Басты мәселе – киік санын қалпына келтіру

Күн тәртібінде тұрған мәселе – киік санын реттеу емес, оны қалпына келтіру.
Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ғалымдармен, экологтармен, жергілікті тұрғындармен кездесіп, кеңесті. Кездесу барысында Жәнібек, Қазталов, Бөкейорда, Жанғалы аудандарының халқы жайылымдарды сақтап қалу, сумен қамтамасыз ету жөнінде өз ұсыныстарын ортаға салды.
Мағзұм Мырзағалиев аталған мәселеге бір жақты қарауға болмайтынын айтып, арнайы жұмыс тобының құрылғаны туралы хабардар етті. «Екі жаққа да тиімді болар жүйелі шешімдер қабылдау үшін экология, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым министрліктерінің, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен институттардың өкілдерінен құралған жұмыс тобы іске кірісті. Зерттеулерді қысқа мерзімде аяқтау үшін барлық шараларды қарастыратын боламыз», – деді министр.
Осы ретте Мағзұм Мырзағалиев мәселе шешімінің үш жолын атады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. «Бірінші, жалпы ауданы 343040,1 га «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын, сондай-ақ жалпы ауданы 314505,1 га Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын құру. Бұл тұрғыда барлық негіздемелер дайын. Резерват құрудың арқасында жаңа жұмыс орындары да ашылады. Екінші, геологтардың қатысуымен қорық аумағында су көздерін анықтап, киіктерге жасанды суат дайындау. Бұл, әрине, тек киіктер үшін ғана емес, халық үшін де пайдалы. Үшінші, киіктердің Орал таралымының бір бөлігін Жайықтың оң жағалауына өткізу мәселесін қарастырамыз», – деді ведомство басшысы.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс тобының құрамына жергілікті шаруа қожалықтарының өкілдері де кіретінін, барлық зерттеулер мен шаралар ашық жүргізілетінін жеткізді.
БҒМ Зоология институты териология зертханасының меңгерушісі Алексей Грачевтің айтуынша, қазір киік санын реттеу мәселесін мүлдем қозғауға болмайды. «Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын, мәселені егжей-тегжейлі зерттеп-зерделеу қажет. Мемлекет өз уақытында киіктердің санын қалпына келтіру үшін үлкен ресурстар жұмсады. Қазір ол тек қалпына келу сатысында, яғни өзінің толық қалпына әлі жеткен жоқ. Сол себепті атуға рұқсат беріп, киік санын азайту туралы сөз қозғаудың өзі артық», – деп түйіндеді ғалым.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы – еліміздегі киіктер ең көп шоғырланған өңір. 2019 жылғы санақ бойынша облыс аумағында 217 мың бас киік болған. 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты санақ жүргізілген жоқ. 2023 жылға дейін киіктерді ғылыми тұрғыдан басқа мақсатта пайдалануға заңмен тыйым салынған.
Рымтай САҒЫНБЕКОВА







