Аграрлық аймақ
2 мин оқу 736

Аграрлық саладағы жалақы орташа республикалық деңгейден көп төмен

23 қыркүйек 2021
Аграрлық саладағы жалақы орташа республикалық деңгейден көп төмен

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы республика бойынша орташа еңбекақыдан 42%-ға дейін аз екен. Бұл саладағы жұмыспен қамту деңгейі жылдан-жылға  құлдырай түсуде, деп жазады energyprom.kz сайты. 

2021 жылдың екінші тоқса­нында ауыл, орман және ба­лық шаруашылықтары саласы қызметкерлерінің кесімді жала­қысы 145,6 мың теңгені, бір жыл бұрынғыдан – 14,4%-ға артық ай­лық еңбекақы құрапты. Еңбек­ақының нақты өсімі бар-жоғы 6,5% құраған.

Аймаққа бөлгенде бұл сектор­дағы неғұрлым көбірек еңбек­ақы Ақмола облысы қызметкерлерінің еншісінде: 178,2 мың теңге, плюс 25,6%. Екінші және үшінші орындарда – Шығыс Қазақстан облысы (164 мың теңге) мен астанамыз (159,8 мың теңге).

Ең төмен еңбекақы – Маңғыс­тау облысы АӨК қызметкер­ле­рінде: күнкөріс минимумы көле­мінен сәл ғана жоғары немесе бар болғаны 42,5 мың теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бірден 28,7%-ға төмендеген. Бұл еліміз бойынша осы сектордағы еңбекақының айтарлықтай төменгі көрсеткіші болып отыр. Қызылорда облысында да АӨК-те еңбекақы қысқарған – 8,1%-ға, 100,5 мың теңгеге дейін (инфографика).

Ауыл шаруашылығы сала­сындағы еңбекақы Қазақстандағы 17 аймақ­тың тек 7-інде ғана еліміз бойынша орташа деңгейден асады екен. Сонымен қатар айта ке­терлік жайт, 2021 жылдың екінші тоқсанында кесімді еңбекақы елімізде орташа есеппен 251,5 мың теңгені құраған. Осылайша, АӨК саласындағы еңбекақы елімізде бойынша орташа жалақыдан кәдуілгідей көлемде – 42,1%-ға азай­ған. Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы, аң аулау және қызмет көрсету секто­рындағы еңбекақы осы об­лыстарда 146,8 мың теңге құраған; орман шаруашылығы мен ағаш дайындау саласында – 129,8 мың теңге; балық шаруашылығы мен аквамәдениет саласында – 91,1 мың теңге (1-кес­те).

Ауыл шаруашылығы сала­сындағы еңбекақының төмендігі саладан мамандардың көптеп кетуіне мәжбүрлеуде. Мәселен, 2021 жылдың екінші тоқсанында секторда 1,2 млн адам жұмыспен қамтылған, ал бұл бір жыл бұрын­ғыдан – 1,2%-ға азайды деген сөз. Соңғы он жыл қатарынан осы саладағы жұмыспен қамту жылдан жылға құлдырай түсуде.

Аталған кезеңде жұмыспен қамтылғандар санының күрт қыс­қаруы, мәселен, 2015 жылы (бір жылда бірден минус 19,6%), сондай-ақ 2016 жылы (минус 12,8%) байқалған.

Биыл аграрлық секторда  жұ­мыспен ең көп қамтылу Алматы облысында тіркелген: 200,1 мың адам, соның өзінде бұл бір жыл бұрынғыдан 2,3%-ға азая түскен. Аграрлық аймақтарда жұмыспен қамтылғандардың саны бойынша үздік үштік қатарына Түркістан мен Жамбыл облыстары да кірген (2-кесте).

Иса ҚАМБАР

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Аграрлық саладағы жалақы орташа республикалық деңгейден көп төмен · Мұрағат