Өңірлер қуатты болса – ел мығым

2 маусым 2021
Өңірлер қуатты болса – ел мығым

Ел егемендігі жылдарында Ақмола облысының өнеркәсіптік секторы белсенді дамуға ие болды. 1991 жылдан бастап тауарлық өнім өндірісі 100 еседен астам өсті, өңдеу саласының үлесі 80%-дан асты. Өңірде халықаралық стандарттарға сай, заманауи жоғары технологиялы 35 ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорын ашылды. 

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

2010 жылдан бастап ҮИИДМ бағдарламасы шеңберінде 13 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 236 жоба іске асырылды. Олар инвестицияның артуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етті. 

Облыстың 1,2 мыңнан астам кәсіпорны ел ауқымында 100% теміржол мойынтіректерін, 75% мамандандырылған автомобильдерді, астық жинау комбайндарының жартысынан астамын, 33,6% тракторды, 30% өңделмеген алтынды, құс етінің төрттен бір бөлігін, 20% полипропилен қаптарын, басқа да өнімдерді шығарады. 1991 жылдан бастап мойынтіректер өндірісі 21 мың тоннаға дейін, алтын өндіретін кәсіпорындардың алтын өндірісі 32,6 тоннаға дейін, жүк және маман­дандырылған автомобильдерді құ­растыру соңғы 15 жылда жылына 1200 бірлікке дейін өсті. Индустриялық әлеуеті көпсалалы өңірде бидай, ұн, ет-сүт өнімдері, ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы, уран, алтын экспортталады. Сондай-ақ электровоздарды жөндеу бойынша қызметтер көрсетіледі, ауыр жүк автомобильдері, комбайндар, пресс-жинаушылар және басқа да ауыл шаруашылығы техникалары шығарылады. Арқа өңірі республикамыздың ірі агрокешені саналады. Сәйкесінше, экономиканың перспективалы саласы ретінде ауыл шаруашылығы машиналарын жасау ісі ырғақты дамып келеді. 2016 жылы қуаттылығы жылына 4,5 мың бірлік ауыл шаруашылығы және коммуналдық техниканың Қа­зақстан-Беларусь индустриялық-технологиялық паркі «Қазақстандық агро инновациялық корпорациясы» ЖШС іске қосылды. Аграрлық салада тағы бір іргелі жоба – «KazRost Engineering» комбайндар зауыты қайта құрылып, жаңа деңгейге шықты. Ел диқандарының қажеттілігін толық өтеу міндеті тұрған қазіргі шақта кәсіпорын өндірістік қуатын жылына 800 бірлікке дейін ұлғайтуда. Жыл басынан бері зауытта «Вектор», «Acros» маркалы астық жинаушы комбайндарының 440 бірлігі құрастырылды. 
Дәстүрлі ауыл шаруашылығы бағдарымен қатар, өнеркәсіп секторы да мол қарқын алып, өңір экономикасының көкжиегі кеңейе түсті. Тау-кен металлургия кешенінде құрамында алтыны бар кендерді өндірудің ұлғаюына 2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ҮИИДМ бағдарламасы шеңберінде «Алтынтау Көкшетау» АҚ Васильков алтын кені орнында алтын өндіру фабрикасының іске қосылуы ықпал етті. Өңірде 30 тоннаға жуық алтын өндірілсе, бұл 2003 жылғы көлемнен 14 есе көп. Алдағы кезеңде бұл көрсеткіш RG Gold, Ақсу Technology фабрикаларын салу бойынша перспективалы жобаларды жүзеге асыру арқылы елеулі түрде арттырылмақ.
Облыс өнеркәсібінің барлық секторларында көрсеткіштердің тұрақты өсуі байқалады. Өсімге «Ақ-Дала Агро» ЖШС құс фабрикасы, «ENKI» ЖШС керамикалық қатардағы кірпіш шығаратын зауыт, «Виччи» ЖШС қуаттылығы 5 МВт жел электр станциясы секілді тамақ өнеркәсібі мен құрылыс индустриясы саласындағы инвестициялық жобалардың әсері зор.
Тәуелсіздік жылдарында бірегей минералды су негізінде сусындар шығаратын «Көкшетау минералды сулары» АҚ, автомобиль техникасын шығаратын «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ, керамикалық кірпіш шығаратын «ENKI» ЖШС, өсімдіктерді қорғаудың химиялық құралдарын шығаратын «Astana-NanChemicals» ЖШС, құс етін өндіретін «Макинск құс фабрикасы» ЖШС сынды маңызды жобалар өмірге жолдама алды. Жыл басынан бері 11 жоба іске асырылды. Қолданыстағы барлық бағдарламалар шеңберінде тағы 101 жобаны іске асыру жалғасады. Ағымдағы жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында 2,4 млрд теңгенің 4 нысаны: Атбасарда сұлы үлпегін шығаратын тағамдық фабрика, Зерендіде картоп өңдейтін фабрика, Целиноград ауданында шұжық өнімдерін өндіретін және бие сүтін өңдейтін кешендер пайдалануға берілмек.  
Бүгінгі таңда өңір эконо­ми­касының барлық шешуші салаларында оң өзгерістер орын алуда. Бұл индустрияландыру саясатының түпкі мақсаты – экономикасы толық­қанды, әртарапты, тұрақты өңірлерді қалыптастыру екендігін тағы да ай­қындай түседі.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Өңірлер қуатты болса – ел мығым · Мұрағат