Базалық мөлшерлеме бәз қалпында

Қаржы-кредит саласы дамыған кез келген елде несие нарығының орны алабөтен. Қазіргі таңда баспананы, көлікті несиеге рәсімдеу, университеттер мен колледждерде оқу ақысын жеңілдікті несиемен төлеу үйреншікті құбылысқа айналған. Ал, несиеге аламан асыр той жасау, ат шаптырып, көкпар тартып, балуан белдестіру әлемдік тәжірибеге енбесе де, қазақ ортасында соңғы кездері белең ала бастады. Біздегі несие кесімі жоғары. Сөйтсе де ислам банкингінің үлгісімен пайызсыз кредит беруге көшкен Еуропаның байырғы банктерінің үрдісі түптің түбінде Қазақстанға да жұғысты болуынан үміттіміз.
Тілге тиек етіп отырған несие нарығының ұрымтал ұғымдарының бірі – базалық мөлшерлеме. Үшбу базалық мөлшерлеме ақша-кредит саясатының негізгі құралы және операциялар бойынша сыйақы мөлшерлемелерін белгілеуге арналған бағдар болып табылады. Оның көлемі несие ресурстарына сұраным мен ұсынымға, ақша нарығының пайыздық мөлшерлемесіне, реттеуші-қадағалаушы ұйымдар айқындайтын пайыздық мөлшерлемеге байланысты. Базалық пайыздық мөлшерлеме әдетте банкінің ең төмен пайыздық мөлшерлемесі болып табылады. Енді «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» биылғы жылғы 2 қаңтардағы заңға сәйкес, «базалық мөлшерлеме» ұғымы заңнамалық тұрғыда бекітілгенін айта кетелік. Оған сәйкес заңнамадан «базалық мөлшерлеме» ұғымына ауыстырылған «қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесі» түсінігі алып тасталды. Жоғарыда аталған нормалар үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.
Жуырда жарияланған Ұлттық банк хабарламасында базалық мөлшерлемені жылдық 9 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылданғаны айтылған. Жыл басында осы тура деңгейде жария етілген мөлшерлеме көрсеткішінің бәз қалпында екенін атап өту керек. Бұдан жарты жыл бұрын да қысқа және орта мерзімді келешекте инфляция тәуекелдерінің теңгерімін ескере отырып алынған бұрынғы шешімде экономикада іскерлік белсенділік пен тұтынушылық сұранысты біртіндеп қалпына келтіру процесі жалғасып отырғаны айтылған болатын. Сөз етіліп отырған құжатқа келсек, үстіміздегі мамырдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 7,2 пайызды құраған. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының өсуі азық-түлік нарығындағы дезинфляциялық процестермен ішінара теңестірілген. Азық-түлік инфляциясы баяулауды жалғастырған және 2021 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша 9,3 пайыз, 2021 жылғы сәуірде 9,8 пайыз болған. Экономиканың нақты секторындағы ахуал біртіндеп жақсарып келе жатыр. 2021 жылғы қаңтар-сәуірдің қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім өсімі жылдық мәнде 0,7 пайызды құраған. Саудада, көлікте қалпына келу серпіні байқалуда. Өңдеу өнеркәсібінде 7,7 пайыз, құрылыста 12,5 пайыз, ақпарат пен байланыста 11,1 пайыз өсу қарқынының жеделдеуі көрініс тауып отыр. Халықтың тұтынушылық белсенділігі қалпына келе бастады. Бұл 2020 жылғы наурыздан бастап алғаш рет 6,2 пайыз өсу аймағына енген биылғы жылғы қаңтар-сәуірдегі бөлшек тауар айналымы серпінінің жеделдеуімен расталады. Жалдамалы қызметкерлер жалақысының жоғарылауы және зейнетақы мен шәкіртақыға бөлінетін бюджет шығыстарының өсуі нәтижесінде халықтың жан басына шаққандағы нақты орташа табысының 3,4 пайызға артуы биылғы жылғы бірінші тоқсанда үй шаруашылықтарында тұтынудың өсуіне қолдау болды.
Ғаламдық экономикадағы жағдай оң серпінде қалыптасып отыр. Әлемде 2 миллиардтан астам дозада вакцина енгізу аясында эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты вакцинация деңгейі жоғары елдерде карантиндік шектеулерді біртіндеп жеңілдету басталды. Бұл фактор бірқатар ірі елдердің қарқынды ағымдағы экономикалық өсуімен бірге әлемдік экономиканың дамуына қатысты халықаралық ұйымдардың болжамдарын қайта қарауға алып келді. Халықаралық валюта қоры 2021 жылға әлемдік экономиканың өсу болжамын 5,5 пайыздан 6 пайызға дейін көтерді. Әлемдік мұнай нарығындағы ахуал жақсарып келеді. Биылғы маусым айының басында Brent сұрыпты мұнайдың әлемдік бағасы бір баррель үшін 71 АҚШ долларынан асты. Елдер жүргізетін вакциналау нәтижесінде сұраныстың жедел өсуімен, сондай-ақ жуырда мұнай өндіруді біртіндеп ұлғайту жөнінде қабылданған шешім аясында ОПЕК+ елдерінен мұнайдың барынша қалыпты ұсынысымен баға бірқалыпты болады. Сарапшылар бағалауы бойынша ОПЕК+-тен тыс елдерде мұнай өндіруді біртіндеп өсіру нәтижесінде мұнай бағасы 2021 жылғы екінші тоқсаннан кейінгі ағымдағы мәндерден шамалы төмендейді. 2021-2022 жылдар ішінде Brent сұрыпты мұнай бағасы бір баррель үшін шамамен 60 АҚШ доллары деңгейінде болады. Әлемдегі ағымдағы эпидемиологиялық ахуалды және халықаралық ұйымдардың болжамдарын назарға ала отырып, Қазақстан Ұлттық банкі ағымдағы болжамды раундтың базалық сценарий шеңберінде Brent сұрыпты мұнайдың бағасын қайта қарап, оны 2021-2022 жылдары орташа есеппен 60 АҚШ долларына дейін көтерді. Еліміздің бас банкінің жаңартылған болжамдарына сәйкес Қазақстан экономикасының өсуі бойынша бағалар жоғарылау жағына қарай қайта қаралды. 2021 жылы экономиканың өсуі 3,6-3,9 пайыз деңгейінде, 2022 жылы 4-4,3 пайыз шегінде күтіледі. Биылғы жылғы мұнайдың жоғары сценарийлік бағасы және бюджет шығыстарын ұлғаю жағына қарай қайта қарау аясында оң фискалдық серпінді кеңейту қайта қараудың басты факторларына айналды. Экономикадағы іскерлік белсенділіктің барынша тез қалпына келуі, сондай-ақ халықтың нақты табысының өсуі экономиканың өсу драйвері болатын жиынтық сұраныстың кеңеюіне ықпал етуде.







