Аграрлық техника саны артады

24 маусым 2021
Аграрлық техника  саны артады

Әлемдегі ірі Claas және Horsch ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің бірі Қазақстанда өз өндірісін бастайды. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін шетелдік бизнесмендер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келісім жасасты.

Арнайы инвестициялық келісім-шарт Қазақстан аграршылары үшін жаңа перспективалар ашып, салықтық жеңілдіктер мен мемлекеттік қаржыландыру тұрғысынан бірқатар артықшылықтар береді. Заманауи, өнімділігі жоғары техникамен қамтамасыз ететін Ct Аgro компаниясы Қазақстандағы ауыл шаруашылығы бизнесінің рентабельділігін арттыруға елеулі үлес қосатын қаржылық жағдайларды ұсына алатынын жеткізді. Kazakh Invest қолдау көрсеткен уағдаластыққа сәйкес, «CT Assembly» ЖШС бірлескен кәсіпорны Петропавлдағы өндірістік алаңда Claas және Horsch ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыруды бес жыл ішінде кезең-кезеңмен жолға қоюға міндеттеніп отыр. Алдымен өндірістік алаң жұмысының тетіктерін жөндеу жоспарлануда. Осы кезеңде 100 бірлікке дейін Tucano комбайндарын шығару көзделуде. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасының әрбір түрі бойынша технологиялық операцияларды кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Оның ішінде Xerion тракторларын шығару үшін іске қосу-жөндеу жұмыстары, гидравлика қозғалтқыштары мен жүйелеріне техникалық тексеру белгіленген. Осылайша, еліміз аумағында өнеркәсіптік құрастыру бойынша орындалатын жұмыстардың көлемі де, шығарылатын ауыл шаруашылығы машиналарының саны да артатын болады. Арнайы инвестициялық келісім-шарт инвесторларды жабдықтар мен жинақтауыштарды импорттау кезінде кедендік баж салығын төлеуден босатады, бұл түпкілікті өнім құнының айтарлықтай төмендеуіне ықпал етеді.

Барлық шығарылатын техника өнімнің Кеден одағының қолданыстағы техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін растау үшін сертификаттаудан өтеді және тауардың шығу тегі сертификатын алады, сондай-ақ әрбір өздігінен жүретін машинаға жеке паспорт беріледі. Міндеттемелердің орындалуын бақылау үшін келісіммен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сарапшылары жыл сайынғы инспекциялық тексерулер жүргізеді.

Claas компаниясы Қазақстан нарығына шамамен 30 жыл бойы қатысып келеді және осы уақыт ішінде ел диқандарымен ынты­мақтастықтың ауқымы мен форматын дәйекті түрде кеңейткен. Ендігі кезекте осы инвестициялық келісім-шарт дамудың маңызды кезеңін құрап, ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктер Claas брендінің агроөнеркәсіптік кешенді табысты дамытуға қосқан үлесін салмақты ете түспек. Әлемдегі танымал ауылшаруашылық техникаларын өндірушілердің бірі болып саналатын компания өздігінен жүретін жемшөп жинаушы комбайндар өндірісінде көшбасшылықты сақтап келеді. Компания ассортиментіне ауыл шаруашылығы саласындағы ең заманауи ақпараттық технологиялар кіреді.

Бірнеше жыл бойы осы жобаны жүзеге асыруға көмек көрсетіп келе жатқан Kazakh Invest өкілдері әлемдік деңгейде танылған компанияның Қазақ­станда жобаны жүзеге асыра бастағанын ерекше бағалауда. «Қазақстандық нарыққа осындай ірі қауымдастық енгеннен кейін, басқа да германиялық компаниялар елімізде инвестициялық жобаларды іске асыру туралы оң шешім қабылдай алады деп есептейміз», – дейді Kazakh Invest жобалық менеджері Айнұр Жұманбаева.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Аграрлық техника саны артады · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар