Италиялық іскерлер ынтымақтастыққа мүдделі

Таяуда еліміз экономикасының өзекті саласы – ауыл шаруашылығын өркендетудегі маңызды мәселелерді қозғаған шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қазақстандық-италиялық ресми өкілдер мен іскер құрылымдар басшылары қатысуымен өткен бұл бизнес-форум аясында агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі кеңінен талқыланғанын хабарлайды world-nan.kz вэб-сайты.
Исатай ҚАМБАРОВ
Форум жұмысының басында сөз алған ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Манатаев біздің елімізде агроөнеркәсіп кешені (АӨК) саласындағы бизнес жүргізудің артықшылықтары туралы әңгімеледі. «Бізде инвестициялық салымдардың 25 пайызына дейін орнына келтіруді көздеген инвестициялық шығындарды субсидиялау бағдарламасы жұмыс жасайды. Сондай-ақ нақ осы АӨК саласын жеңілдіктермен несиелеу және айналымдық қаржыларды толықтыру тәрізді қолдау көрсетіледі», – деп атап өтті АШМ өкілі.
Оның айтуынша, елімізде өнімділікті арттыруға бағытталған субсидиялау да қарастырылған. Солардың ішінде тыңайтқыштарға, пестицидтерге, тұқымға, суаруға пайдаланылатын суға, сонымен қатар мал өнімділігін арттыруға да осындай мүмкіндіктер жасалмақ. «Атап айтылғандардың барлығына қосымша мемлекет тарапынан инвестициялық артықшылықтардың кешенді жүйесі енгізілді. Басқаша айтқанда, бұл – табыс, жер салықтарынан 10 жылға дейін және мүлікке салықтан 8 жылға дейін босату», – деп вице-министр одан әрі жалғастырды өз сөзін.
Бұдан өзге вице-министріміз Қазақстандағы импортқа алып жүрген өнімдердің орнын толтыруға бағытталған неғұрлым келешегі зор салаларға да тоқталды.
«KAZAKH INVEST» компаниясының өкілі Жандос Темірғали өз кезегінде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне жан-жақты шолуды ұсынды. «Біздің еліміз өте бай табиғи ресурстарымен танымал. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы өндіріс шығындарының төмендігі, жер ресурстарының молдығы арқасында Қазақстан мұндағы өндірістік алаңдарды оқшаулауда таптырмас өңірге айналып отыр. Осының бәріне қоса айтарымыз: Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың, батыс Қытайдың, Орталық Азияның, Ресей мен Каспий маңы елдерінің нарықтарына тікелей қолжетімді мемлекет болып табылады», – деді қазақстандық беделді компанияның өкілі.
Шетелдік инвесторлардың бірі – Джузеппе Калкани де Жандос Темірғали мәлімдеген Қазақстанда бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасалғаны туралы сөздермен келісетінін айтты. Бұл бизнесмен, міне, 5 жылдан бері, біздің елімізде кептірілген жемістер шығарумен айналысуда. Калкани жетекшілік ететін 100 жылдық тарихы бар компания кептірілген жемістер мен жаңғақтар өндірісі бойынша халықаралық көшбасшы болып танылған. Өзінің өнімдерін бұл кәсіпорын кондитерлік цехтарға жеткізіп береді екен.
Қазақстанда жемістерді өсіретін бақтары үшін бизнесмен 200 гектар жер алған. Мұндағы алқаптарда байыпты жұмыс жүргізу үшін халықаралық стандарттарға сай инновациялық жабдықтар жеткізілген, ал бақтарда жемістердің түсімі жоғары сұрыптары өсіріледі екен.
Бұл бизнесменнің айтуынша, Қазақстанның жемістік және жаңғақтық ағаштар өсіруге әлеует-қуаты аса жоғары. «Сіздің елде 5000 гектардай жерді баққа айналдыруға мүмкіндік жеткілікті. Мұндай алқап 15 000 тоннадай жемістер мен жаңғақтарды өсіріп бере алады. Олар ішкі тұтыну қажетіне де жетіп артылады, ал белгілі бөлігін экспортқа да шығара алар едіңіздер. Табысты молайтуға және экспортты жолға қоюға қыруар мүмкіндіктер бар», – деп сендіреді Калкани мырза.
Өз сөзінде спикер инвесторлардың баршасы үшін аса өткір – шетелдік компаниялар тарапынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алу мәселесін қозғады. Еліміз қонағының айтуынша, жерді жалға беруге тыйым салынғанда, ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жерлермен тікелей байланыстағы салада бизнес жүргізу өте ауыр. Жағдайдың бұлай өрбуі әжептәуір тәуекел туындауын жоққа шығара алмайды және нарыққа ықтимал инвесторлар келуіне кедергі жасауы да мүмкін.
Оның бұл сауалына ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Манатаев былай деп жауап берді: «Шын мәнінде бұл – көкейкесті мәселе. Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдік компаниялар алуға және оларға жалға беруге мораторий 5 жылға ұзартылды. Алайда, елімізде өндіріс және өнімді қайта өңдеу саласында бизнес жүргізу үшін пайдаланылуы мүмкін еркін экономикалық аймақтарда бірлескен бизнес ұйымдастыруға тыйым салынбайды. Сондықтан да біз осы бағытта кез-келген істі дамыту жайын талқылауға дайынбыз».
Сондай-ақ инвесторлар атынан тағы бір Қазақстанда өз бизнесін табысты жүргізуші, SDF компаниялар тобының атқарушы директоры Александр Маритано сөйледі.
1927 жылы құрылған SDF – бүгінгі күні ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын әлемдік көшбасшылардың бірі. Маритано мырзаның айтуынша, компанияның жылдық тауарайналымы 2,1 миллиард евро құрайды. SDF астық жинайтын комбайндар, түрлі үлгідегі тракторлар шығарады, 155 импорттаушы ұйымы және бүкіл әлем бойынша 3000 филиалы бар.
Италиялық іскер өз сөзінде атап көрсеткеніндей, еліміз Үкіметінің қолдауы арқасында компания Қазақстан нарығында жемісті жұмыс атқаруға мүмкіндік алып отыр. «Біз Қостанайда «АгромашХолдинг KZ» компаниясымен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Жергілікті аграрийлер үшін олардың өз Отанында техниканы құрастыруға көмек көрсетеміз. Фермерлер еңбегінің өнімділігін арттырғымыз келеді, соның салдарынан біздің табысымыз да артпақ. Мақсатымыз – біріккен кәсіпорынды Қазақстан машина жасау саласындағы драйверге айналдыру», – деп атап көрсетті шетелдік инвестор.
Бүгінгі күнге, шетелдік спикердің хабарлауынша, өндіріс алаңы ұлғайтылып, 26 мың шаршы метрді құраған. Даму келешегіне қатысты Александр Маритано өз елі – Италияның Қазақстанды біздің көршілес елдермен жұмыс істеу және бірлескен ынтымақтастық мақсатындағы хаб мемлекет тұрғысында қарастыратынын айтты.
Форумның соңына қарай, қонақтар шараны ұйымдастырушылар мен еліміз Үкіметіне бизнес үшін қолайлы ахуал жасағанына ризашылықтарын білдіріп, Қазақстан экономикасын нығайтуда бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендеріне сендірді.
Айта кету керек, Италия компаниялары 1992 жылдан бері Қазақстанға 9 миллиард АҚШ долларындай инвестия құйған екен. Бүгінде елімізде 270-тен астам кәсіпорын италиялық капиталмен табысты жұмыс жасауда.







