Нарық
5 мин оқу 526

Бензин қымбаттауының себебі неде?

17 маусым 2021
Бензин қымбаттауының себебі неде?

Жыл сайын көктемгі ауыл шаруашылығының қауырт науқаны қарсаңында жанармайдың да, жағармайдың да бағасы көтеріліп шыға келетініне үйренген көпшіліктің көңілі баяғыдай. Ал, енді бұған не себеп, бұл қымбатшылықтың әсері нендей болмақ? Соны саралап көрелік. 
 
Исатай ҚАМБАРОВ

Қазақстандық авто­жа­нармай құю станцияларында бензин 2021 жылдың наурыз айынан бастап біртіндеп қымбаттай бастады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында орта есеппен АИ-92 маркалы ең танымал отынның бағасы көктемгі науқан кезеңінде литріне 150 теңгеден 176 теңгеге дейін өсті, деп жазады Ranking.kz компаниялар тобының сапындағы finreview.info сайты (1-инфографика).
Сарапшылардың уәжінше, мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудан кейін 2018 жылы қазақстандық өндірушілер ұзақ уақыттан бергі арманымызды іске асырып, жағармай оты­нына ішкі сұранысты толы­ғымен жаба алған. Соның нәти­жесінде енді мұнай өңдеу за­уыт­тары нарық қажеттілігінен тіпті 24%-ға артық бензин шығаруға қабілетті, ал жақын арадағы отын тапшылығы 2032 жылдан ерте туындамайды, дейді олар. Әрине, бұл – елі­міздің мұнай-газ секторы үшін маңызды оқиға, өйткені қым­бат бензиннің импорты 32 есе төмендеген. 
Тиісінше, Қазақстан ішкі нарықта отын құнын дербес қалыптастырып, елді арзан бензинмен қамтамасыз ете алады. Алайда, іс жүзінде бәрі де оңай болмай шықты. Бұған, әрине, әлемдік деңгейдегі сыртқы факторлардың ықпал еткені даусыз. Атап айтқанда, тек соңғы үш жылдың өзінде ғана мұнай бағасы қайта-қайта құбыла отырып, айтарлықтай өзгерсе, жанармай құны бірте-бірте өзгеріске ұшырады, тіпті 2017 жылдың қазан айында күрт қымбаттап та кетті.

Мәселе мәнісі мынада: мұнай өндіруші компаниялар ішкі нарыққа сатуға шығарған мұнайдың үштен бірінен, кейде жартысына дейінгісін өзіндік құны бойынша, атап айтқанда бір баррелі үшін 25-30 АҚШ долларына бағалайды. Бензиннің бөлшек сауда құны зауыттан автожанармай құю станциясына дейін жеткізу бойынша барлық ілеспе шығыстарды – мұнай базасында сақтауды, операциялық шығыстарды, салықтарды, банктік қызмет көрсетуді, қосымша құн салығын, еңбекақыны, алыс-беріс маржасын және  т.б. ескере отырып – оның МӨЗ-дегі көтерме бағасы деңгейінде құралады. Бұл ретте баға белгілеудегі мұнайдың үлесі тек 11-14%-ды ғана құрайды, ал автожанармай құю станцияларының маржасы немесе таза пайдасы литріне небәрі 1-3 теңге ғана. Іс жүзінде кәсіпорындар ішкі нарықтың бензинге деген жоғары сұранысынан пайда көріп отыр. 
Енді жанармай қымбаттауының негізгі себептерін қарастырып көрсек: 
Біріншіден, қазір елімізде бен­зиннің сауда биржасында сатыла бастауы құптарлық  жайт, бұл осынау маңызды отын нарығын үйлестіріп отыруға мүмкіндік бермек. 
ETS тауар биржасындағы сауданы іске қосу орталықтандырылған сауда инфрақұрылымын дамыту және отын-энергетика секторының нарықтық экономикаға көшуі аясында жүзеге асырылып отыр. Бастапқы кезеңде елімізде өндірілген бензиннің 10%-ға жуығы биржа арқылы өткізілетін болады. Кейін келе оның ауқымы 15-20%-ға дейін арттырылмақ. 
Биржадағы алғашқы сессиядан бастап-ақ нарыққа қатысушылар тарапынан мұндай сауданың аса жоғары қажеттілігі паш етілді. Бастапқы жеті сессияда АИ-92 және АИ-95 маркалы бензиннің 19 мың тоннасы сатылған. Бұл отын бойынша жалпы айналым 4 миллиард теңгеден асып түскен. 
Осылайша бензинге алғашқы баға индикаторлары қалыптасты. Сауда аптасының қорытындысында маңызды отынның бастапқы құны тоннасына 169 мың теңгеден 39%-ға, яғни 234,9 мың теңгеге дейін өскен. Ал оның бір литрі 125-тен 174 теңгеге дейін көтерілген. 12 сәуірде өткен соңғы сауда сессиясында АИ-92 маркалы бензин құнының бір литрі 155-тен 174 теңгеге дейінгі бағаны құраған. 
Тиісінше, автожанармай құю стан­циясындағы бөлшек сауда бағасы да өскен. 
Екіншіден, жылдан-жылға жал­ғасып келе жатқан жайсыз жағдай – мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстары бензин тапшылығы қаупін туғызады. 
Атырау МӨЗ-дегі жөндеу шаралары электр энергиясын жет­кізуде іркіліс туындауынан басталып, ақыр аяғында бұл кейбір технологиялық қондырғылардың апаттық жағдайда тоқтап қалуына ұрындырған. Өндірістік жұмыстар­дың жоспардан тыс тежелуі, Батыс Қазақстан облысында отын қор­лары­ның жетіспеушілігіне әкеп соғып, туындаған әбігерлік бензин тапшылығын күшейткен және осы өңірде бөлшек сауда бағаларының өсуіне душар еткен. 
Ішкі нарықты отынмен қамтама­сыз ету үшін Павлодар және Шымкент зауыттарындағы жоспарлы күрделі жөндеулер кейінірек мерзімге ауыстырылды. Сөйтіп, мұндай жұмыстар биылғы жылы жүргізілетін болады деп шешілген, бұл қорлардың неғұрлым ауқымды жетіспеушілігіне де қауіп төндіріп отыр. 
Үшіншіден, бензинге баға сұра­ныс/ұсыныс қатынасына сәйкес қа­лып­тасады. 
Отын бағасы 2015 жылға дейін мемлекет тарапынан реттеліп келді. Бастапқыда әкімшілік бақылау шаралары отынды еркін бағалармен босату арқылы қадағаланды, бірақ 2011 жылдан бастап олар жоғары шегімен, яғни бензиннің максималды құнымен реттелді. Мұндай шаралар өткен онжылдықта күшін жойып, нарықтың – ішінара мемлекет бақылауында болса да – еркін өрбуіне жол берілді. 
Өз кезегінде, нарықтың ерікті өрістеуі, бәрібір түптеп келгенде, оны сұраныс пен ұсыныстың ай­қын­дайтынын аңғартады. Қазір мемлекет бұл процеске араласпайды және қосымша қаржы құймайды да. 
Төртіншіден, 2025 жылдан бастап ЕАЭО аясында мұнай және мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығы жұмыс істей бастайды. 
Мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын құру ЕАЭО-ға мүше елдер үшін энергия ресурстарының қолжетімділігін арттыруға және отандық өндірушілер үшін өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде аймақтағы бензиннің құны теңестіріледі. Алайда, бұл Қазақстан үшін бағалар арта түсетінін аңғартады, ЕАЭО елдері арасында біздің елімізде ең төменгі бағалар белгіленген. Соның ішінде Ресейде АИ-92 маркасы литрінің бағасы 250 теңге төңірегінде екен. Тиісінше, біздегі бензиннің бағасы 50%-ға өсіп кетуі әбден мүмкін. 
Қорыта келе айтар болсақ, бензин қымбаттауының негізгі төрт себебі осылайша өрбиді деп болжайды сарапшылар. Сондықтан да бағаларды тежеп, мұнай-газ саласын одан әрі дамыту үшін Қазақстанға қандай нақты қадамдар жасау қажеттігі өткір мәселе болып қала береді. Осы ретте мұнайды өңдеуге инвестициялар тарту осындай құралдардың бірі болмақ. 
Мұнай өңдеуге салынған инвестициялар бензиннің өзіндік құнын төмендетуге ықпал етеді. 
Бензин әлеуметтік маңызға ие өнім болып табылады, ал оның бағасы басқа тауарлардың бағаларын белгілеуге тигізер әсері мол. Яғни бағалардың өсуі халықтың тұтынушылық мүмкін­­діктерін төмендетеді, ал бұл эконо­микаға жайсыз әсер етеді. 
Сондықтан мұнай-газ саласын дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызды мәселе. Әйтсе де, өнеркә­сіптік өндірісті дамыту үшін ақшалай қаржы салымдары қажет. 2021 жылғы сәуірдің аяғындағы жағдайға сәйкес, өндірістік қуатты арттыруға бағыт­талған айналым қаржыларының 40%-ы банктік және банктік емес секторлардың қарыздарынан тұрады екен. Ал кәсіпорындардың осыншама несиелер ауыртпалықтарына жүктелуі – нарықты кез-келген оқшау және сыртқы факторларға қауқарсыз қалдырады да – бензиннің өзіндік құнында көрініс табады. 
Жағдайды жұмсарту мақсатында Қазақстанға автомобиль отынының өзіндік құнына кредиттік салмақтың әсерін азайтуға күш салу қажет. Мұндай нәтижеге инвестициялық қаржылар тарту есебінен қол жеткізуге болады, олар отандық мұнай өңдеу зауыттарына капиталын арттыруға ғана емес, отынды сыртқы нарыққа шығарып өткізу жағрафиясын кеңейту арқасында өндіріс көлемін ұлғайтуға да мүмкіндік берер еді. Оның үстіне, бензиннің өзіндік құны елімізде осы уақытқа дейін әлемдегі ең төменгілердің бірі болып қалып отыр, бұл оның экспорты инвесторлар үшін айтарлықтай табыс көзі болып есептелетінін де аңғартады (2-инфографика).

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Бензин қымбаттауының себебі неде? · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар