Нарық
3 мин оқу 279

Нарық жаңалықтары

10 маусым 2021
Нарық жаңалықтары

Табиғат достары бас қосты 

Ақмола облысында туризмді дамытуға арналған «Қорғалжынға келуге 21 себеп» атты табиғат достары бас қосқан тур өткізілді.
Астаналық облыстың ішкі саясат басқарма­сының мәліметіне сүйенсек, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өткен аталмыш шараның басты мақсаты – Ақмола өңірінің бай табиғи-мәдени мұрасына жұртшылықтың назарын аудара отырып, ішкі туризмді дамыту. Шараға қатысушылар – еліміздің түкпір-түкпірінен келген табиғат жанашырлары, қоғамдық пікір көшбасшылары мен орнитологтар жайлы қонақ үйге орналастырылып, Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы орналасқан UNESCO әлемдік табиғи мұрасының бір бөлігі, IBA негізгі орнитологиялық аумағы саналатын, Қазақстан аумағындағы 511 құстың 300-ден астам түрі мекендейтін өңірге саяхат жасады. Қорғалжын десе ойымызға қорық пен оны мекендейтін қоқиқаздың келетіні рас. Өйткені бұл айтулы қорық Қазақстан аумағында ғана емес, алыс-жақын шетелде де кеңінен таныс. Осынау аты әйгілі қоқиқаз мекеніне әсіресе шетелдіктер келуге ынталы. Тур барысында қоғам қайраткері, еліміздің Дельфийлік қозғалысының көшбасшысы, Қорғалжын экологиялық обсерваториясының негізін қалаушы Құралай Түспекова достарына осы таңғажайып өлкеге барудың 21 себебін айтып берді. «Пандемияға дейін Қорғалжынға жылына 5 мың шетелдік турист келетін. Жылдың мамыр мен қыркүйек айының аралығы туристік маусым болып табылады. Екіншіден, сырттан келетін туристерді жергілікті халықтың салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі мен ұлттық тағамы қызықтырады. Сол үшін де біз дайындалып, ұлттық ерекшеліктерімізді, қазақилығымызды барынша жоғары деңгейде көрсетуге тырысамыз», – деді Құралай Түспекова. 
Табиғат достарының басын қосқан шара барысында еліміздің әр өңірінен келген меймандар қорғалжындықтарға қонақжайлықтары үшін ризашылық білдірді. 

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ 

Транзиттік әлеуетімізді
іске асыруға жақсы мүмкіндік

Қазақстан мен Ресейдің пошта қызметтері Петербор халықаралық экономикалық форумы аясында стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат көршілес елдердегі пошта қызметтерінің халықаралық пошта жөнелтілімдерін сақтауға және тасымалдауға байланысты транзиттік логистикалық шешімдер саласындағы ықпалдастықты дамытуға бағытталған. Қазақстанның және Ресейдің пошта қызметтері Қазпоштаның «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА» және «Жаркент» халықаралық пошта алмасу орнындағы бонд қоймалары арқылы транзиттік тасымал көлемін арттырмақ. Тараптар тың логистикалық шешімдер негізінде халықаралық пошта жөнелтілімдерін Еуропа және ТМД елдеріне жеткізуді оңтайландыруды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде трансшекаралық электрондық коммерцияның дамуына оң ықпалын тигізеді, деп хабарлайды «Қазпошта» АҚ Баспасөз қызметі.
«Біз үлкен транзиттік әлеуетке және логистикалық инфрақұрылымға иеміз. Қолымыздағы қордың синергиясы басымдыққа ие бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады. Оның ішінде транзиттік ағындарды арттыруға, оңтайлы логистикалық бағдарларды қолдануға, е-commerce дамуына жаңа серпін беруге мүмкіндік береді. Қазпошта «Қорғас – Шығыс бекеті» арнайы экономикалық аймағында және «Жаркент» халықаралық пошта алмасу орнында орналасқан бонд қоймаларын дамытуға баса назар аударып отыр. Біздің қуаттылықтарды барынша жоғары деңгейде қолданамыз», – деп атап өтті«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев.
Қазақстандық және ресейлік пошта операторлары бірлесе отырып,  логистикалық өнімдерді, оның ішінде транзиттік бағдарларды дамытуға мүдделі. Серіктестер Еуропадағы қолданыстағы инфрақұрылым арқылы халықаралық пошта алмасуды жеделдетуді жоспарлап отыр. «Еуропадан, АҚШ-тан және Қытайдан келетін электрондық коммерцияның ағыны арта түскенін ескерсек, ЕАЭО елдерінің пошта әкімшіліктері арасында тиімді логистика құру аса маңызды. Бұл Қазпоштамен бірлесе жаңа тиімді бағдарларды қалыптастырып, жөнелтілімдерді жедел және қауіпсіз жеткізуді және біздің елдеріміздің транзиттік әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Почта России» АҚ бас директоры Максим Акимов.
Ынтымақтастықтың алғашқы кезеңінде транзиттің көлемі болжам бойынша бір айда кемінде 24 тоннаны құрайды. Келешекте ол нарықтың сұранысына қарай еселене түспек.
Келтірілген мәліметке сәйкес, өткен жылы Қазақстаннан Ресейге 380 мың және кері бағытта 297 мыңға жуық халықаралық пошта жөнелтілімі жеткізілген. Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Ресейге транзит көлемі 327 тоннадан асты. Бүгінде Қазақстан мен Ресей арасындағы пошта алмасу әуе және жер үсті көліктері арқылы жүргізіледі. 

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Нарық жаңалықтары · Мұрағат