Дүбірлі дода
3 мин оқу 349

Азия чемпионатында сегіз аруымыз алтын медаль олжалады

2 маусым 2021
Азия чемпионатында сегіз  аруымыз алтын медаль олжалады

Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында бокстан ХХХІ Азия чемпио­наты өз мәресіне жетті.  Сегіз күнге созылған байрақты бәсекеде 16 жүлде, соның ішінде 8 алтын, 6 күміс және 2 қола жүлдені еншілеген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық медальдар саны бойынша алға шықты. 

Нұрлан ҚҰМАР

Дүбірлі додада ел намысын қор­ғаған қыздарымыз шаршы алаңда сәтті өнер көрсетті. Алдымен жеңіл салмақта сынға түскен Алуа Балқы­бекова (48 келі) ел қоржынына алғашқы алтынды салды. Бұдан кейін  Назым Қызайбай (51 келі), Дина Жоламан (54 келі) финалда қарсыластарынан басым түсті. Алайда финалға төртінші болып шыққан қызымыз Владислава Кухта (57 келі) қарсыласына жол берді.  60 келіде сынға түскен Римма Волосенко қарсыласын бірнеше рет нокдаунға жіберіп жеңімпаз атанса, Милана Сафронова (64 келі) шиеленісті болған кездесудің қорытындысында ұпай санымен ұтты. Бұл жерде төрешілер жерлесімізге оң көзбен қарағаны анық еді. Себебі, финалда оның қарсыласы бірнеше рет қауіпті кросс соққыларын пайдаланған болатын. Ал Милана болса хук әдістерін сәтті қолданды. Қарсыласы сәл де болса басым түскендей көрінді. Дегенмен төрешілер қауымы 3:2 есебімен М.Сафроноваға ұтысты жығып берді. Валентина Хальзова (69 келі) ақтық сында жасындай жарқырады. Дегенмен ұтыс оған оңайшылықпен келмеді. Бірінші раундта өте белсенді болды. Кросспен хук соққыларын әдемі өткізді. Қарсыласын бұрышқа ығыстырып апперкотпен ұрғысы келді. Бірақ оның қарсыласы қара жаяу емес екендігін білдіріп «классикалық» соққыдан әдемі сытылып шықты. Сонымен қатар қарсыласы тас қамал қорғана, джеб соққыларын арасында өткізіп жүрді. Бұдан кейін шаршағандықтан ба, әлде жоқ күшін сақтағысы келді ме, белгісіз екінші раундта шабан қимылдай бастады. Бұл жерде ол қарсыласының бірнеше рет алыстан сермеген кросс соққыларын жіберіп алды. Тіпті қарсыласы еркіндік танытып свинг әдістерін де қолданып көрді. Бірақ намысты қолдан бермеуге бекінген қы­зымыз үшінші раундта ширақтық танытты. Ауыр салмақ, яғни 81 келіде шаршы алаңда жұдырықтасқан Фариза Шолтай финалда қарсыласының осал жерін тапты. Ал әйелдер арасында ең жоғары салмақ Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары)  ақтық сайыста қарсыласынан айласын асырды. Жартылай финалда сүрінген Марина Вольнова (75 келі) қола медальға місе тұтты.
Қыздарымыздың сәтті өнер көр­сеткеннен кейін, бар үмітіміз турнирдің басты тұздығы ерлердің финалдық бәсекесі болатын. Көз тиді ме, жоқ әлде сөз өтті ме, белгісіз ақтық сынға түскен 5 боксшымыздың барлығы да жеңілістің ащы дәмін татты. Финалда 4 боксшымыз аса бір белсенділік танытпады. Тек ауыр салмақта сынға түскен Василий Левит (91 келі) финалда үндістандық Санжиттен басым түскен еді. Алайда төрешілер қауымы бұрмалап жеңісті қарсыласына жұлып берді. Осылайша 33 жастағы атақты боксшымыз төрешілер қауымының әрекетінен шешуші кезеңде ұтылып қалды. Мәселен соңғы Олимпиаданың финалында ресейлік боксшыдан, 2019 жылғы әлем біріншілігінің жартылай финалында төрешілердің қателіктері айқын көрініп тұрды. Бұл сценарий биылғы Азия чемпионатында да жалғасатын тапты. 
Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясы AIBA-ның шешімімен Азия біріншілігінде топжарғандарға – 10 мың, финалистке – 5 мың, қола жүлдені еншілегендерге – 2500 доллар табыстады.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Азия чемпионатында сегіз аруымыз алтын медаль олжалады · Мұрағат