде дамудың тұрақты жолына түскен кәсіпорын құрамына элеватор, диірмен зауыты, 3 макарон фабрикасы кіреді. Итальяндық «РAVAN» аутоматты желісімен жабдықталған макарон фабрикасында қысқа туралған макаронның 20-дан астам түрі, «Italpast» әмбебап жартылай аутоматты және арнайы форматты «Жайма» желілері арқылы ұзын туралған макарон өнімдері шығарылады.
Қазір комбинатта 500 адам жұмыс істейді. Мұнда астық дайындау, өндірістік элеваторларға жүк түсіру жұмыстары толық механикаландырылған. Ұн тартатын зауыт әлемдік нарықта жабдықтарды өндірушілердің көшбасшысы саналатын «BUHIER» фирмасының лицензиялы жабдығымен жұмыс істейді. Диірменде тәулігіне 500 тонна дән тартылады. Жоғары, бірінші, екінші сұрыпты ұн өндіріледі. Оның ішінде 50%-ы жоғары сұрыпты, 20%-ы бірінші, 5%-ы екінші сұрыпты өнім. «Жылда элеватордың жаңа егіннің өнімін қабылдауға дайындығын лицензиялау жұмыстары жүргізіледі. Сәуір, мамыр айларында элеватордың жұмыстары тоқтатылып, кешенді тазалаудан, дезинфекциялаудан өтеді. Ондай жұмыстарға лицензициясы бар мекемелер шақыртылады. Жаңа егін орағы басталардан бұрынырақ өнім қабылдауға дайын екенімізді мәлімдеп, құрамында облыстық аумақтық инспекция мамандарынан құралған арнайы комиссияны шақырамыз. Материалдық-техникалық базаны бидай қабылдауға дайындап, таразы шаруашылығын, зертханадағы дән сапасын анықтайтын барлық өлшеуіш құралдарын тексерістен өткіземіз. Олардың кейбірі өңірімізден басқа қалаларда, қайсыбірі Ресейде тексеріледі», – дейді акционерлік қоғамның директоры Алмагүл Хамитова.
Кәсіпорынның өндірістік-технологиялық зертханасы халықаралық стандарттарға сай аккредиттелген. 2014 жылдан бастап акционерлік қоғамның қазақстандық құрылтайшыларының қатарын ресейлік «Мартин» ірі агрохолдингі толықтырды. Құрылтайшылар комбинаттың дамуына жіті көңіл бөлуде. Биыл ұн тартатын зауыт жанынан жаңа ұн қаптау цехы ашылды. Тұтынушылардың сұранысына орай ұнды бұрынғыдай тек 50 келілік қапшықпен емес, бір, екі, бес, он келілік қаптамаларда шығаруда. Жалпы желаевтықтар өндірген өнім түрлері өз өңірімізге, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарына және Ресей, Армения, Беларусь елдеріне шығарылады. Бұрын Ауғанстанға 2-сұрыпты астықты экспорттайтын, бірақ ондағы саяси жағдайға байланысты қатынастар тоқтатылды. «Бидайды сапасына қарай қабылдаймыз, сапасы төмен болған жағдайда дайындау элеваторында қиыршық, шөп-шаламнан тазартып, ылғалы шамадан тыс болғанда кептіреміз. Содан кейін бидай өнеркәсіптік элеваторда дән ұсақтағыштан өткізіліп, белгілі бір қалыпқа келген соң, диірменге жіберіледі. Онда екі кезеңнен тұратын тазартудан өткен дән ұнтақталып, сұрыптарға бөлінеді. Әрі қарай дайын өнім тиісті қаптамаларға салынады. Өнеркәсіптік элеватордың технологиялық үдерістерін басқару тетіктері – осы жерде. Мына құрылғыдан қай жабдықтың қалай жұмыс істеп тұрғаны көрініп тұр», – деп түсіндірді элеватор бастығы Темірхан Қожахметов.
«Биыл өңірімізде қуаңшылық, бидайдың сапасы қалай екен?» – деп қызығушылық таныттық.
«Шүкір, өнімнің сапасы жаман емес. Бізде негізінен бидай қабылданады. Қара бидай көп емес, 1,5-2 мың тоннадай», – деді элеватор бастығы.
Астық қабылдау кәсіпорнына автокөлік, темір жол арқылы жеткізілген бидайдың сапасы зертханада тексеріледі. Мұнда 40 секундта дәнді дақылдың, ұнның сапалық көрсеткішін анықтайтын шведтік «Инфратек» инфрақызыл анализатор жабдығы бар. Онымен дәннің қамырлылығы, ылғалдығы, протеині зерттеледі. Ал бидайдың бөгде қоспамен ластануын зертханашылар қарап, өз әдістемелерімен анықтайды.
Бидайды астық, азық-түлік ретінде қабылдайтын кәсіпорын болғандықтан, мұнда сапа мәселесіне қатты көңіл бөлінеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының астық және тұқым инспекциясы бөлімінің басшысы Асылболат Кубеевтің айтуынша, «Астық туралы» заңға сәйкес ауыл шаруашылығы басқармасы астық қабылдау кәсіпорындарының жұмысына мемлекеттік бақылау жасайды. Бидайдың азық-түліктік маңызын ескере отырып, қамбалардың астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және жөнелту қызметтерін лицензиялау мен бақылау функциялары бүгінде жергілікті атқарушы органның құзыретінде. Сондықтан жергілікті биліктің астық қабылдау кәсіпорындары қызметінің сапасына талабы жоғары. Жыл сайын қамбалардың астық сақтауға дайындығы тексеріледі. Қандай сапада, қанша көлемде астық сақтаулы, міне, осының барлығы мемлекеттік құрылымның назарында. «Облыста шаруаларға астық қолхаттарын беретін, қоймада астық сақтау қызметтерін көрсететін 7 астық қабылдау кәсіпорны бар. Олардың барлығы жаңа егіннің өнімін қабылдауға дайын. Қазіргі кезде жалпы сыйымдылығы 504,8 мың тонна болатын қамбаға астық қабылдануда», – деді А.Кубеев.
ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА







