Нарық жаңалықтары

ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ
Жаңа күкірт зауыты іске қосылды
«Теңізшевройл» компаниясы түйіршіктелген күкірт өндіретін жаңа зауытты іске қосты.
Теңіздегі жаңа кәсіпорын шамамен нысандарда өндірілетін барлық сұйық күкіртті өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде экологиялық қауіпсіздікті жақсартып, өндірістік тәуекелдерді азайтады. Қуаттылығы айына 40,000 тонна өнім өндіруге жеткілікті түйіршіктелген күкірт зауыты басқа құрылғылар істен шыққан кезде күкірт өндірудің қажетті деңгейін ұстап тұруға жағдай туғызады. «ТШО-ның күкіртті басқару жоспары аясында жергілікті компанияның мүмкіндіктерін дамыту мақсатында командамыз күкіртті өңдеу қуатын кеңейтетін жобаны жүзеге асырды», – деді «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайон.
Жергілікті компанияларды дамыту ТШО-ның стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан жобаны қазақстандық компания толығымен жүзеге асырғаны және жаңа нысанда барлық мамандар жергілікті кадрлар қатарынан болғаны қуантады.
Жаңа зауыттың іске қосылуы жергілікті тұрғындарға 60-тан аса жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Пандемияның қиыншылықтарына қарамастан ТШО мен «Caspian Group Construction» ЖШС бірігіп, екі жылдан аз уақыттың ішінде құрал-жабдықтарды орнату және іске қосу жұмыстарын сәтті аяқтады. «Зауыт портативті және оңай жиналатын GXM3 қондырғысымен жабдықталған. Өндіруші әлемдегі ең жақсы технологиялар мен ресурстарды қолданып, оларды Қазақстанға жеткізді», – дейді жаңа зауыттың менеджері Ғалиасқар Итишев.
«Теңізшевройл» түйіршіктелген күкіртті Қазақстан нарығымен қатар Африка, Еуропа, Қытай және басқа да елдерге экспорттайды.
АГРОКЕШЕН
Астық дәстүрлі
нарықтарға экспортталады
Астық өнімділігі былтырғыдай болуы мүмкін.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров осылай мәлім етті. «Астық өнімділігі қаншалық боларын айту әзірге ертерек деп ойлаймын, себебі көктемгі егіс науқанының аяқталғанына көп бола қойған жоқ. Бұл науқанды оңтайлы мерзімде аяқтағанымыз қуантарлық жағдай деп есептеймін. Бұдан кейін алқаптарда тиісті өңдеу жұмыстарын жүргізуіміз керек. Сондықтан астық өнімділігіне қатысты мәліметтерді шамамен 20 шілдеден кейін айта аламыз. Астық шығымдылығының қандай болмағы дақылдар мақсақтанатын сол кезде бағаланады», – деді Айдарбек Сапаров.
АШМ өкілінің айтуынша, жауын-шашын қалыпты деңгейде болса, астық өнімділігі былтырғыдан кем түспеуі мүмкін. Ал астық экспортына келер болсақ, жыл сайын сыртқы нарыққа 7-8 млн тонна бидай шығарып келеміз. «Сондықтан биылғы жылы да осы деңгейде боламыз деп ойлаймын. Бізде дәстүрлі бұрынғы нарықтар қалып отыр. Яғни астық экспорты Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Иран, Ауғанстан елдеріне бағытталатын болады», – деді бірінші вице-министр.
Өткен жылы күрделі ахуалға қарамастан еліміз бойынша 20,8 млн тонна көлемінде астық жиналған болатын. Астық сапасы 2019 жылға қарағанда әлдеқайда жоғары болды.
АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ
жұртты елең еткізген жаңалық
Шығыс Қазақстан облысының Шілікті ауылында аспан астындағы мұражай бой көтермек.
Altaynews.kz сайтының хабарлауынша, қазіргі уақытта Шілікті ауылына апаратын жол салынуда. Тасбастау ауылынан бастап Зайсанға қарай салынып жатқан тау ішіндегі жолдың ұзындығы 60 шақырымды құрайды.
Зайсан ауданының әкімі Серік Зинабекұлы атап өткендей, жол құрылысына облыс қазынасынан 1 миллиард 800 миллион теңге бөлінген. Биылғы жылдың соңына дейін 20 шақырымдық жол құрылысын аяқтап, жолдың қалған 40 шақырымын келесі жылы тапсыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, биыл Шілікті ауылына газ тарту жұмыстары басталады. Жұртты елең еткізген ең басты жаңалық – археологтар мен ауыл үлкендері талай жылдан бері күткен Шілікті қорымдарының ашық аспан астындағы мұражайы салынатындығы болды. Аудан басшылығының мәліметінше, облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен алдағы уақытта болатын баспасөз кездесуінде бұл мәселе кеңінен талқыланып, тапсырмалар берілетін болады. Шілікті мен Жалши ауылдарының арасына салынатын мұражай-қорықтың құрылысына облыс қазынасынан 400-450 миллион теңге бөлінбек.
Рымтай САҒЫНБЕКОВА







