Нарық жаңалықтары

НАРЫҚ
құрылыс материалдары
қымбаттады
Жыл басынан бері жергілікті құрылыс материалдары 16%-ға қымбаттады.
Бұл туралы кезекті Үкімет отырысында бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин айтты. «Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2021 жылғы қаңтар-мамыр айларында бастапқы тұрғын үй бағасының өсуі 8%-ды құрады. Екінші қайталама тұрғын үй бағасының өсуі – 13%. Отандық құрылыс материалдарының бағасына келсек, биылғы қаңтар-сәуірде өсім 16% болған», – деді ол.
Тұрғын үйдің бір шаршы метрінің өзіндік құнының 49%-ы құрылыс материалдары бағасынан құралады. Оның ішінде негізгілері кірпіш, темірбетон бұйымдары мен металл конструкциялары болып табылады. «Жыл басынан бері бетон бағасы 12%, цемент – 5%, (ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 100%), полиэтиленді құбырлар – 10% (ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі – 86%), силикатты кірпішке – 6%, ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 50%-дың өзінде арматура, шыны сияқты импортқа тәуелді материалдар бағасының ең көп өсуі байқалады», – дейді С.Жұманғарин.
Құрылыс материалдары нарығының қатысушылары қымбаттаудың негізгі себептері қатарында магистралдық темір жол желісі қызметі мен электр энергиясының, жанар-жағармай материалдары бағасының көтерілуін атап көрсеткен.
МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ
Конкурстық комиссиялар
жұмысы – қоғам
бақылауында
Қоғамдық кеңестердің мүшелері биылғы жылдың басында тиісті заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық комиссияларға алғаш рет қатысуда.
Мемлекет басшысы «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға енгізген түзетулер қоғамдық кеңестердің мүшелерін сатып алу комиссияларының жұмысына тартуды көздейді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық кеңестер қызметі саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган ретіндегі мониторингі қоғам белсенділерінің ұйымдастыру және өткізу қағидаларының ережелерін ескере отырып, қоғамдық бақылау нысандарына кіріскенін көрсетеді. Мысалы, Қаржы мониторингі агенттігінің Қоғамдық кеңесінің мүшелері 5 конкурстық комиссияның жұмысына қатысты, ал отын-энергетика кешені мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшелері Энергетика министрлігінің 14 мемлекеттік сатып алуын жүзеге асыруға қатысты. Сондай-ақ бүгінде агроөнеркәсіптік кешен, ішкі істер органдарының қызметі, мемлекеттік қаржы мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестердің мүшелері Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер және Қаржы министрліктерінің Мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық комиссияларының құрамына енді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жұмыс еліміздің өңірлерінде де жүргізілуде. Мәселен, мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін қоғамдық кеңестердің мүшелері Жамбыл және Алматы облыстарының конкурстық комиссияларының құрамына кірді. Сонымен қатар қоғамдық кеңестер квазимемлекеттік сектор субъектілерін қоспағанда, мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларының іске асырылу мониторингінің нәтижелері туралы есептерді талқылауды тәжірибеге енгізді.
ӨҢІРЛІК ДАМУ
70 жылдан кейін
ауыз су жеткен ауыл
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Жамбыл облысындағы Шоқай ауылына таза ауыз су жетті.
Жамбыл ауданының аталған ауылында былтыр наурызда басталған су құбыры желісінің құрылыс жұмыстары биыл жазда аяқталды. Таяуда ауданға жұмыс сапары барысында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев 800 тұрғыны бар Шоқай ауылына тартылған осы таза ауыз су желісінің құрылысымен танысты. 15 шақырымды құрайтын құбыр арқылы 160 аулаға су жіберу тетіктері орнатылған. 70 жылдан бері құдықтан су ішіп келген ауыл тұрғындары үшін бұл, әрине, тамаша тарту болғаны сөзсіз. «Соңғы кездері ауыз судың құрамы да өзгере бастаған еді. Мінекей, бүгін тұрғындардың талай жылғы арманының орындалғанын көріп отырмыз. Ауылдың жағдайы жыл санап жақсарып келеді. Биыл ауылда клуб салынып, «Жомарт түлек» жобасы аясында арка орнатылды. Енді оқу ордасының құрылысы басталмақ», – дейді ауыл тұрғыны Исмайл Қожамұратов.
Қазіргі күні Жамбыл аудандағы 42 елді мекеннің 30-ы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында былтыр Жасөркен, Қызылқайнар, Ақбұлым, Бәйтерек, Қаратау ауылдарына ауыз су құбыры тартылған. Биыл елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту үлесін 71,4 пайызға жеткізу көзделген.
Рымтай САҒЫНБЕКОВА







