Нарық жаңалықтары

ЭКОЛОГИЯ
Су тапшылығын төмендетуге мүмкіндік береді
Вегетациялық кезеңдегі суармалы судың тапшылығына байланысты Тәжікстаннан қосымша 300 миллион текше метрден астам су келетін болды.
Биыл Сырдария өзені бассейнінде судың аз болуы салдарынан суармалы жерлердегі жағдай күрделі болып тұр. Осыған байланысты экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің Душанбе қаласында Тәжікстанның энергетика және су ресурстары министрі Д.Джумамен кездесуі барысында тәжік тарапымен «Бахри Точик» су қоймасынан биылғы маусым-тамыз аралығында 315 млн текше метр суды қосымша жіберу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл көлем Түркістан және Қызылорда облыстарында вегетациялық кезеңде суармалы су тапшылығын төмендетуге мүмкіндік береді. «Түркістан және Қызылорда облыстарының қажеттіліктері үшін Сырдария өзені бассейніндегі су жағдайының қиындығын ескере отырып, тәжік тарапы Қырғызстан Республикасы Тоқтоғұл су қоймасынан ағызатын су көлемінен басқа, маусымнан тамызға дейін «Бахри Точик» су қоймасынан қосымша 315 млн текше метр су жеткізуге келісті. Қазақстан өз кезегінде Тәжікстанға «Бахри Точик» су қоймасының қосымша жұмыс істеуінің теріс салдары туындаған жағдайда материалдық-техникалық қолдау көрсетеді», – деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.
ЦИФРЛАНДЫРУ
Бөлшек сауда бағасына айтарлықтай әсер етпейді
Қазіргі күні елімізде сүт өнімдерін таңбалайтын цифрлық қанатқақты жоба қолға алынды.
Жоба аясында Цифрлық экономиканы дамыту орталығы өнімді таңбалау үшін бизнестің болжамды шығындар есебін жасады. Қанатқақты жобаға 7 қазақстандық өндіруші қатысуда, осы кәсіпорындарда өнімді таңбалау үдерісі сынақтан өткізілуде. Орталық баспасөз қызметінің хабарлауынша, шығындарға жүргізілген есептеуге сәйкес, бір желі үшін таңбалау жабдықтарының құны кәсіпорын мен өнімнің көлеміне байланысты 0,5 млн теңгеден 9,2 млн теңгеге дейін өзгеріп отырады. «Өндірушілермен кез келген жағдайда мерзімді түрде жүргізіліп отыратын өндірістік желілерді жаңғырту жөнінде сөз болып отырғанын түсінуіміз керек. Бұл жағдайда компаниялар қаптамаға цифрлық таңбалау кодын қолдануға мүмкіндік беретін жабдықты сатып алуы қажет. Яғни қосымша жабдықты сатып алу өнімнің түпкілікті құнының қымбаттауына әкелетіні шарт емес. Өнімнің түпкілікті бағасындағы жабдық шығындарының үлесі әдетте 0,06-дан 0,15%-ға дейін болады. Бөлшек сауда бағасына әсер ететін факторлар көп. Соңғы 5 жылда сүт өнімдері құнының орташа жылдық өсу қарқыны таңбалаусыз 6-дан 13%-ға дейін болды. Бұл бағаның тұрақты өсу үдерісін айқындайды, сондықтан тауарларды таңбалау мен қадағалауды енгізу өнімнің түпкілікті құнына айтарлықтай әсер етпейді. Бұл ретте тұтынушы өнімнің шығарылуына және жарамдылық мерзімдеріне сенімділік түрінде елеулі пайдаға ие болады», – деп түсіндіреді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры Олжас Бектұров.
Сондай-ақ сүт өнімдерін өндірушілер үшін таңбалау жабдықтарына және кодтарға тапсырыс беруге жұмсалатын шығындардың 50%-на дейін өтемақыны қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылмақ.
Шағын өндіріске арналған тағы бір нұсқа – өндірістік желіге таңбалау жабдықтарын орнатпай, кодты баспахана арқылы орнатуға тапсырыс беру. Бұл жағдайда таңбалау шығындары 2,5-4 есеге азаяды.
Бөлшек сауда нүктелеріне келетін болсақ, олар Data Matrix кодымен белгіленген өнімдер үшін 2D сканерлерімен жабдықталған. Өткен жылы темекі өнімдеріне міндетті цифрлық таңбалау енгізіліп, бөлшек сауда дүкендері таңбаланған өнімдермен жұмыс істеп келеді.
Цифрлық экономиканы дамыту орталығы өкілдерінің айтуынша, таңбалауды енгізудің бастапқы кезеңіндегі бизнес шығындарына қарамастан, орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада таңбалау жүйесі елеулі пайда әкеледі. «Біріншіден, цифрлық таңбалау арқылы біз жосықсыз бәсекелестіктің алдын алып, тұтынушыға тауардың түпнұсқалығын растауға мүмкіндік береміз. Сонымен қатар, тауарлардың қозғалысын есепке алу рәсімдері стандартталып, біріздендіріледі. Таңбалау арқылы біз сүт өнімдерінің өндірушіден бөлшек сауда дүкеніне жетуін қадағалауды қамтамасыз етеміз, бұл өз кезегінде өндірушілерге де, мемлекетке де белгілі өңірде нақты өнімге сұранысты және өндірісті жоспарлауды қамтамасыз етеді», – дейді Олжас Бектұров.
Осыған дейін темекі және тері өнімдері өндірісінде міндетті цифрлық таңбалау енгізілді. Енді шілденің бірінен аяқ киімнің міндетті цифрлық таңбалануы енгізілмек. Қазіргі таңда дәрілік препараттарды, алкоголь өнімдерін, жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау бойынша қанатқақты жобалар іске асырылуда.
Рымтай САҒЫНБЕКОВА







