Нарық жаңалықтары

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ
Тоқтаусыз несиеге –
тосқауыл
Мемлекет басшысының тұтынушыларға тоқтаусыз несие беруге тосқауыл қою жөніндегі тапсырмасы орындалды.
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында хабарлады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы қыркүйекте жария еткен «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Тұтынушыларға тоқтаусыз, тіпті жауапсыз несие беруге нормативтік тұрғыдан тосқауыл қою керек. Оның айтарлықтай әлеуметтік зардабы болуы мүмкін. Азаматтардың қаржылық сауатының төмендігі оларға түрлі несиені жөн-жосықсыз тықпалауға себеп болмауы керек», – деп атап өткен болатын.
Енді Президент тапсырмасы бойынша азаматтардың кепілсіз тұтынушылық қарыздары мен микрокретиттері бойынша төлеу мерзімінен 90 күн өткеннен кейін айыппұл мен комиссиялар есептеуге тыйым салынды. Тұтынушыларға тоқтаусыз кредит беруге тосқауыл қою үшін банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігіне қатысты нормативтер екі есе күшейтілді. Қарыз алушылардың борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу талап етілетін болады. Кредит бойынша ай сайынғы төлемдер қарыз алушы табысының 50 пайызы деңгейімен шектеледі. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға ниесе беруге тыйым салынды.
ҰЛТТЫҚ БАНК
Халықаралық
резервтер төмендеді
Наурызда халықаралық резервтер 3,3%-ға (жылдың басынан бастап 5,9%-ға) төмендеді.
Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері биылғы наурызда алдын ала деректер бойынша 3,3%-ға (жылдың басынан бастап 5,9%-ға) төмендеп, 33,5 млрд АҚШ долларын құрады. Бұған негізгі себептер алтын бағасының құлдырауы, еуробондтарды өтеуге негізделген Ұлттық банктің шоттарындағы екінші деңгейлі банктер қаражаты көлемінің қысқаруы, сондай-ақ сыртқы борышты төлеу болды, деп хабарлайды қаржы реттеушісінің баспасөз қызметі.
Алдын ала деректер бойынша елдің жалпы халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (57,1 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, биылғы наурыздың соңында 90,7 млрд АҚШ долларын құрады.
Ақша базасы биыл наурызда 3,1%-ға кеңейіп, 9 859,5 млрд теңге болды (жылдың басынан бастап 0,8%-ға). Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 9,5%-ға 5 336,9 млрд теңгеге дейін (жылдың басынан бастап 4,9%-ға) кеңейді.
Биылғы наурызда ақша массасы 3,5%-ға ұлғайып, 26 171,9 млрд теңге болды (жылдың басынан бастап 5,0%-ға өсті), айналыстағы қолма-қол ақша 2 793,6 млрд теңгеге дейін 1,7%-ға ұлғайды (жылдың басынан бастап 1,2%-ға төмендеді).
Қаржы министрлігі наурызда 189,5 млрд теңге сомасына ұзақ мерзімді (МЕУКАМ) мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырды. Сол айдағы 12 облигация шығарылымында 1 жылдан 14 жылға дейін өтеу мерзімі бар мемлекеттік бағалы қағаздар орналастырылды.
ИНВЕСТИЦИЯЛық ҚОРЛАР
Қадағалау
саласындағы
ынтымақтастық
Балама инвестициялар қорлары басқарушыларын қадағалау саласындағы ынтымақтастық бойынша меморандумға қол қойылды.
АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) мен Грецияның Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиясы (HCMC) AIFM ЕС директивасына сәйкес Балама инвестициялар қорлары басқарушыларын (AIFM) қадағалау саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды «Астана» ХҚО баспасөз қызметі.
Меморандум маркетинг және хедж-қорлар, тікелей инвестициялар мен жылжымайтын мүлік қорлары сияқты балама инвестициялық қорларды басқару бойынша АХҚО қорларының басқарушыларына, Грециядағы кәсіби инвесторларға, сондай-ақ АХҚО-да балама инвестициялық қорларды басқаруға немесе ілгерілету мақсатында Греция үшін негіздемелік шарттарды белгілейді.
Әлемдік қаржы нарықтарының жаһандануы күшейіп, трансшекаралық операциялар мен балама инвестициялар қорларын басқарушылар белсенділігі ұлғаюына байланысты AFSA мен HCMC арасындағы ынтымақтастықтың ресімделуі балама инвестициялар қорларын басқарушыларын, трансшекаралық негізде жұмыс істейтін олардың делегаттары мен депозитарийлерін қадағалауда өзара көмекті қамтамасыз етеді. Осы келісім арқылы қадағалаушы органдар бір-бірімен өздерінің тиісті реттеушілік мандаттарын орындау мүддесіне сәйкес, әсіресе инвесторларды қорғау, нарық пен қаржылық тұтастықты нығайту, сенім мен қаржылық тұрақтылықты сақтау салаларында ынтымақтасуға дайын екендіктерін білдірді.
Рымтай САҒЫНБЕКОВА







