Еңбек нарығы
6 мин оқу 729

Халықтың әл-ауқатын арттыру – басты басымдық

2 маусым 2021
Халықтың әл-ауқатын арттыру – басты басымдық

Жұмысқа мұқтаж жандарды өздерінің тұрғылықты жерлеріндегі Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы келісім-шарт негізінде жұмысқа орналастыруға міндетті. Жұмыссыздарға жергілікті бюджеттен екі ең төменгі жалақы мөлшерінде еңбекақы және жұмыс берушінің қаражаты есебінен қосымша ақы төленеді. Өткен жылы Алматы қаласының Жұмыспен қамту орталығы арқылы 34 855 адам, оның ішінде 10 958 адам «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасы шеңберінде жұмысқа орналасқан. Ал биылғы жылға жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермей, бірыңғай цифрлық платформаны дамыту арқылы 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланыпты. Еліміздегі коронавирустық жағдайды ескере отырып, індеттің таралуына жол бермеу мақсатында Орталықта жыл басында қызмет көрсетудің жаңа форматы енгізіліп, жұмыстарын әрі қарай жүргізуде. 
Осы ретте Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра ИМАНҚҰЛОВАҒА бірнеше сұрақтар қойған едік.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

– Диляра Бауыржанқызы, биыл – «Нәтижелі жұмыспен қамту­дың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағ­дарламасын жүзеге асырудағы соңғы жыл. Осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарылды? 
– Халықтың әл-ауқатының артуы жұмыспен қамтылуына тікелей байланысты. Жұмысы мен лайықты жалақысы бар адам өзін және отбасын асыраумен қатар, қоғамның әлеуметтік өміріне толық­қанды қатысып, мемлекетіне экономикалық пайда әкелуге мүм­кіндік алады.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарла­масы бойынша соңғы төрт жылда 116 824 адам жұмысқа орналастырылып, оның ішінде 4 999 мүге­дек жандар жұмыспен қамтылды. Мемлекеттік гранттар бойынша 12 отбасы атаулы әлеуметтік көмекке ие болды. Жалпы жұмысы және (немесе) жалақысы жоқ, өзіне лайықты жұмыс іздеп жүрген адам жұмыс­қа орналасуға жәрдемдесу үшін бізге жүгінген кезде бірін­шіден, «Ха­лықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасы 2016 жылғы 6 сәуірдегі №482-V заңының 13-бабының 1) тармағына сәйкес, тұрғылықты жерiндегі халықты жұмыспен қамту орталығында тікелей жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеледі. Сондай-ақ аталған заңның 13-бабының 3-тармағына сай, халықты жұ­мыспен қамту орталығынан тиісті жұмыстың бар екендігі туралы ұсыныстарды алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде халықты жұмыспен қамту орталығына барып немесе ақпарат­тық-ком­муникациялық технологиялар және ұялы байланыс желісінің абоненттік құрылғысы арқылы хабардар ете отырып, жұмыс іздеуге, сонымен қатар кәсіптік оқытуларға қатыса алады.
– Қоғамдық жұмыстарға тартылатын адамдарға жалақы қалай төленеді? 
–Қоғамдық жұмыстар жер­гілікті бюджет қаражаты және жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша олардың қаражаты шегінде қаржыландырылады. Қоғамдық жұмыстарға қатысатын адамдардың жалақы мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке ал­мағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны ескере отырып, тиісті қаржы республикалық бюджет туралы заңда айқындал­ған жалақының ең аз мөлшерінен төмен емес мөлшерде белгіленеді. Қоғамдық жұмыстарға қатысатын адамдардың жалақы мөлшері өткен жылдын мамыр айынан бастап 2 ең төмен жалақыны (85 мың теңге) құрады. 


– Мемлекеттік «Серпін» және «Бастау Бизнес» жобалары бойынша қандай іс-шаралар жүргізілуде?
– «Бастау Бизнес» жобасы бойынша орталыққа тіркелген жұмыс­сыздар, кәсіпкерлік негіздерге сәйкес оқытылады. «Атамекен» ҰКП «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға үміткерлердің тізі­мінен «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларды халықты жұмыс­пен қамту орталығының жолдамасына және «Atameken Academy» ААЖ арқылы онлайн-өтінім беру арқылы ұйымдастырады. «Еңбек» бағдарламасына қатысушы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша үш жылда бір рет оқуға құқылы. Соңында «Бастау Бизнес» жобасында оқығандығы туралы сертификат беріледі. Оқу процесінің жалпы ұзақтығы күнтізбелік жиырма бес күннен аспайтын мерзімді құрайды. Оқудың басталғандығы туралы хабарландыруларды «Атамекен» ҰКП қазақ және орыс тілдерінде «Атамекен» ҰКП ресми сайтында оқу процесі басталғанға дейін 15 (он бес) күнтізбелік күн бұрын орналастырады. Әлеуетті қатысушыларды ақпараттандыру мақсатында «Атамекен» ҰКП базасында арнайы Call-орталық жұмыс істейді. Оқыту «Бастау Бизнес» жобасының қатысушылары үшін ақысыз болып табылады. Оқыту кезеңі аяқталып, жобаны іске асыруға қаржы алынғаннан кейін «Атамекен» ҰКП филиалы бизнес-жобаны іске асыруда он екі айға дейінгі мерзімге, ал аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшелері үшін бизнес-жоба іске қосылған күннен бастап он сегіз айға дейін қажетінше көмек көрсетеді.
–Елімізде халықтың жартысынан көбін жастар құрайды. Сол жастардың жоғары және орта арнаулы білім беретін оқу орындарын тәмамдағаннан кейін жұмысқа орналасуы жылдан жылға қиындап келеді. Аталған мәселе мемлекет тарапынан тыс қалған емес. Осынау ортақ міндет – жастарды жұмыспен қамту мәселелерін шешу бағытында Орталық қандай жұмыстар жүр­гізуде? 
– Жастарды еңбекке құрметпен қарау рухында тәрбиелеу мақ­сатында биылғы жылы «Еңбек жолы» республикалық бай­қауын өткізу жоспарланып отыр. Аталған байқау Еңбек ерінің қоғамдағы мәртебесін көтеруге және «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» қамқорлығы­мен еңбекке ынталандыруға кө­мек­теседі. Конкурсқа барлық кәсіпорындардың қызметкерлері (салаларына қарамастан) қатыса алады. Иә, қазіргі таңда жоғары және орта арнаулы білім беретін оқу орындарын аяқтаған түлектер­дің жұмысқа орналасуы жылдан жылға қиындауда. Өйткені жұмыс берушілер оларды жұмыс тәжірибесінің жетіспеуіне байланысты алғысы келмейді, бірақ жұмыс тәжірибесін қалай алуға болады? Жоғарыда айтылған мәселені қарастыра келе «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы іске қосылып, аталған бағдарламаның арқасында жоғары және орта арнаулы білім беретін оқу орын­дарының түлектері алғашқы жұмыс тәжірибесін алуы үшін  мүмкіндік жасалды. Үстіміздегі жылы бірнеше рет қатарынан Орталық ZOOM платформасында қаламыздағы жоғары және орта арнаулы білім беретін оқу орындарының студенттерімен, орта мектеп түлектерімен онлайн-кездесу ұйымдастырып, өткізді. Жалпы жұмыспен қамту саласын­дағы мемлекеттік қызметтерді электрондық еңбек биржасынан алуға болады. Жұмыссыз ретінде тіркелу жұмыспен қамтуды қол­дау бойынша мемлекеттік шараларды – жұмысынан айырылған жағдайда берілетін төлем, қоғам­дық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар практикасына жолдамалар алуға мүм­кіндік береді. Жұмыспен қамту орталықтары мен Enbek.kz қолайлы жұмыс табуға көмекте­седі. Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығы­мен келісім-шарт негізінде жұмыссыздарды субсидияланған жалақымен жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орнын құрады.
– Еліміздегі санитарлық-эпиде­миологиялық ахуалдың тұрақ­сыз­дығына байланысты карантин кезінде бірнеше нысан жұмысын тоқтатып, арасында жабылғандары да бар, көптеген азаматтар жұ­мысынан айырылып, несиелерін уақытында төлей алмай қиналды. Осы жағдайды ескере отырып, жұмысынан айырылған жандарға көмек көрсетілді ме? 
– Еңбеккерлер жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемге құқық Қазақстан Респуб­ликасының жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес, мін­детті әлеуметтік сақтандыру жүйе­сіне қатысушы жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап қарасты­рылады.
Биыл мыңдаған алматылық­тарды қысқа мерзімді курстарда Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оқыту жоспарланған. Бүгінгі таңда ұсынылған 15 мамандыққа (кондитер, аспаз, шаштараз, тыр­нақ жасау технигі, бет әрлеу, электрмен дәнекерлеуші, есепші, веб-дизайнер, тігінші, туристік агент, кеңсе қызметкері, компьютер опе­раторы ) 409 адам оқуға өтініш білдіріпті. 41 мамандық бойынша 34 оқу орталығымен келісім жасалып, сабақтар онлайн және оффлайн режимінде өтеді. Оқу ұзақтығы мамандыққа байланысты 1 айдан 3 айға дейін. Оқыту кезінде стипендия 20 949 теңге көлемінде төленеді, курстың соңында сертификат беріледі және жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар бизнес-идеяны жүзеге асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік грант алу мүмкіндігі де бар. Алматы қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы азаматтарды тұрақты жұмысқа да, уақытша жұмысқа да (қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына) орналастыруға көмектеседі. Жас­тар үшін «Жастар тәжірибесі», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалары іске қосылды.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Халықтың әл-ауқатын арттыру – басты басымдық · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар