Агроөнеркәсіп экспорты арта түскен

27 мамыр 2021
Агроөнеркәсіп экспорты арта түскен

Ақтөбе облысы әдетте ірі өнеркәсіпті өлке ретінде ескеріледі де, экономикасындағы негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығының жай-күйі назардан тыс қалып жатады. Шын мәнінде, әрине олай емес. Шолуымыздың соңына қарай осыған да кеңірек тоқталмақпыз. Алдымен жалпы көрсеткіштерді атап өткен орынды. 
 
Өткен, 2020 жылы Ақтөбе облысының сыртқы сауда айналымы (2019 жылдың қо­рытындысындағы – 3,2 млрд АҚШ доллары­мен салыс­тыр­ғанда) 15,6%-ға төмен, яғни 2,7 млрд долларды құраған. Мұны Статистикалық болжамдар және даму агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мә­ліметтері де растайды. Атап айт­қанда, Ақтөбе облысынан шет елдерге ферроқорытпалар, газ түріндегі көмірсутегі, мыс концентраты мен рельстер экс­портталады екен. Азық-түлік та­­уар­ларының ішінде экспортқа – ет, жұмыртқа, ұн мен макарон өнімдері шығарылатын көрінеді. 
Ақтөбе облысы индус­триялық-инновациялық даму басқармасының (ИИДБ) бас­шысы Иран Шарханның ай­туынша, бұл өңір мұнай-газ өндіруші болып табылады да, бірінші кезекте мұнай тұрады, дегенмен, дәл қазір індет лаңы салдарынан қай өнімдерге артықшылық  беру де өзгеріске ұшырап отыр екен. «Өңіріміз экономикасында көмірсутегі шикізатының үлес салмағы әжептәуір. Алайда, өткен және биылғы жылы да жағдай күрде­лі, тіпті мұнай өндірісінің көлем­дері қысқарғаны да байқала­ды. Бұл мұнай ұңғымалары­ның сулануымен, қорлардың табиғи негізде таусылуымен байланысты», – дейді Иран Шархан.
Сондай-ақ аймақтың эко­но­микасына, мұнай өндіруді шектеген ОПЕК+ шешімі де әсерін тигізгені сөзсіз. 2019 жылы мұнай экспортының көлемі 719,9 млн доллар құраса, 2020 жылы тек 498,6 млн долларды немесе барлық экспорттың 31,2 пайызын құрапты.

Бізде өндірілген көмірсутегі шикізаттары Германия, Ұлы­британия мен Франция сияқты өнеркәсіптік тұрғыда дамыған Еуропа мемлекеттерімен қатар, АҚШ, Қытай, Украина және Орталық Азия елдеріне де экспортқа шығарылады. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» ЖШС мен «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС негізгі экспортерлер болып есептеледі. «Шет елдерге шығарылатын тауарлардың арасында ферроқорытпалар бірінші орынға шыққан. Былтыр олар 642,4 млн долларға (барлық экспорт көлемінің 40,2%-ы) экспортталған. Негізгі экспортер – «Трансұлттық «Қазхром» компаниясы» АҚ Ақтөбе ферроқорытпалар зауыты (АФЗ). Зауыт өнімдерін Қытай, Ресей, Германия, АҚШ, Нидерланд, Украина, Оңтүстік Кореяға жеткізіп береді. Айта кету керек, АФЗ тіпті карантиннің аса қиын кездерінде де өнімін өткізуде еш қиналған жоқ», – деп жалғастырады өз пікірін облыстық ИИДБ басшысы. 
Ол өз сөзінде экспортқа шы­ғарылатын тауарлар тізімінде кендер және хром, мыс пен мырыш концентраттары үшінші орында екенін айтады. Олардың көлемі 215,8 млн доллар (13,5%) құраған. Соңғы уақытта шикізаттық емес өнімдер экспорты ұлғаюда. Ақтөбе хром қоспалары зауыты (АХҚЗ) облыстағы шикізаттық емес тауарлардың негізгі экспортерлерінің бірі болып табылады. АХҚЗ өз өнімдерін Ресейге, Қытайға, Беларуське, Ұлыбританияға, Өзбекстанға, Германияға және Украинаға өткізеді. Оның экспорт көлемі 76,8 млн доллар құраған (4,8%). 
Мейлінше қажетті азық-түліктік емес экспорттық тауарлардың бестігін рельстер түйіндейді. Оларды отандық өндіруші – «АРАЗ» ЖШС шығарады. Ақтөбе рельс-арқалық зауытының экспорт көлемі 15,6 млн доллар (1%) құрапты. Негізгі импорттаушылар: Ресей, Беларусь, Түркия, Өзбекстан, Грузия мен Эстония. 
Экспорт көлемі 2019 жылғы 2,1 миллиард доллардан 2020 жылы 1,6 миллиардқа дейін, яғни 23,8 пайызға құлдыраған. Бұл ретте тауарлардың импорт көрсеткіші бар-жоғы 1,5 млн долларға (0,16%), демек 947,7 млн долларға дейін ғана төмендеген. 
Басқарма басшысының айтуынша, өңір экспортында агроөнеркәсіптік кешеннің қомақты үлесі бар. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында облыс бойынша 100-ден астам кәсіпорын бар екен. 2020 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты және оларды өңдеу қорытындысы 11,8 миллион долларды немесе 28 мың тоннаны құраған.  «Ақтөбе облысында бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушы жиырмадай ірі кәсіпорын бар. Өткен жылы Өзбекстанға 2168 бас ірі қара малы жеткізілген. Біріккен  араб әмірліктері мен Оманға – 638,4 мың долларға  90,9 тонна қой еті жөнелтілген. Бұлардан басқа тағы сиыр еті, ет өнімдері мен ет консервілері экспортталған», – деп дәйекті мысалдар келтіреді Иран Шархан. 
Ақтөбе облысының жеті ірі кәсіпорны, атап айтқанда, «Жайылхан» ЖШС, «Запказ Агро Трейд» ЖШС, «Батыс Агро Трейд» ЖШС, «Агро экспорт» ЖШС, «Агро Трейд» ЖШС, «Дән БК» ЖШС және «Эко продукт» ЖШС былтырғы жылы 94,2 мың тонна бидайды экспортқа шығарған. «Жаңа Әлжан диірмен-ұн комбинаты» ЖШС өткен жылы 8 мың тоннадан астам ұн және макарон өнімдерін экспорттаған. «Ақтөбе Фудс» ЖШС мен «АкМЭЗ» ЖШС Тәжікстан, Өзбекстан және Қытай елдеріне өткен жылы 10,5 мың тоннаға жуық өсімдік майын жеткізіп берген. «Біз ауыл шаруашылығының қазіргі әл-ауқатына кәдуілгідей сенім артып отырмыз. Таяу бесжылдыққа арналған инвестициялық 100 жобаның 70-і агроөнеркәсіп кешенінің еншісінде», – деп түйіндейді облыстық индус­триялық-инновациялық даму басқар­масының басшысы. 
Биылғы жылдың қаңтар-ақпанына келер болсақ, Ақтөбе облысының сыртқы сауда айналымы өткен жылдың осындай кезеңімен (540,6 млн доллар) салыстырғанда 25,1%-ға төмендеп, 405 миллион долларды құрапты. 

ИСА ҚАМБАР 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Агроөнеркәсіп экспорты арта түскен · Мұрағат