Өзекті мәселелер талқыланды

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Канадада өткен онлайн-конференцияда Қазақстанның жетістіктері мен екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Сыртқы істер министрлігі мәлім еткендей, конференцияны ашқан Қазақстанның Канададағы елшісі Ақылбек Камалдинов еліміздің осы жылдардағы негізгі жетістіктері мен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан жаңа реформалар жөнінде баяндап берді. Сондай-ақ Канада еліміздің маңызды сауда-экономикалық серіктесі және Қазақстанға тартылған шетелдік инвестициялардың елеулі көзі болып табылатынын атап өтті.
Канаданың Қазақстандағы елшісі Николя Бруссо өз сөзінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен сарабдал саясатының арқасында Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде Орталық Азиядағы ең қуатты және қарқынды дамып келе жатқан елге айналып, өңірлік көшбасшы және халықаралық беделі жоғары мемлекет ретінде қалыптасқанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның экономикалық нығаюының тарихына және елдің сыртқы саясатының бірегей моделін қалыптастыруға егжей-тегжейлі шолу жасады.
Жиында елімізде 20 жылдан астам қызмет етіп, экономикаға жүздеген миллион АҚШ долларын инвестициялаған канадалық компаниялардың басшылары да сөз алды. Олардың арасында «Cameco» уран компаниясының президенті, «Қазақстан-Канада» іскерлік кеңесінің теңтөрағасы, Қазақстанның Саскачеван провинциясындағы құрметті консулы, ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі Тим Гитцель, «Condor Petroleum» мұнай-газ компаниясының басқарушы директоры Норман Сторм, «Ex-Im Trading» бас директоры Дэвид Баркер және «AGI-CDC Kazakhstan» компаниясының басшысы Марк Финдлилер бар.







