Шолушы бағаны
4 мин оқу 330

Агрокешен Еуразодақта қара үзді...

17 маусым 2021
Агрокешен Еуразодақта қара үзді...

Бір жағынан сынаптай бұзылған ауа райы аяқтан шалып, бір жағынан індет діңкелеткен аграршылар үшін былтырғы жыл күрделі болса да дағдарысқа қарсы шаралар мен мемлекет қолдауы арқасында үдеден шығып, Еуразодақ елдері арасында ең жоғары өсім көрсеткені жөніндегі хабарды ақпарат арналарынан көзіміз шалысымен, статистика деректеріне үңілдік. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 5,7 пайызға ұлғайып, 6,3 трлн теңгеге жеткен, сонымен қатар азық-түлік өндірісі 4 пайызға өскен. Есеп-қисап мамандарының пікірінше, мұның бір ұшы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар ағынының 15 пайызға, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестицияның 13,5 пайызға ұлғаюында жатса керек. Сол дерек көздері агрокешен саласында жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін британдық The Economist журналы өткізетін азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингі де айғақтап отырғанын тілге тиек етеді. Оған сәйкес Қазақстан 2020 жылдың қорытындысы бойынша 16 позицияға көтеріліп, әлемнің 113 елінің арасында 32-ші орынға ие болған. 
Десек те, цифрды сөйлетіп, мәліметтен мұнара тұрғызғанымызбен, ауыл шаруашылығы экономи­касының жыл ішіндегі шынайы қорытын­дыларын қаймана жұрт сұлу сипатты статистикадан емес, базар­дың парқы мен нарқынан, айлығы мен шайлығына тәуелді күнкөріс себетінен іздейтіні рас. Жоғарыда бұл салаға құйылып жатқан қаржының молдығын айттық, оның қайтарымы қандай деген көпшілік сауалына жауапты атқа мініп жүрген басшы-қосшылардың еншісіне қалдырып, жыл қорытындыларына жүгінейік. Сонымен, былтыр агроөнеркәсіптік кешен (АӨК)  инвестицияларының жалпы көлемі жоспардағыдан 154,2 млрд теңгеге асып, 677,2 млрд теңгені құраған. Мұның өзі аграрлық саясаттың басымдықтарын ұстану арқасында пандемия жағдайындағы отандық АӨК-тің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. 2020 жылы дағдарысқа қарсы шараларды есептегенде, мемлекеттік қолдау көлемі 366 млрд теңгеге дейін жеткен. Бұл 2019 жылдың деңгейінен 13 пайызға артық. АӨК өндірісінің өсім көлемі қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының ұлғаюымен нақтыланған. Ол 2019 жылмен салыстырғанда 22 пайызға өсіп, 1,3 млрд АҚШ долларын құраған. Қолдау тетіктері жеңілдетіліп, толық автоматтандырылған. Бұл субсидия беру үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Сондай-ақ субсидиялауға қойылатын талаптар өзгертіліп, шағын және орта фермерлерді мемлекеттік қолдаумен қамту көлемі де ұлғайтылған. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидиялар бірыңғай ережелерге біріктіріліп, өсімдіктерді қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілген. Енді гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлері субсидияланбақ. Басты жаңалықтардың бірі – субсидияларды белгілі бір уақытта ғана емес, тұқым, тыңайтқыш, пестицидтерді сатып алынған күннен бастап бір жылдың ішінде алу мүмкіндігі жасалған. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, АӨК-ті Аграрлық несие корпорациясы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және ҚазАгроҚаржы арқылы қаржыландыру көлемі өсіп, 446 млрд теңгені құраған. Осының есебінен 57 ірі жоба іске қосылған. Сондай-ақ ауылдық жерлерде 15 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Фермерлердің кепілдікке қоятын мүліктерінің жетпеу проблемасын шешу үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы екінші деңгейлі банк несиелерін кепілдендірудің жаңа механизмі енгізілген. Бұл тетік АӨК субъектілерінің банкке қажетті соманың небәрі 15-тен 50 пайызына дейін ғана кепілге қоюларына мүмкіндік берген. Қалғанын мемлекет кепілдендірген.
Ақпарат көздерінің дерегіне сәйкес, былтыр агроөнеркәсіп кешеніне ерікті сақтандыру жүйесі енгізілді. Бұл жүйе сақтандыру сыйақыларының 50 пайызын субсидиялау арқылы мемлекеттік қолдау болып табылады. Ірі қара малды сақтандыру өнімі алғаш рет іске қосылды. Тәуекелдер қатарына инфекциялық және аса қауіпті аурулар, өрт, үшінші тұлғалардың қасақана әрекеттері, қауіпті табиғи немесе стихиялық құбылыстар, жазатайым оқиғалар – жарылыс, най­зағайдың түсуі, тұншығу, жыртқыш аңның шабуылы және басқалар кіреді. Сонымен, өткен жылғы көктемгі егін егу және күзгі егін жинау жұмыстарының қорытындысы бойынша астық егетін алты өңірде фермерлер 115 мың гектар дәнді және майлы дақыл егіс алқаптарын сақтандырды. Сақтандыру жағдайларының нәтижесінде 518,2 млн теңге төленді. 2020 жылғы төтенше жағдайда егін егу науқаны сала үшін бұрын-соңды болмаған, мүлдем жаңа жағдайда өтті. Үкімет фермерлердің кедергісіз жүріп-тұруын, жанар-жағар майдың, қосалқы бөлшектердің, тұқым, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарының жеткізілуін қамтамасыз ететін арнайы жұмыс алгоритмін құрды. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлінді және фермерлерге көмек ретінде 24,5 млрд теңгеге дәнді және майлы дақылдарды кепілді форвардтық сатып алу тетігі іске қосылды. Қабылданған шаралардың арқасында көктемгі егін егу және күзгі егін жинау жұмыстары сапалы әрі оңтайлы уақытта жүргізілді. Сонымен қатар егін жинау жұмыстары 2019 жылға қарағанда бір ай бұрын аяқталды. Нәтижесінде 20 млн тоннадан астам дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды. 1-3-сыныпқа жататын жоғары сапалы бидай үлесі 80 пайызға дейін ұлғайды, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 50 пайыз болған еді. Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде жоғары өнімді дақылдар өндірісі артты. Мәселен, көкөніс 4,9 пайызға, бақша 1,8 пайызға және картоп 2,4 пайызға өсті. Келтіріліп отырған деректерді дәйектеу мақсатында ақиқат айнасына салып, сала басшыларына сауал жолдамақпыз, құрметті оқырман.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Агрокешен Еуразодақта қара үзді... · Мұрағат