Көктемгі егіс жұмыстары мәреге жетті

Аграршылар аз сөйлеп, көп іс тындыруға бейім. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құдайы көршілердің де қамбасын алтын дәнге толтырып отырған диқан жұрт «Алтын күректен» соң жер көбесі сөгіле сала қолға алынған қауырт науқанның мәреге жеткені туралы күні кеше мәлім етті. Атап айтқанда, Ақтөбе, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында егіс жұмыстары аяқталған, ал Алматы, Қызылорда және Түркістан облыстарында егін егу тәмамдалуға таяу. Егін егуді осы аптада, 3 маусымға дейін бітіру жоспарланып отыр. Егіс алқаптарының құрылымын қалыптастыру кезінде картоп, қарақұмық, қант қызылшасы, майлы және жем-шөп дақылдары сынды әлеуметтік маңызы бар дақылдардың егістік өңірлерін кеңейтуге көп көңіл аударылған.
Деректерге сәйкес, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 22,8 млн гектарға егілген. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 13,1 млн га, майлы дақылдар 2,7 млн га, басқа дақылдар 1 млн га алқапты алып жатыр. Егіс науқанының қарқыны өткен жылғыдан асып түскені атап өтілуде. Фермерлер тұқыммен, тыңайтқыштармен және дизель отынымен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ өсімдіктерді қорғау құралдарымен және минералды тыңайтқыштармен жабдықтау да назарда тұр. Атап айтқанда, жарты миллион тонна минералды тыңайтқышты тиеп, жөнелтуге шарт жасалған. Бүгінгі таңда фермерлерге 400 мың тоннаға жуық жүк жеткізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 мың тоннаға көп. Сондай-ақ фермерлердің өтініштерін ескере отырып және тыңайтқыш себу көлемін төмендетіп алмау үшін агрохимиялық картограммалар ұсыну жөніндегі талаптың қолданылуы 2023 жылға дейін тоқтатылды. Бірақ, топырақты міндетті түрде агрохимиялық тұрғыдан зерттеу жөніндегі талап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану қағидалары аясында қарастырылмақ. Қаражат мәселесіне келсек, биыл көктемгі егін егу жұмыстарына 128 млрд теңге қаржы жұмсалды. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту нәтижелерін салыстырғанда коронавирус пандемиясына және әлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан өткен 2020 жылдың қорытындысы бойынша барлық макрокөрсеткіштер жөнінде өсімге қол жеткізілгенін көреміз. Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 5,6 пайызға артып, 6,3 трлн теңгеге жетті. Мұндай өсімге мемлекеттік аграрлық саясат индикаторларының жоспарлы түрде орындалуы, сондай-ақ жүйелі жұмыс пен өткен жылдың көктемінде дағдарысқа қарсы шұғыл шешімдердің дер кезінде қабылданғаны ықпал етті. Өткен жылы дағдарысқа қарсы шараларды есептегенде, мемлекеттік қолдау көлемі 366 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл 2019 жылғы деңгейден 13 пайызға артық. Атап айтқанда, субсидиялау барынша жеңілдетіліп, толық автоматтандырылды. Оның белгілі бір салаға ғана назар аудармай, бірыңғай тәсілді көздейтін тетіктері қайта қаралды. Сондай-ақ шағын және орта фермерлерді субсидиялауға қол жеткізу шегі өзгертілді. Мәселен, өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидиялар бірыңғай ережелерге біріктіріліп, өсімдіктерді қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілді. Енді гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлері субсидияланады. Басты жаңалықтардың бірі – фермерлер үшін тұқымды, тыңайтқышты, пестицидтерді субсидиялар бекітілген уақытта ғана емес, сатып алынған күннен бастап жыл он екі ай ала алатын мүмкіндік беріліп отыр.
Қаржы құралдарын жетілдіру аясында айналым қаражатын толықтыруға арналған несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау нормативі 5 пайыздан 7 пайызға дейін ұлғайтылды. Енді егін егу және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін сыйақы мөлшерлемесінің 9 пайызы субсидияланады. Агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері үшін кепілдік базасы жетпеген жағдайда екінші деңгейдегі банктердің несиелеріне кепілдік беру механизмі қолжетімді болды. Несие сомасының 50 пайызына дейін және басым инвестициялық жобалар бойынша несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік берілмек. Өткен жылдан бастап ауыл шаруашылығы саласында сақтандырудың жаңа жүйесі жұмыс істей бастады. Яғни сақтандыру ерікті түрде жасалады. Сондай-ақ өсімдік шаруашылығы саласын ғана емес, басқа да салаларды сақтандыру тетігі енгізілді. Үстіміздегі жылдың 5 айында республика бойынша фермерлер 140 млрд теңгеге жуық сомаға 8700 техника сатып алды. Бастапқы жарна мәселесі шешілді, инвестициялық субсидия енді аванс ретінде пайдаланылуы мүмкін. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу деңгейі оң серпін көрсетіп отыр. Жыл соңына қарай бұл соманы 240 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланған. Бұл агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру жөнінде алға қойылған міндетті орындауға ықпал етеді. Ауыл еңбеккерлері биыл тек шетелдік машина-тракторларды, комбайндарды ғана емес, сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы техникасын көптеп сатып алып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Ақпарат көздерінің деректеріне қарағанда бұл техникалардың кейбір түрлеріне фермерлер тарапынан сұраныс көп түсіп жатқан көрінеді. Осы ретте негізгі өндірістік ресурс – ауыл шаруашылығы жерлерінің ұтымды пайдаланылуына тоқтала кету керек. Алты ай жаз бойғы еңбектің өнбегі жердің сапасына қатысты болғандықтан соңғы жылдары жерге мониторинг жасау қолға алынды. Мәселен, 2016-2020 жылдар аралығында жүргізілген осындай жұмыс нәтижесінде анықталған 15,4 млн гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінің көп бөлігі ауыл шаруашылығы айналымына қайта тартылып, мемлекеттік меншікке қосылды. Ондаған жыл тусырап жатқан тың жердің қайтарымын көретін шақ та алыс емес.







