Технологиялық жаңғыру үрдісі

Толық автоматты өндіріс, әлемдік дәрежесі бар мықты технологиялар – бүгінде жоғары көрсеткіштерге, өнімді еңбекке қол жеткізудің бірден бір мүмкіндігі. Осы мақсатты ұстанған іргелі кәсіпорын, ферроқорытпа зауыттары үшін кокс, сондай-ақ болат пен темір құю өндірісін дамытушы – Qaz Carbon компаниясы жаңа көмір байыту фабрикасын іске қосты.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ
Инновациялық кәсіпорынның ашылу салтанатына премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр мен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты. Жылына 2,5 миллион тоннаға дейін көмір концентратын өндіруге қабілетті заманауи фабрикаға салынған инвестиция көлемі – 12 млрд теңге.

Индустрия 4.0 деңгейіне сәйкес келетін қазіргі заманға сай ақылды технологияларды енгізудің ерекше үлгісі болып табылатын бұл өндіріске шикізат ретінде жергілікті көмір пайдаланылады. Көмір дайындау зауытының құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталса да, қазірдің өзінде Qaz Carbon сағатына 300 тоннаға дейін жоғары сапалы көмір концентратын шығаруда. Кәсіпорын шикізаттың жалпы тау-кен массасынан пайдалы қазбаны барынша бөліп алуды жүзеге асыра алатын бірегей технологияның нәтижесінде кіріс күлі 15%-дан өзіндік күлі 2-3%-ға дейінгі көмірді байыта алады. Бүкіл процесс химиялық реагенттерді және суды тазарту бассейндері үшін үлкен алаңдарды қолданбастан жабық циклде жүреді. Яғни, мұның бәрі өз кезегінде қоршаған ортаға кері әсерді төмендетіп, өндіріс мерзімін қысқартып, шығындарын азайтады, нәтижесінде дайын өнімнің өзіндік құнына әсер етеді.
– Дайын өнімнің сапасы мен өндірістің технологиялылығын сақтауды бақылау толығымен автоматтандырылған және өндірісті басқару орталығының операторы арқылы жүзеге асырылады. Бұл бізге Қарағанды фабрикасы көмір концентратының барлық қолданыстағы халықаралық стандарттарға сәйкестігі туралы нық сеніммен айтуға мүмкіндік береді. Кәсіпорын нөлден бастап салынды, бұл жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін азғана өзгешелікті ескеруге мүмкіндік берді: біздің концентрат сапалы, органикалық энергия тасымалдаушылардың халықаралық нарығында бәсекеге түсе алады, – деді «Qaz Carbon» ЖШС құрылтайшысы Ерлан Нығматулин.
Дайын өнімді негізінен YDD Corporation Қарағанды ферроқорытпа зауыты тұтынады, дегенмен, байыту фабрикасы облыстың экспорттық географиясын кеңейтуде. Экспорттық әлеуетті дамытуға, отандық өңдеу секторын жетілдіруге және импортты ауыстыруға, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған жобаға Қазақстан Даму банкінің қарыз қаражаты ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қамтамасыз етілген. Бұл ретте «Qaz Carbon» серіктестігі әлемдегі тұрақсыз экономикалық және эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, банк қаражатын тиімді пайдаланып, фабриканы қысқа мерзімде іске қоса алды, аймақта 100-ден астам тұрақты жұмыс орнын құрды. Сонымен қатар ел бюджетіне болжамды салық түсімдері 300 миллион теңгені, еңбек өнімділігі бір адамға 8 миллион теңгені құрайды. Көмір байыту жобасын іске асыру кәсіпорын командасының үйлесімді жұмысының, сондай-ақ құрылтайшылардың Қазақстанда ірі инвестициялық жобаларды іске асырудағы мол тәжірибесінің нәтижесінде бір жылдан аз уақыт ішінде жүзеге асырылды. Жоба Қарағанды өңірінің экономикасын жан-жақты дамытуға және өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан бұл ілкімді іс еліміздің басқа да ұқсас кәсіпорындары үшін үлгі болатынына сенім мол.
– Біз осындай ауқымдағы бірқатар өндірістік нысандарды іске қостық және іс жүзінде елде жоғары қосымша құны бар өнім жасау үшін орасан зор шикізат базасы, бірегей инвестициялық ахуал бар екеніне көз жеткіздік. Ұлттық институттарды дамытуға мемлекет тарапынан қолдау – осының бәрі бүгінде Қарағандыда өңірді өндіріс көшбасшысына айналдыруға қабілетті тағы бір бірінші дәрежелі зауыттың пайда болуына ықпал етті, – деп атап өтті «Qaz Carbon» ЖШС құрылтайшысы Дэвид Кемертелидзе.







