Экспорт көлемі өсіп келеді

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
Бәсі түскен шикізат шекемізді шылқыта ма деп, көңіліміз күпті боп жүргенде күні кеше Лондонның ICE биржасынан ақжолтай хабар жетті. Tengrinews.kz интернет-басылымының жедел жазуынша, сауда-саттықта Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы 70 доллардан асып түскен. Бағаның мұндай серпініне соңғы екі-үш айдағы әлемдік алыс-берістің артуына орай жанармайға сұраныстың жандана бастауы себепкер болған. «Сөз сөзге сәулесін түсіреді» деп Зекең, Зейнолла Қабдолов бекемдеп кеткен көркемсөз қисыны экономикада кумулятивтік әсер деген атпен белгілі, яғни сүйекті саладағы ілкімді іс басқа буындарды да өгіздей сүйрей алады. Жолы болар шаруа мұндайда қапы қалмауға тиіс.
Экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуі адымын аштырмай әрі пандемия зардабы зәрезап қылған, назары төмен қаймана жұртқа рецессия келді, кері кеттік деп қара аспанды төндірмей, «жақсы сөз – жарым ырыс» рәуішімен жағымды жаңалықтарды теріп алып, ұсынып келгеніміз рас. Енді, міне, тілге тиек етіліп отырған оң бетбұрысты баянды етіп, шаруашылықтың өзге салаларындағы толымды тенденциялармен ұтымды ұштастыратын сәт туды. Осы орайда Еуразиялық экономикалық одақ статистикасына үңіліп, соңғы 5 жылда Қазақстан бірлестік елдеріне көкөніс экспортының көлемін 4 есеге, жемісті 2 есеге, сүт өнімдерін 3 есеге жуық ұлғайтқанына тоқталмақпыз. Пандемияға байланысты экономикалық өсім қарқынының баяулағанына қарамастан, өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 5,6 пайызға ұлғайған, ал одақ елдері бойынша бұл көрсеткіш орташа есеппен 2,3 пайызды құраған. 2016 жылмен салыстырғанда былтыр Қазақстан агрокешені өнімдерінің экспорты 1,5 еседен аса өсіп, 2,7 млрд АҚШ долларына дейін жеткен. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін ЕАЭО елдеріне жеткізу көлемі 5 жылда 26 пайызға өскен. 2016 жылдан бері Қазақстан ЕАЭО елдеріне көкөніс экспортының көлемін 9,1 млн доллардан 35,7 млн АҚШ долларына дейін 4 есеге, жеміс-жидекті 8,7-ден 16,2 млн АҚШ долларына дейін 2 есеге, сүт өнімдерін 2020 жылы 17,2-ден 49,5 млн АҚШ долларына дейін 2,9 есеге арттырған. Еліміз ауыл шаруашылығының терең өңделген өнімдері экспортының көлемін де едәуір ұлғайту әлеуетіне ие. Агроөнеркәсіп өнімдерінің өндірісі мен экспортының өсіміне ЕАЭО аясындағы мүмкіндіктерді оңтайлы пайдалану арқасында қол жеткізіп отырмыз. Бұл орайда Еуразиялық одақ барлық қатысушы мемлекеттердің экономикаларын тұрақты дамытуға жағдай жасау мен ұлттық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында құрылғанын, ЕАЭО туралы шартқа сәйкес агрокешен саласында әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ ресурстық әлеуетті тиімді іске асыруға және ортақ аграрлық нарыққа қол жеткізуге тең жағдай жасау үшін келісілген агроөнеркәсіптік саясат іске асырылып жатқанын атап өтуіміз керек.
Қазақстан ортақ іске сүбелі үлес қоса отырып, өз мүдделерін де ұмытпауда. Біздің еліміз Еуразодақта агрокешеннің орта мерзімді келешегіне арналған болжам жасаудың біртұтас жүйесін қалыптастыруға, асыл тұқымды өнім өндіруге қойылатын талаптарды біріздендіруге бағытталған салалық келісімдерді қабылдауға, экспортты дамыту саласында келісілген іс-қимылдарды қалыптастыруға мұрындық болды. Сонымен қатар технологиялық үдерістерді реттеуге арналған «Астық қауіпсіздігі туралы», «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы», «Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы», «Минералды тыңайтқыштарға қойылатын талаптар туралы», «Балық және балық өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» және «Жемістер мен көкөністерден жасалатын шырын өнімдері туралы» техникалық регламенттерді талдап жасауға атсалысты, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа шаралар топтамасын, соның ішінде қаржылық қолдау бойынша ұсыныстар әзірледі. Сонымен қатар импорттық алмастыру бойынша 2021-2023 жылдарға арналған жан-жақты жоспар жасалып жатыр. Биылдың өзінде агроөнеркәсіптік кешенде 285 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген, мұны орындау ауылдық жерлерде 7 мыңға жуық тұрақты жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Бұл жобалардың басым бөлігі ауылшаруашылық өнімдері импортын алмастыруға, яғни сүт фермаларын, құс фабрикаларын, жылыжайлар салуға, ауылшаруашылық өнімдерін терең қайта өңдеуге бағытталған. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында өндірістік қуаты 11,5 мың тонна болатын 4 сүт фермасы, 7,5 мың тоннаға құс етін өндіруге арналған 2 құс фабрикасы, 1,5 мың тоннаға орайластырылған 1 жеміс сақтау қоймасы іске қосылды. Діттеген міндеттерге сәйкес ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, дәнді дақылдар, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйені қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жергілікті өндірушілердің аграрлық сектордағы өндірістік үдерістің барлық кезеңдеріне тікелей қатысуына мүмкіндік бермек. Жалпы алғанда, үстіміздегі жылға арналған Жол картасы аясында отандық нарықты алмамен (8 пайыз), балықпен (75 пайыз), шұжықпен (7 пайыз), ірімшік және сүзбемен (7 пайыз), қантпен (65 пайыз), құс етімен (75 пайыз) қамтамасыз етуге қол жеткізу көзделген. Алға қойылып отырған осынау мақсат-міндеттердің мән-маңызын ауыл еңбеккерлеріне түсіндіруге бағытталған коммуникациялық саясат та назардан тыс қалмаған. Бұл орайда Ұлттық-аграрлық ғылыми-білім беру орталығының сарапшылары келелі істерді қолға алып, биыл республиканың әр өңіріндегі жетекші шаруа қожалықтары базасында фермерлерге арнап семинар-кеңестер өткізуді көздеп отыр.







