Шағын несие шапағаты

Жаңа бизнес бастамаларға мүмкіндік ашып отырған мемлекеттік қолдау шараларына Жетісу өңірінің халқы белсене қатысып келеді. Осы ретте Алматы облысында аз қамтылған және көпбалалы отбасылар 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шағын несиеге қол жеткізіп, өз кәсібін жолға қоюға мүмкіндік алды.
БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ
«Еңбек» бағдарламасының көмегімен өз ісін жүргізуге кіріскен көпбалалы шаңырақ отағасының бірі – Көксу ауданының тұрғыны, алты баланың әкесі Жандос Қанабатыров. Ол бағдарламаның екінші бағыты бойынша мал шаруашылығымен айналысуға 4 миллион теңге несие алып, ірі қара өсіруге бел буды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Запастағы аға лейтенант Жандос Қанабатыров бұрын шекара қызметінде болған. Бүгінде бес ұл, бір қыз өсіріп отырған үлкен шаңырақ иесі бала-шағасының ризығын арттырып, мал шаруашылығымен айналыссам деген мақсатпен мемлекеттік бағдарлама арқылы қол жеткізген 4 пайыздық жеңілдетілген несие қаражатына 14 бас ірі қара сатып алған. Қазір сол күтіп-баптап, өсірген зеңгі баба тұқымынан сауылған ақтан сүтпен қатар құрт, ірімшік, сары май, кілегей, айран өнімдерін жасап, Балпық би ауылында тұрақты саудаға шығарып отыр. Әзірге бір адамды жұмысқа алған. Алды ер жетіп қалған балалары да әкесінің шаруашылығына көмектесуге әзір. «Мемлекеттік қолдау қарастырылған бағдарламаға қатысып, жеңілдікті несие алуға болатынын басылым беттерінен оқып білдім. Сосын қатысып көру керек деп шештім. Жеңілдікпен алған шағын несиеме мал алып, іс бастап жатырмыз.

Қазір, шүкір, мал қарауға, күтіп-баптауға ұлдарым да жарап қалды. Алдағы уақытта трактор жүргізуші мамандығын оқып, сиырлардың жем-шөбін өзім әзірлесем деп ойлаймын. Оған қоса ірі қара тұқымын асылдандырып, бірте-бірте сүтті бағытты да қолға алу жоспарымда бар», – дейді Жандос Қанабатыров.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қарағанда, биылғы жылдың бірінші тоқсанында Ақсу, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары мен Текелі қаласында аталған санаттағы бірнеше отбасы мүшелері «Еңбек» бағдарламасы бойынша жеңілдіктермен берілетін несиеге қол жеткізіп, өз істерін бастаған.
Жалпы өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға шағын несие беру шарттары жеңілдетілген. Атап айтқанда, микрокредит алу мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылып, берілетін микрокредиттің көлемі 6-дан 8 мың АЕК-ке дейін ұлғайды, бұл ретте номиналды сыйақы мөлшерлемесі 6%-дан 4%-ға дейін төмендеді. Облыста осы мақсатқа биылғы жылы бюджеттен 300 миллион теңге бөлінген. Өткен төрт айда ауылдық жерлердегі тұрғындарға 66,4 300 миллион теңгеге 16 шағын несие берілді. Ал, жалпы «Еңбек» бағдарламасын іске асыруға 17,8 миллиард теңге қарастырылған.
«Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында биылғы жылы 3,4 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бағдарламаға қатысып, шағын несие алған және грант ұтып алғандар арасында қапшағайлықтар да бар. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде Қапшағайдың отыздан астам тұрғыны осындай көмекке қол жеткізіп, жеке кәсібін бастаған екен.
Қапшағай қалалық әкімдігінің мәліметіне сәйкес, қазіргі күні 30 адам мемлекеттік грант, 3 адам шағын кредит алды. Соның ішінде бесеуі көпбалалы және аз қамтылған отбасы, 11-і – 29 жасқа дейінгі жастар, 2 адам – мүмкіндігі шектеулі жан, 12 грант иегері – басқа да санаттағы азаматтар.
Мемлекеттік қолдауға ие болғандардың қатарында кондитерлік өнерге бұрыннан бейімі бар, түрлі шеберлік сағаттарына қатысып, машығын жетілдірген Гүлнұр Задаш та бар. Қапшағайлық 25 жасар ана «Еңбек» бағдарламасына қатысып, 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни 555 600 теңге көлемінде грант ұтып алды. Кондитерлік іске керекті құрал-жарақтар мен ас үй комбайнын сатып алған. «Менің кішкентай балам бар. Сондықтан маған үйде отырып жұмыс істеген қолайлы. Мемлекеттің қолдауымен кондитерлік істі бастау арқылы мен соған қол жеткіздім. «Бастау Бизнес» курсында бізді бизнесті бастау, дамыту және нәтижесін көру, айналымдағы ақшаны есептеу сияқты кәсіпкерлік негіздеріне үйретті. Қазіргі таңда кондитерлер өте көп, бұл салада бәселестік те үлкен. Сондықтан үнемі өз шеберлігіңді жетілдіріп, дамытып отыруың керек», – дейді Г.Задаш.
Жас кәсіпкердің кондитерлік өнімдері қаладағы «Семерка» дүкенінде тұрақты саудаланады.
Бағдарлама аясында жаңа бизнес-идеясын іске асырғандардың тағы бірі – Мәдина Құлжабаева. «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алған ол «Халыққа цифрлық қызмет көрсету салонын ұйымдастыру» жобасын қорғап, 555 600 теңге грант иеленді. Қазір оның шағын орталығы қапшағайлықтарға сандық қызмет көрсетуде. «Бүгінгі цифрлық дәуір сұранысын зерттей келіп, халыққа осы тұрғыда қызмет көрсету тиімді деп шештім. Орталық қызметін пайдаланушы тұрғындар баршылық. Ісім ақырындап алға басып келеді, осылайша біртіндеп өсіп, дамиды», – дейді ол.
«Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша микрокредиттеуді және несиелер мен микрокредиттерді кепілдендіруді ұлғайту міндеттерін жүзеге асыру үшін биыл облыс бойынша қарастырылған 3 319,2 миллион теңге қаражаттың 239,2 миллионы қалалар мен моноқалаларға, ал 3080,0 миллионы ауылдық жерлерге шағын ниеселерге бөлінді. Былтыр бағдарлама аясында 4791,3 миллион теңге сомаға 1104 шағын несие беріліп, 1525 жұмыс орны құрылған.
Биылғы 1 сәуірдегі мәліметке сүйенсек, облыста 123 290 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Яғни аталмыш сала өткен жылмен салыстырғанда 1,6% ұлғайған. Осы кәсіпкерлік саласында 263,6 мың адам еңбек етеді.







