Мал баққанға біте ме?

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz
Нарықтық экономикаға балама жоқтығы әмбеге аян. Дегенмен, Кеңес кезіндегі шаруашылық тәжірибесі – орталықтандырылған басқарудың, әсіресе қазба байлықтарын өндіруде, геологиялық барлауда, көлік құрылымын жасақтауда анағұрлым тиімді болғанына айғақ. Бұл ұйғарым мал шаруашылығына, атап айтқанда қой, жылқы, түйе сынды континенталды табиғат жағдайларына төзімді түлік өсіруге де қатысты. Аталған салалардың ортақ бір ерекшелігі – көшіп-қонуға қолайлы әдісті қолданатындығында. Күні кеше қойнау-қолаты мыңғырған мал өрісі болған сайын даланың бүгінгі жүдеу көрінісі көңілге кірбің ұялататыны рас. Сондай-ақ солтүстік өңірдегі бидай себілетін миллион гектарлы егістіктерді ұсақ шаруашылықтардың игере алмай, әурес-сарсаңға түсіп жүргені белгілі. Кезінде Бейімбет жырға қосқан «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» ұраны әлі де күн тәртібінде. Осы орайда қазіргі ауыл-селолардағы өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық түйіндерді тарқата алатын, бұрынғы кеңшар үлгісіндегі агроқалашықтар ұйымдастыру қажеттігіне көзіміз жетіп келеді.
«Мал – баққанға бітеді», дейді халық даналығы. Мәселе – төрт түлікті қалай бағуда, өнімділікті көтеруде, халықты отандық азық-түлікпен барынша қамтамасыз етуде. KazDATA Insider деректеріне қарағанда соңғы үш жылда азық-түлік өнімдері импортының экспортқа қарым-қатынасы өзгермей, орта есеппен 4,5 болған, яғни долларлық эквивалентке шаққанда импорт экспорттан 4,5 есе асып түскен. Енді осы дәйекті статистика деректерімен салыстырып көрелік. Оған сәйкес тілге тиек етіліп отырған мал шаруашылығында өткен жылдың қорытындысы бойынша ірі қара саны 7,8 млн басқа жеткен. 2019 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 5,6 пайызға артық. Қой мен ешкі басы 4,7 пайызға, жылқы 10,1 пайызға, түйе 5,2 пайызға өскен. Соған сәйкес, мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі де артқан. Ет 4,3 пайызға және сүт өндірісі 3,2 пайызға өскен. Өткен жылы мал шаруашылығы өнімдері импортын алмастыру аясында елімізде 48 тауарлы-сүт фермасы іске қосылған. Бұл сүт зауыттарының жүктемесін 77 пайызға дейін арттыруға, ал сүт өңдеу көлемін 1,8 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік берген. Сондай-ақ 3 ет комбинаты пайдалануға берілген. Осының арқасында ет өңдеу көлемін 151-ден 166 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туған. Бұған қосымша 8 құс фабрикасы іске қосылған. Нәтижесінде ұйымдастырылған шаруашылықтарда құс етін өндіру көлемі өткен жылы 222,7-ден 235,3 мың тоннаға дейін ұлғайған. Биылғы жылдың алғашқы 4 айы ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 831 млрд теңгеге дейін 3 пайызға, ал азық-түлік өнімдерінің өндірісі 673 млрд теңгеге дейін 3,9 пайызға ұлғайған. Мал шаруашылығында өндіріс көлемі 776,4 млрд теңгеге жеткен, атап айтқанда, тірі салмақта ет өндіру 5,3 пайызға өскен. Өткен жылы елімізде импортты алмастыру аясында бірқатар жаңа шаруашылықтар іске қосылған. Өсімдік шаруашылығында биылғы көктемгі егін егу жұмыстарын уақтылы жүргізуді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданған. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы дақылдары 22,7 млн гектарға егілген, бұл 2020 жылғы деңгейден 78 мың гектарға артық. Өткен жылдың қорытындысы бойынша агрокешен саласында барлық макрокөрсеткіштер бойынша өсім бар. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 5,7 пайызға ұлғайып, 6,3 трлн теңгеге жетті. Сонымен қатар азық-түлік өндірісі 4 пайызға өсті.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар ағыны 15 пайызға, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестиция 13,5 пайызға ұлғайды. Нәтижесінде кешен инвестицияларының жалпы көлемі жоспардағыдан 154,2 млрд теңгеге асып, 677,2 млрд теңгені құрады. Өндірістің өсім көлемі қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының ұлғаюымен нақтыланды. Ол 2019 жылмен салыстырғанда 22 пайызға өсіп, 1,3 млрд АҚШ долларын құрады. Агроөнеркәсіп кешенін одан әрі тұрақты дамыту мақсатында саланы дамытудың «2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» және «2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» әзірленді. Тұжырымдама мен Ұлттық жоба арасындағы шаралардың аражігін ажырату маңызды. Мәселен, тұжырымдама саланы ұзақ мерзімдік кезеңге дамытудың басымдықтары мен векторларын айқындайды, сондықтан жүйелі сипаттағы шараларды, оның ішінде заңнама мен нормативтік-құқықтық базаны өзгертуді қамтиды. Ал, Ұлттық жоба болса күш-жігер мен ресурстарды шоғырландыруды талап ететін нақты міндеттер мен жобаларды шешуге бағытталады. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жер ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету, қаржы құралдарын жетілдіру және жүйелі сипаттағы басқа да шаралар тұжырымдаманың негізгі міндеттері болып табылады. Жүйелі құжаттар аясында мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етуді нормативті түрде бекіту жоспарлануда. Бұл аграршыларға өз қызметін ұзақ мерзімді перспективаға жоспарлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру мақсатында бизнеске міндеттемелер жүктелетін болады. Бұдан бөлек мемлекеттік қолдау бөлінерде өңірлердің ерекшеліктері ескеріледі. Бұл табиғи-климаттық және басқа да факторларға байланысты агрокешенді дамыту саласында мемлекеттік саясатты тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Бұдан бұрын да атап өткеніміздей, құрғақ цифрлар сөредегі отандық өнімдерді алмастырмасы анық. Құжат жүзінде қисынды баяндалған осынау жоба-жоспарлардың нақты жүзеге асырылуына ең алдымен алқалы әлуемет мүдделі болуға тиіс.







