Еңбек нарығы
4 мин оқу 261

Нарық жаңалықтары

2 маусым 2021
Нарық жаңалықтары

СЕНАТОР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ  

Барлық облыста жайылым тапшы 

Жер мәселесін ұлттық деңгейдегі маңызды жоба ретінде жүйелі түрде қарастырмаса, жайылым тапшы­лығы шешімін таппайды.
Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында депутат Сұлтан Дүй­сембинов осылай атап көрсетті. «Жайылымдық жер тапшылығы барлық облыстар бойынша орын алып отыр. Мәселен, Түркістан, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында ауыл тұрғындары жайылымдардың жетіспеушілігінен зардап шегуде. Елді мекендерде малдың 80%-ға жуығы ауыл шегінде және оның айналасында жайылатындықтан, бұрын бөлінген шамамен 21 млн га жайылымдық жер деградацияға ұшыраған», – дей келіп, сенатор бұл түйткілді шешу үшін жайылымдарды ұзақ мерзімді басқару жөніндегі жоспарларды бекіту қажет екенін және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару бойынша белсенді жұмыс жүргізу керек екенін айтты. «Бүгінде мал шаруашылығы өнімінің 66%-ы ауылда өндіріледі. Бірақ мұндай орасан биологиялық актив мемлекеттік қолдаудан тыс қалып, заманауи технологиялық үдерістерге тартылмай отыр. Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтендіру жөніндегі жұмыстар дұрыс үйлестірілмегендіктен нәтижелі болмай отыр», – деді депутат. 
Сенатор қазіргі уақытта дамыған елдердің барлығы ауыл шаруашылығында кооперация тетігін табысты пайдаланып отырғанын, бұл ауылдық жерлерде еңбек өнімділігін арттыруға, қала халқын сапалы және арзан тамақ өнімдерімен қамтамасыз етуге, тұрақты жұмыс орындарын ашуға зор септігін тигізетінін атап өтті.

  ИПОТЕКА 

Жастарға арналған 
бағдарлама іске қосылмақ

Қарағанды облысында жұмыс істейтін жастарға жеңілдетілген шарттармен ипотека беру бағдарламасы іске қосылады. 
Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбек пен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибраги­мованың кездесуі барысында айтылды. Жастар үшін жеңілдетілген несиелердің жоқтығына қатысты шағымдар көп түсетінін атап өткен облыс әкімі «Отбасы банкінің» басшысына жас қарағандылықтарға тұрғын үй қарызын беру тетігін бірлесіп әзірлеуді ұсынды. Тағы бір идея – моноқалалардағы шахтерлер мен металлургтер үшін жеңілдетілген ипотека беру мүмкіндігін жасау. Бұл бағытта Шахтинск, Абай, Балқаш және Саран қалалары назарға алынуда.
Өз кезегінде Ләззат Ибрагимова банктің мұндай бағдарламаларды жасау бойынша құралдары бар екенін, сондықтан бірлескен стратегияны әзірлеп, іске асыру қажеттігін атап өтті. «Отбасы банкі» – ірі елді мекендерді ғана емес, моноқалаларды да қаржыландыратын жалғыз әлеуметтік банк. Бізде Қарағанды облысы бойынша 200 мыңға жуық салымшы бар. Олардың 12 мыңнан астамы – кезекте тұрғандар. Қазірдің өзінде 10 мың салымшының миллион теңгеден астам жинағы бар. Бұл біздің «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларына қатыса алатын әлеуетті клиенттеріміз», – деді банк басшысы.
Жыл басынан бері банк Қарағанды облысы бойынша 15 миллиард теңге сомасына 1 300 қарыз берген. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің көмегімен 1 300-ден астам отбасы қарызын мерзімінен бұрын өтеген. «Біздің компания бастапқы тұрғын үй нарығында белсенді жұмыс істейді. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап 280 адам бастауыш ұйымнан пәтер алу үшін несие алды. Оның ішінде «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 146 кезекте тұрғандар кез келген құрылыс салушыдан алу мүмкіндігіне ие. Бүгінгі таңда біз «Бақытты отбасы» бойынша 1 829 өтінімді тіркедік», – деді Ләззат Ибрагимова. 
Басқарма басшысы қарағандылықтардың депо­зиттік портфелі ғана емес, адамдардың банкке деген сенімі де өскенін атап өтті.

  ӨҢІРЛІК ДАМУ 

Құс фабрикасының 
құрылысы басталады

Жетісайда тәулігіне 30 тонна тауық етін өндіретін фабрика салынады.
Биыл Жетісай ауданындағы индустриялды аймақта «Adal Agro Group» ЖШС жалпы құны 2,8 млрд теңге сома болатын «Сиыр етін өңдеу цехының» құрылысын бастайды. Мұнда жылына 9 мың тонна өнім өндіріледі. Сондай-ақ осы серіктестіктің тәулігіне 30 тонна ет өндіретін «Құс фабрикасының» құрылысы басталады. Сонымен қатар, серіктестіктің жалпы құны 7,6 млрд теңгелік «Жүгеріден крахмал-сірне өнімін және лимон қышқылының өндірісі» жобасын іске қосу жұмыстары жүреді. Бұл туралы Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек мәлімдеді, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аудан әкімінің мәліметтеріне сәйкес, биыл 4 айда өңірлік өнім көлемі 11 млрд 421,5 млн теңгені құраған. «Жетісай ауданындағы өнеркәсіп өнімінің көлемі биыл қаңтар-сәуір айларында 1 млрд 882,1 млн теңгеге жетті. Аталған кезеңде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1 млрд 177,2 млн теңгені құрады. Ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім көлемі 3,6 млрд теңге. Сондай-ақ осы жылдың 4 айында 5 млрд 756,3 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген», – деді Мұрат Қадырбек.
Инфрақұрылыммен қамту бойынша аудандағы қала, кент және ауылдық округтерге қарасты 113 елді мекенінің 103-і орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылған. 
 
Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Нарық жаңалықтары · Мұрағат