Батыл байлам, қарымды қарекет керек

Биылғы жыл тосын мінез білдірді. Әдетте өрістегі қой мен табындағы жылқыны жаздың жалпағына дейін жайлауға жіберіп, арқасын кеңге салуға үйренген ағайын аптап ыстық жер апшысын қуырғанда қорадағы малдан айырылып, жүген ұстап қалғаны рас. Ашығын айту керек, табиғаттың қырын қабақ танытуы бір биыл емес.
Елдегі көзіқарақты қариялардың жыл басы – Наурыздың 22 жұлдызында күн мен түнді қас қақпай қадағалап, алдағы айлардың райын тап басып танығанын көзіміз көрді. Егер таңертең күн жалқынданып, сары-қызыл тартып, ыстық лебі бірден бетке ұра шақырайып туса, ол жылы құрғақшылық болуы мүмкін, дейтін. Мұндай жылдары тура биылғыдай таулы аймақтарда жиі-жиі тасқын болып, шалғынды далада өрт жиілейтінін айтып отыратын. Маңғыстау мен Атырау жақтан апаттың алғашқы хабары жеткенде Сағи ақын айтқандай «дария кеуде, тау мүсін» сол бір қарттарым алдымен ойға оралып еді. Күні кешегі жұлдызшы Назарбек Қожамсейітовтің сөзіне басшылар мен қосшылар елеңдеп отыратын, кезінде талай рет кеңсемізге келіп, ақыл кеңесін беріп кететін-ді, жарықтық.
Иә, апат айтып келмейді десек те, ауа райын болжау бүгінде ғылыми негізге қойылғанын, синоптиктердің жорамалдары ақиқаттан алыс кетпейтінін қайда қоямыз, оның үстіне климатты зерттеуші ғалымдардың да дүниенің біраз бөлігін топан су басып, біраз бөлігінде қуаңшылық болатынын айтып дабыл қаққанына да көп болды емес пе? Сөйтсе де Маңғыстауға тұтқылдан тиген нәубеттің орны толмастай шығын келтіруінің себебін көктен емес, жерден, мына өзіміздің бейқамдығымыз бен бойкүйездігімізден іздеу керек сияқты. «Ешек судан өткенше» Жаратқанға жалбарынғанымызды әп-сәтте ұмытып кететініміз, өткенге ой жүгіртуге, бұрын-соңғы тарихтың ащы сабақтарынан қорытынды шығаруға шабандығымыз рас қой. Мұның өзі дәл бүгін туындаған тосын жәйт, «оқылмаған сабақ» емес, жүздеген жылдар бойы қазақтың қыр соңынан қалмай келе жатқан, өткен ғасырдың басында оқыған-тоқығандарымыз «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде ой елегінен, сын тезінен өткізуге тырысқан, өрге ұмтылған елді етекке тартатын қыңыр мінез, қияңқы қылық. Мәселен, бұдан тура 110 жыл бұрын қаймана қазақтың қолына тиген «Айқап» журналында Семейдегі алғашқы әйел мұғалімдердің бірі, Қазан төңкерісіне дейін Орынбордағы әйелдер гимназиясында білім алған Сақыпжамал Тілеубайқызының «Біздің бұрынғы һәм қазіргі халымыз» атты мақаласы қазіргі заманымызбен үндесіп жатыр десек, артық айтпаспыз. Бұл мақалада автор «қазіргі қалыпта бізге тиер екі түрлі қауіп бар», – деп екі мәселе бойынша сөз қозғаған: бірі – надандық пен жалқаулық, екіншісі – қазақ қала сала алмай, көп мұжық қалаларының арасында тілкім-тілкім боп бытырап кетуі.
Автор ертедегі қазақ халқының өмір тынысын мақаласына арқау ете отырып, қазақтың өткені мен бүгінін бағамдап салыстырып береді. «Қазақ ашаршылықтың арқасында егін егуді үйренді. Егін егіп, тамағын тойдырып, артылғанын сатып, малға айналдырған соң, қатты қыстарда малын аман сақтау үшін шөп шабуды үйренді. Сұрапыл дауыл боран соқса, малын паналату үшін қора-қопсы мен өз бойын да жылы сақтау үшін жылы үй салудың пайдалы екендігін де түсінді» дей келіп: «Орыстардың бір мақалы бар: «пока гром не грянет, мужик не перекрестится» («Күн күркіремей, мұжық шоқынбайды») деген. Сол секілді қазақ халқы жұтшылық һәм ашаршылық секілді екі жауынан құтылған соң, енді қайтып дүние керек емес, ісі біткен адам секілді, көрпесін қалың жамылып, ұйықтап жатып алды».
Енді, міне, күн күркіреді. Ел ерге қарады, ал ер болса тықыр таянғанда ең болмағанда «әу» деуге жарамай, жылы орнынан жылжығанымен, ың-шыңсыз барып келесі орынтаққа қонжиды. Ал, оның міндетін атқарып жатқан атқамінер ел аралап келген соң «қазіргі құрғақшылық сияқты табиғи апаттардың келу ықтималдылығы жоспарлы болды, сондықтан мұндай сценарийлерге алдын-ала дайындалу қажет болған. Өкінішке орай, біздің бұған дайын болмағанымызды биылғы жыл көрсетті» деген «батыл» байламға келді. «Немісті жеңеріңді білгем» деп Жамбыл атам айтқандай, бізге керегі басқа ғой. Сонымен, атқамінердің айтуына қарағанда, Маңғыстау облысында статистика деректері бойынша кеңес заманында 732 мыңға жуық мал басы болған. Мұндай мал басы үшін 3400 шахталы және құбырлы құдықтар, 43 тоған және жалпы ұзындығы 260 км болатын су құбырлары салынып, жұмыс істеген. Қазір облыста 840 мыңға жуық мал бар немесе оның жалпы саны тәуелсіздік жылдары 15 пайызға артқан. Ал құдықтар саны 2500-ге дейін қысқарған... Облыста жайылымдардың өнімділігін нығайту бойынша белгіленген шаралар іс жүзінде жүргізілмеген. «Яғни мұнда қатты құрғақшылықтың әсерінен жайылымдардың сарқылуы жүріп жатыр, ал бұл тәуекелдер деңгейін арттырды. Бұған мен осы облыстың зардап шеккен аудандарын аралаған кезде көз жеткіздім. Табиғатты алдай алмайсың» деген басшының түйін-тұжырымы жергілікті әкім-қараларға бағытталған деп түсіндік. Ал, алдағы атқарылар іс-шаралар келешек жобаларды емес, бұрынғы олқылықтардың орнын толтыруды көздейтіні көңілге қаяу түсіреді. «Климаттың өзгеруі су ресурстарының өсіп келе жатқан тапшылығына әкелді. Нәтижесінде суармалы жерлердің көлемі соңғы 30 жылда 2 еседен астамға, 3 млн гектардан 1,4 млн гектарға дейін қысқарды. Осы жағдайларда қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларына көшу, ылғалды сыйымдылық дақылдар алаңдарын қысқарту, су ресурстарының жаңа көздерін іздеу есебінен суармалы суды ұтымды пайдалану бойынша қойылған міндеттер іс жүзінде игі тілектер деңгейінде қалды. Енді бұл олқылықты толтыру керек».
Дегенмен де, биік мінберлерден «кемшілікке кеңшілік болмасын» деп қанша қайталағаннан батыл байлам, қарымды қарекетке көшкеннің бәсі артықтығына басшы айтқандай, біз де көз жеткіздік.
ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ







