Нарық жаңалықтары

ҚАРЖЫ НАРЫҒЫ
Несие алу талаптары қандай?
Онлайн несие берудегі алаяқтық әрекеттердің көбеюіне алаңдаушылық білдірген бір топ Мәжіліс депутаты қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға сауал жолдаған еді.
Осыған орай қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова микроқаржы ұйымдарынан несие алудың талаптарын түсіндірді. «Агенттік 2021 жылдан бастап микрокредиттер алуда алаяқтықты болдырмау мақсатында тиісті қадағалау шараларын қабылдады. 2021 жылғы ақпанда Агенттік микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) қатысты биометриялық идентификаттаусыз немесе электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен идентификаттаусыз электрондық тәсілмен микрокредиттер беруді тоқтатуға ұйғарым жасады. Бұған қосымша зардап шеккен азаматтарды қорғау үшін МҚҰ алаяқтық тәсілмен алынған микрокредиттер бойынша сыйақы және айыпақы есептеуді тоқтатты, сондай-ақ кредиттік бюроға кредиттік тарихтарды түзету туралы ақпарат жіберілді», – делінген агенттіік төрағасының депутаттар сауалына берген жауабында .
Оның айтуынша, 2021 жылғы наурызда агенттік онлайн несие беретін барлық МҚҰ-ны клиентті нақты тексеруді және оны растауды, оның деректерін өтінімде берілген деректермен салыстырып тексеруді, клиенттің нақты биометриялық деректерінің жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген деректерге сәйкес болуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ клиенттің микрокредит алуға өз еркін білдіруін тіркеуге міндеттеді.
Микрокредиттерге қатысты алаяқтыққа жол бермеу үшін жүйелік деңгейде агенттік басқармасының 30 сәуірдегі №63 қаулысымен онлайн микрокредиттер беру кезінде қарыз алушыларды идентификаттаудың жаңа тәртібі енгізілді.
Микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа заңсыз қол жеткізу, оны заңсыз өзгерту, үшінші тұлғалар тарапынан заңсыз іс-әрекеттерді жүзеге асыру анықталған жағдайда, МҚҰ екі жұмыс күні ішінде осындай іс-әрекеттердің себептері мен салдарларын жою үшін шаралар қабылдауға міндетті.
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
Мәскеу биржасында
шығарылмақ
«Сбербанк» ЖАҚ және Қазақстанның BI Group құрылыс холдингі Петербор халықаралық экономикалық форумы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Герман Греф пен Айдын Рахымбаев тиімді серіктестікті дамытуға және Қазақстан мен Ресей аумағында бірлескен жобаларды іске асыруға келісті. Тараптар перспективалық бағыттар ретінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидаты бойынша білім беру және денсаулық сақтау нысандарын қаржыландыру мүмкіндігін қарастырды, сондай-ақ биылғы күзде BI Group-тың MoEx-ке (Moscow Exchange) шығу жоспарын талқылады, деп хабарлайды «Сбербанк» АҚ ЕҰ баспсөз қызметі.
Осылайша, BI Group Мәскеу биржасында бағалы қағаздар шығаратын алғашқы қазақстандық коммерциялық эмитент болады. Бұрын құрылыс салушының еншілес кәсіпорны облигацияларды AIX-ке сәтті орналастыруды жүргізді, бұл инвесторлар тарапынан сұраныстың ұсыныстан едәуір асып кетуіне себеп болды.
Сбербанк президенті, басқарма төрағасы Герман Греф BI Group және Қазақстандағы Сбердің еншілес банкі ауқымды әлеуметтік жобаларды іске асыруда табысты, өзара тиімді ынтымақтастықтың мол тәжірибесіне ие екенін айтты. «Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда МЖӘ үлгісі бойынша төрт инновациялық мектептің құрылысы жүріп жатыр, олардың техникалық жабдықталуы халықаралық стандарттардан кем түспейді, ал оқу барысы қазақстандық білім беру моделі мен батыстың озық білім беру жүйелері негізінде ұйымдастырылады. Бүгін қол қойылған келісім BI Group-пен серіктестік қарым-қатынастарымыз бен жобаларымыздың дамуындағы жаңа кезең болады деп сенемін», – деді ол.
«Сбербанк» АҚ ЕҰ басқарма төрағасы Елдар Теңізбаев Сбербанк пен BI Group-тің жемісті ынтымақтастығының 8 жылы ішінде өте көп бірлескен жоба іске асырылғанын, бұлардың қызмет ету саласы тұрғын үй және инфрақұрылым салумен шектелмегенін атап өтіп, ең ауқымды бірлескен жобалар әлі алда екеніне сенім білдірді.
Өз кезегінде BI Group холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев: «Біз үшін Сбер Қазақстандағы негізгі банк болып табылады және біздің ынтымақтастығымыз жай ғана рәсімділік емес, білім беру жүйесінің деңгейін жақсартуға бағытталған ортақ мақсаттары бар түрлі салалардағы екі серіктестің синергиясы. Сапалы адами капиталды өсіру – бұл ел болашағына ең жақсы инвестиция. Біздің жаңа форматтағы мектеп жобамыз балаларды озық стандарттар бойынша оқытуға елеулі үлес қосатынына, елдегі оқушы орындарының тапшылығын қысқартуға ықпал ететініне сенімдімін. Білім беруді қолдау мәселесінде біздің мүдделеріміз ресейлік әріптестеріміздің мүдделерімен сәйкес келді. Жалпы, бізде Сбермен көптеген ұқсастықтар бар, оның ішінде корпоративті мәдениеттің негіздері, қызметкерлердің дамуы мен біліктілігін арттыру, цифрландыру бағыты», – деп атап өтті.
Тараптар бірлескен жобаларды іске асыру аясында халықаралық даму институттарымен екіжақты ынтымақтастықты және өзара әрекетті нығайтуға келісті.
Рымтай САҒЫНБЕКОВА







