Нұрлы Жол
2 мин оқу 436

Заманауи логистика: Ірі жүк терминалы ашылды

17 маусым 2021
Заманауи логистика: Ірі жүк терминалы  ашылды

Қытаймен шекарада жаңа жүк терминалы іске қосылды. Маңызды нысан Қытай – Еуропа бағыты бойынша транзиттік жүктерді өңдеу көлемін едәуір арттырады. Өткен демалыс күндері терминал арқылы осы бағыттағы алғашқы 10 контейнерлік пойыз өтті.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Терминал жүктер мен кон­тейнерлерді кең жолтабанға ауыстырып тиеуге, жүктерді көлік түрлері бойынша шоғырландыруға арналған. Нысанның құрылысын «Dostyk TransTerminal» серік­тестігі жүргізді. PTC Cargo ком­паниясының басқаруындағы жаңа жүк тиеу терминалы Достық станциясынан батысқа қарай 6 км жерде, «Достық – Алашанькоу» шекаралық өту пунктіне тікелей жақын жерде 150 гектар алаңда орналасқан. Онда жүктер мен контейнерлерді ауыстырып тиеу, сондай-ақ Қазақстан – Қытай шекарасы арқылы жүретін маршруттық контейнерлік пойыздарды өңдеу, сақтау, жөндеу, қалыптастыру, сондай-ақ жүк­терді көлік түрлері бойынша шоғырландыру, қойма және терминал операцияларын орындау жүзеге асырылады. Жуық арада Достық – Мәскеу аралығында жаңа контейнерлік тасымал ба­ғыттары жоспарлануда. 
PTC Cargo – PTC Holding ен­шілес компаниясы, жүк тиеу терминалының басқарушы компаниясы болып табылады. Компания меншігінде 600 фитингтік платформа бар. Қытай – Еуропа бағытында тәулік сайын 5-6 халықаралық контейнерлік пойыз қайта тиелуде. Қазіргі уақытта контейнер алаңының аумағында сыйымдылығы 60 шартты вагоннан тұратын екі түрлі жол, жүк көтергіштігі 46 тонна «Konecranes» маркалы 2 ричстакер пайдалануға толық дайын. Ал осы жылдың қазан айында үшінші ричстакерді іске қосу жоспарланған. Терми­налды іске қосу PTC Holding компаниялар тобы жүзеге асыратын көпфункционалды бизнес-аймақты (өнеркәсіптік аймақпен, Құрғақ порт аймағымен және ауыстырып тиеу терминалымен) дамыту бойынша жобаның бірінші кезегі болып саналады.
– Біз жүк жөнелтушілер тарапынан үлкен сұранысты көріп отырмыз. Пандемияға қарамас­тан, өткен жылы контейнерлік тасымалдар тұрақты өсуді көрсет­ті, әмбебап жүк вагондарында біршама төмендеу болған-ды. Мысалы, Қытай – Еуропа бағыты бойынша 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда контейнерлік тасымалдардың 60%-дан астам өсуі байқалды, 2021 жылдың басынан бері бұл тренд жалғасуда – Еуропа мен Орталық Азия бағыттарына сұраныстың өсуі байқалады. Бұл көптеген клиент­­тердің басқа бағыттардан, мысалы, теңіз бағыттарынан контей­нерлік тасымалдарға қайта бағдар­ланғанын білдіреді», – деп хабарлады PTC Cargo басқарушы терминал компаниясының бас директоры Шыңғыс Төлеушин. 
Терминалдың өндірістік қуаты төрт кезектен тұрады: бірінші кезек – 160 000 TEU; екінші кезек – 160 000 TEU; үшінші кезек – 300 000 TEU; төртінші кезек екінші кезекті жаңғыртуды және 80 000 TEU-ға қосымша қуатты көздей­ді. Компания қазіргі уақытта жо­баның екінші кезегін іске асыруға кіріскен. Терминалдың соңғы өткізу қабілеті 700 мың TEU құрайды, бұл Қытай – Еуропа транзитінің қазақстандық учаскесіндегі Достық станциясы арқылы маршруттың өткізу қабілеті мен бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырады.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Заманауи логистика: Ірі жүк терминалы ашылды · Мұрағат