Бас жүлдемен оралды

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде халықаралық «Славян базары-2021» өнер фестивалінің Гран-при жүлдесінің иегері Рухия Байдүкенованың қатысуымен баспасөз отырысы өтті.
Мәдениет және спорт министрлігі Рухия Байдүкенованың халықаралық аренада еліміздің лайықты өкілі екендігіне қолдау көрсетсе, «Хабар» агенттігі «Славян базары – 2021» халықаралық өнер фестивалін тарату құқығына ие бас ақпараттық серіктесі болды.
«Қазақ елін бұл жеңіспен құттықтаймын. Біз ақпараттық демеушілігімізді фестивальдің ашылу, жабылу салтанатты рәсімдерін көрсетудегі «Хабар», «Хабар 24» арналарындағы жаңалықтарда халыққа Рухияның жеңісі туралы ақпаратты тарату арқылы барынша қолдау білдіруге тырыстық. Еліміздің жас таланттарын «Хабар» агенттігі қашан да қолдап келеді», – деді «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина баспасөз отырысында.
Отыз елдің өкілдері бақ сынасқан байқаудың қазылар алқасы мен ұйымдастырушылары, биылғы қатысушылар арасында бәсекелестіктің аса жоғары болғанын алға тартады. Екінші турда әншілер славян әндерін Беларусь елінің бас дирижері Виталий Кульбаковтың басшылығымен орындаған.
Бірінші конкурстық күннен кейін Рухия Байдүкенова 70 балдан 69 ұпай жинады. Қазылар алқасының ресейлік мүшесі Сергей Пенкин қазақстандық орындаушыға 9 ұпай берсе, қалған барлық мүшесі 10 ұпай мен бағалаған.
Тартысты өткен байқауда бас жүлдені қазақ қызы Рухия Байдүкенова жеңіп алды. Бірінші орын сербиялық Ирина Арсениевичке бұйырса, екінші орынды украиналық Рената Штифель мен Даниил Мышковец алды. Үздік үштікті словак Иванна мен әзірбайжандық Тофиек Гаджиев бөлісті. Ал, байқаудың арнайы сыйлығы – «Славян үмітін» бірінші орын иеленген сербиялық Ирина Арсиеневич алды.
Айта кету керек, биыл қазылар алқасының құрамында 2015 жылы «Славян базарының» бас жүлдесін жеңіп алған жерлесіміз Димаш Құдайберген де болды.
Салтанат ҚАЖЫКЕН







