Достықта шекара болмайды

2 маусым 2021
Достықта шекара болмайды

Қазақстан Республикасы Украинадағы Елшілігінің бастамасымен және екі елдің экология министрліктерінің, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының, сондай-ақ БҰҰДБ, ЕО, ЭЫДҰ, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы және Украинадағы кеңселерінің қолдауымен бірінші «Қазақстан – Украина» климаттық диалогы өтті. 

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Іс-шара гибридті форматта (онлайн және оффлайн) өткізіліп, онда Нұр-Сұлтан мен Киевтегі екі оффлайн-алаң ZOOM плат­фор­масымен Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия климат­тық желісінің 200-ден астам мүшесін, сондай-ақ Қа­з­ақ­­­станның 500 үкіметтік емес ұйымы телекөпір арқылы қо­сыл­ды. Форум Қазақстан мен Украина жариялаған көмір­тегі бей­­тарап­тығына қол жеткізу мақсаттары аясында ұйымдасты­рылды.
Іс-шараға екі елден Қазақ­стан мен Украина үкіметтерінің, халық­аралық ұйымдардың өкілдері, экологиялық белсен­ділері, ҮЕҰ, академиялық инсти­туттар, университеттер, бизнес өкілдері мен екі елдің климат саласындағы сарапшылары қа­тысты. Сонымен қатар, шараға қызығушылық білдірушілер үшін Қазақстан Республикасы Украинадағы Елшілігінің парақ­ша­сында тікелей көрсетілім жүр­гізілді. 
Бірінші күні осы іс-шара­ның ұйымдастырушылары мен бастамашылары Украина және Қазақстан тараптарынан құт­тық­тау сөз сөйледі. Қазақстан Республикасының Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Кәлетаев: «Қазақстан мен Украина екі ірі өңірлік дер­жава ретінде жасыл көшудің жеделдеуіне ықпал ете алады. Бұл үшін жекелеген салалардың, тіпті мемлекеттердің күш-жігері жеткіліксіз. Мемлекеттік орган­дарды, халықаралық ұйым­дарды, үкіметтік емес және ака­де­миялық секторларды, биз­несті қоса алғанда, көп дең­гейлі күш-жігерді шоғыр­ландыру және күшті деңгейлес комму­ника­циялар қажет», – деп атап өтті.
Өз кезегінде Украинаның қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ирина Ставчук Украина үкіметінің климаттың шығарындыларын шешуге және парниктік газдарды азайтуға деген ұмтылысы туралы айтты.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Достықта шекара болмайды · Мұрағат