Алма бақ қайта жайқалады

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы – өзінің жағырапиялық орналасуы жағынан бау-бақша мен бақ өсіруге қолайлы өңір. Осы жерден ағып өтетін Жайық, Көшім, Бағырлай өзендері, Орал-Көшім суару-суармалау жүйесі сияқты су көздері аталған бағытты дамытуға толық мүмкіндік береді. Алайда соңғы жылдардағы су тапшылығы саланың дамуына теріс әсерін тигізуде. Соған қарамастан ақжайықтық еңбеккерлер несібелерін жерден іздейді. Өйткені атам қазақ «Баптағанға – жер жомарт» деп тегін айтпаса керек.
ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА
Кеңестік кезеңде аудан аумағында 92 гектар жерде алма бағы өсірілді. Алайда қоғамдық формацияның ауысуы тұсындағы ауыл шаруашылығы саласын жекешелендіру барысында кеңестік шаруашылық құрылымдарының дүние-мүлкі жекеге берілді. Сонда бағы байланған алма бақтары иесіз қалды. Кейбірінің иелері бола тұрса да, бақ түгілі есік алдына гүл өсіріп көрмегендіктен, алма ағаштарға күтім жасай алмады. Жайқалған жасыл бақтар осылайша жойылып кетті. «Жақында ауданда алма бақтарының жұмысын жандандыру мақсатында Ақсуат ауылдық округіндегі жаңадан ашылған «Батыс Қазақстан «Бақтар әлемі» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен таныстым. Кооператив директоры Мұхтар Айтимов ауданымызға қарасты Ақбұлақ елді мекенінен жер телімін алып, 2025 жылға дейін шамамен 250 миллион теңге шамасында инвестиция салу арқылы 50 гектар алма бағын, питомник, жылыжайлар салуды және өнімді өңдеумен шұғылдануды қолға алмақ. Жоспары іске асып жатса, облыс көлемінде ірі алма бағы болады әрі тұрғындарды жергілікті, сапалы өніммен қамтуға өз үлесін қосады», – деді аудан әкімі Қалияр Айтмұханбетов.
Қазіргі таңда алма бақтың аумағы қоршалды. Көктемнің шуақты сәтін пайдаланған өндірістік кооператив 13 гектар жерге алма, алмұрт, өрік, алхоры, шие жеміс көшеттерімен қоса 2 гектер жерге жүзім, әртүрлі ағаш түрлерінен қорғау белдеуін отырғызды. Сонымен қатар бақты суару жүйесін жүргізу жұмыстарын қолға алды. Алма бақты салу жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылған.
Қазіргі таңда аудан бойынша 3 шаруа қожалығында («Атамұра», «Сәбит», «Мұнайконтакт») 18 гектар жерге алма бағы өсірілуде. Оған қоса биыл жеміс бағын өсіруге екі кәсіпкер («Амир» шаруа қожалығы – 20 гектар, «Нұғманов» жеке кәсіпкерлігі – 10 гектар) жер алып, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. «Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары, әсіресе Алмалы, Тайпақ ауылдық округінің шаруалары бау-бақша өнімдерімен өңіріміз бен Атырау облысын қамтуға үлестерін қосып жүр. Былтырғы жылы 51 шаруа қожалығы 448,4 гектар жерге қарбыз-қауын егіп, 6502,9 тонна өнім алды. Сонымен қатар аудан бойынша 65 отбасы 15,6 гектар жерге ұйымдасып картоп, көкөніс, бақша отырғызды. Соның басым бөлігі – Чапаев, Бударин ауылдары тұрғындарының еншісінде. Ұжымдық бақшада картоп, көкөніс және бақша дақылдарының бірнеше түрлері өсіріліп, күзде тәуір өнім алынды. Тұрғындар өздерін жергілікті жерде өсірілген, экологиялық тұрғыдан таза өніммен қамтамасыз етіп, артылғанын нарыққа шығарып сатып, кіріс тапты», – деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Қайырманов.
Биылғы жылы тағы да бірнеше ауылдық округтің тұрғындары бақша салуға ұйымдасып кірісуде. Аудан бойынша ұжымдық бақша егістігінің көлемін 2 гектарға ұлғайтып, 17 гектарға жеткізу, 1370 түп жергілікті ауа-райына бейімделген жеміс ағаштарын алдыртып, жеке тұрғындарға, мекеме, ұйымдарға отырғызуға беру жоспарланған. Жаңа егінге қажетті тұқым, тыңайтқыштар, жанар-жағармай мен құрал-саймандарын ерте бастан дайындап, көктемгі дала жұмыстарын тыңғылықты атқарған бағбандар мен диқаншы қауым бүгінде өнім шығымдылығын арттыру жолында тынымсыз еңбектенуде. Дегенмен аудандағы картоп, көкөніс, бақша егіп, бақтар салуға қолайлы әрі мүмкіндіктері мол Бударин, Қабыршақты, Жамбыл, Жаңабұлақ ауылдық округтерінің тұрғындары осы әлеуетті толық пайдалана алмай келеді.
Батыс Қазақстан облысы







