Нарық
3 мин оқу 190

Нарық жаңалықтары

2 маусым 2021
Нарық жаңалықтары

  ЗЕЙНЕТАҚЫ      

Салымшылардың жинақтары бір триллионға ұлғайды

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салым­шыларының жинақтары 1 триллион теңгеге ұлғайды.
1 мамырдағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,6 триллион теңге зейнетақы жинақтары қалыптасты. Былтырғы 1-мамырдан бастап осы жылғы мамыр айына дейін зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 1 триллион теңгеге немесе 8% өсті.
Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен жинақталды, оның мөлшері 12,3 трлн теңге (жыл ішіндегі өсім – 8%). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша жинақтар сомасы 319,3 млрд теңге (өсім 17%), ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша  жинақтар сомасы 2,3 млрд теңгеге  (өсім 10%) жетті.
Биыл төрт айда БЖЗҚ салымшылары былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда көбірек қаражат салған. Мәселен, 1 мамырдағы жағдай бойынша салымшылардың шоттарына жалпы көлемі шамамен 412,8 млрд теңге зейнетақы жарналары аударылған, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 65,7 млрд теңгеге немесе 19%-ға артық. 
Зейнетақы жинақтарының өсуіне  биыл қаңтар-мамыр аралығында 475,8 млрд теңгені құраған таза инвестициялық табыс әсер етті. БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік жыл басынан бастап 1 мамырға 3,8%, инфляция 2,7% құрады. Соңғы 12 айдағы кірістілік  9,8%, осы кезеңдегі инфляция 7,0% болды.
1 мамырда  БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотта­рының саны 11,6 млн бірлікті құрады. Шоттардың ең көбі – 11 059 450, міндетті зейнетақы жарналары бойынша ашылған. 
Биыл төрт айда ғана БЖЗҚ салымшыларына 1,3 трлн теңгеден астам төлем жасалған. Оның 1,2 трлн теңге көлеміндегі басым бөлігін біржолғы зейнетақы төлемдері құрады. 

 ҰЛТТЫҚ БАНК

Телефон алаяқтарынан сақ болыңыз

Қаржы реттеушісі ақша жымқыру мақсатында азаматтардың жеке деректеріне ие болу үшін Ұлттық банктің қызметкері ретінде телефон шалатын алаяқ­тар­дың көбейе бастағанын ескертеді.
«Ұлттық банк жеке тұлғалардың шоттарына қыз­мет көрсетпейді, ақшалай есеп айырысулар мен мәмі­лелер жасамайды. Ұлттық банкте шоттар тек Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктердің және шектеулі көлемдегі заңды тұлғалардың операция­ларын есепке алу үшін ғана ашылады», делінген хабарламада.   
Осыған байланысты Ұлттық банк ақша жіберіңіз деген электронды хаттар мен белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға жауап бермеуге кеңес береді. Белгісіз банк шоттарының реквизиттері көрсетілген аяқ асты ақшаға тап боласыз деген хабарлама немесе телефон қоңырауы көбінесе алаяқтардың әрекеті екенін байқатады.
Ұлттық банктен «ақша жөнелтіңіз» деген сипатта күмәнді хат келсе немесе қоңырау түссе, құқық қорғау органдарына арыздану қажет.

 DIGITAL-ОРТА       

Кәсіпкерлерге арналған бірегей қызмет

«Сбербанк» АҚ ЕБ кәсіпкерлерге арналған бірегей қызметті іске қосты.
Пандемия әлемді өзгертті, адамзаттың жылдам әрі мәжбүрлі түрде интернетке көшуіне әсер етті. Қазақстандық бизнес те белсенді түрде диджитал-ортаға еніп, онлайн-сатылым арналары мен байланысты дамыта түсті. Бизнес-үдерістердің  тиімділігін арттыруда кассалық операциялар мен шоттарды басқаруға көмектесетін құралдар маңызды рөл атқарады. 
Сбербанк жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне көмектесу үшін СберБизнес қосымшасында жаңа қызметін іске қосты. Бұл қызмет «Сбербанк» АҚ ЕБ клиенттеріне үйден немесе кеңседен шықпай-ақ смартфондарында жеке кәсіптеріне шот ашуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды «Сбербанк» АҚ ЕБ баспасөз қызметі.
СберБизнестің басты ерекшелігі – қызметті қолданудың барынша қарапайым және ыңғайлы болуы. Пайдаланушы Android және iOS платформаларында интернетке қолжетімді кез келген мобильді құрылғыдан өз ұйымының шоттарының жай-күйін басқара алады. Клиенттің қолында төлем тапсырмаларының барлық үлгілері, оларға қол қою және банкке жіберу мүмкіндігі бар. Жаңа клиенттерге шот ашу үдерісінің өзі жеңілдетілген, қарапайым және түсінікті. Шот ашқанда құжаттар пакетін ұсынудың қажеті жоқ. «СберБизнесті» дамыту барысында қосымшаны пайдалану қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Сбербанк басқа өнімдері сияқты, жаңа қосымшаны қолдану кезіндегі клиент және оның компаниясына қызмет көрсетуде толық қауіпсіздікке кепілдік береді. Пайдаланушы кез-келген уақытта қызметке қол жеткізу паролін өзгерте алады, ыңғайына қарай биометриялық сәйкестендіруді және электронды қолтаңбаны қолданса болады», делінген хабарламада.
«СберБизнесті» пайдаланушыға компанияның есепшоттары, онлайн-көшірмелер, валюта бағам­дары, сондай-ақ жақын филиалдар мен банкоматтар тізімдері сияқты қосымша қызметтер қолжетімді. 

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Нарық жаңалықтары · Мұрағат