Экономика өсу жолына түсті

13 мамыр 2021
Экономика өсу жолына түсті

Үкімет отырысында еліміздің биылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Премьер-министр Асқар Мамин дамудың қазіргі қарқынын алдағы айларда сақтау қажеттігін айрықша атап көрсетті.

Ұлттық экономика министр­лігінің талдауынша, Қазақстан экономикасының өсу құрылы­мында сапалы өзгерістер байқа­лады. Өткен 4 айдың қорытындысы бойынша еліміздің өсу траекториясына шығуы қамтамасыз етілді. Биылғы қаңтар-сәуір айларында ЖІӨ өсу қарқыны – 0,7%. Барлық салаларда қалыпқа келу серпіні бар. ЖІӨ өсуінде шикізаттық емес сектордың үлесі үлкен. Өңдеу өнеркәсібінде соңғы 10 жылда тұрақты және ре­кордтық жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етілді. Осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өсім 7,7% болды. Машина жасау (20,6%), оның ішінде автомобиль жасау (25,4%), локомотивтер мен вагондар (49,7%), электр жабдықтары (10,2%), компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар (52,3%) өндірісінде жоғары өсу қарқыны байқалады. Сонымен қатар химия өнеркәсібі (11,2%); киім өндірісін қоса алғанда (23,6%), жеңіл өнеркәсіп (4,9%); металлургия (3%), оның ішінде түсті (3%) және қара (2,7%) металлургия; азық-түлік өнімдері (3,9%) және сусындар өндірісі (5,1%); фармацевтика (26,2%) мен мұнай өңдеу (2,6%) салалары серпінді даму көрсетті. Құрылыс материалдары өндірісін (26,5%), құрылысты (12,5%), тұрғын үйді пайдалануға беруді (13,3%) қоса алғанда, құры­лыс секторында орнықты әрі жо­ғары өсу қарқыны қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығында өсу қарқыны 3%-ды құрады. Саланың тартымдылығын арттыру аясында ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнімдері өндірісіндегі негізгі капиталға салынған инвестициялар 50%-дан астамға ұлғайды. Тау-кен өндірісін есепке алмағанда, бүкіл экономика бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 32,3% өсті. Экономика өсімінің ең маңызды факторларының бірі – қызмет көрсету секторында оң динамика болды. Өсім сауда (5,7%), байланыс (11,1%), жылжымайтын мүлік операциялары (1,3%), қаржы және сақтандыру қызметі (1,6%) секілді салаларда байқалады. Биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласы барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды және Қостанай облыстары 6 көрсеткіш бойынша, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары 5 көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. Батыс Қазақстан облысында ең төменгі көрсеткіштер тіркелді.
Сонымен, орталық және жергілікті атқарушы ор­ган­дарға: 2021 жылға арналған эко­­но­микалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі өзектендірілген кешенді жоспарды тиімді іске асыру;  экономиканың басым секторларында ірі компаниялармен инвестициялық келісім­дерді іс жүзінде іске асыру; ауыл шар­уашылығы және құрылыс-монтаж жұмыстарының маусымын белсенді өткізу; «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Еңбек» бағдарламалары шеңбе­рінде таргеттелген тұрақты жұмыс орындарын құру; жаңа «өсу факторларын» дамыту және өңірлердің экономикалық байланысын күшейту сынды маңызды шараларға назар аудару ұсынылып отыр. Бұл экономикалық белсен­ділікті ынталандыруға және биылғы өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қаржы министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, осы жылғы 4 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 3 трлн 217 млрд теңге сомасында кіріс түскен немесе жоспар 117,1% орындалған. Республикалық бюджетке 1 трлн 909 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 106,7%-ға атқарылды.  Кірістер бойынша жоспар 120 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 88 млрд теңгеге асыра орындалды. Асыра орындау негізінен импортқа салынатын қосылған құн салығы, мұнайға экспорттық кеден бажы және корпоративтік табыс салы­ғы есебінен қамтамасыз етілді. Импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың асыра орындалуы өткен жылғы 1-тоқсанмен салыстырғанда үшін­ші елдермен импорт көлемінің 9,4%-ға ұлғаюымен байланысты. Бұл ретте Қытай Халық Рес­публикасынан импорт биылғы 1-тоқсанда 47,4%-ға немесе $525 млн-ға, оның ішінде биылғы нау­рызда 2,2 есеге немесе $348 млн артты. Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша асыра орындау экспорттық кеден бажы мөлшерлемесінің ұлғаюына байланысты. Корпоративтік табыс салығының асыра орындалуы­ның негізгі себебі – пандемия­ның экономикаға теріс әсер етуіне байланысты өткен жылдың салық базасының төмендеуі. Биыл әлемде экономикалық бел­сенділіктің біртіндеп қалпына келуі негізгі экспорттық тауарлар бағасының орта есеппен 32,5%-ға өсуіне әсер етті. Бұл мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 11%-ға немесе 47,7 млрд теңгеге ұлғаюына әкелді. Жергілікті бюджеттердің кірістері 136,7%-ға атқарылды және 1 трлн 308 млрд теңгені құрады. Жоспар 351 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 319 млрд теңгеге асыра орындалды. Барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалды. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,1%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,7%-ға атқарылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бюджеттердің барлық деңгей­лерінде атқарылу көрсеткіші жоғары. Республикалық бюджет бойынша сомасы 4,8 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 20 млрд теңгені құрады, оның ішінде 7 млрд теңге – үнемдеу. 13 млрд теңге игерілмеген. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 2,1 трлн теңгені құрады. 28 млрд теңге атқарылмаған. Биыл өңірлерге 1,9 теңге сомасында нысаналы трансферт көзделген. Ол үшін 1 мамырға 456 млрд теңге бөлініп,  98,9%-ы игерілген. Игерілмеген 5 млрд теңгенің 1 млрд теңгесі үнемделген болса, 4 млрд теңгесі игерілмеген. Ең көп игерілмеген сома Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында қалыптасып отыр.
Мемлекеттік аудит саласында биылғы 4 айдың ішінде камералдық бақылаумен сомасы 3,5 трлн теңгеге 395 мың мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 11 587 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды. Мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы 10 933 хабарламаны орындады. 1 124 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 604 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. 60 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізумен, қызметтерді көрсетумен және жұмыстарды орындаумен қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 44 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметінің тиімділігін жетілдіру мен арттыру үшін 947 ұсыным берілді. Мемлекеттік активтерді басқару саласында жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 673 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде сомасы 16,6 млрд теңгеге 22 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 20 объект сатылымға қойылды. 5 объект таратылуға жіберілді. Алдағы уақытта 626 объектіні өткізу керек. 
«Экономиканың оң өсімі – пандемияны тежеу, сондай-ақ елдің жеке секторы мен өнді­рістік әлеуетін қолдау жөнін­дегі шараларды іске асыру тиім­ділігінің маңызды индикаторы. Экономиканың осы қарқынын алдағы айларда сақтап, оны ұл­ғайту маңызды», – деді А. Мамин. 
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше назар аударуды, жергілікті бюджет есебінен форвардтық азық-түлік сатып алуды қаржыландыруды 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды және айналым схемасы бойынша қаржыландыруды 50 млрд теңгеге дейін жеткізуді тапсырды. Премьер-министр ішкі және сыртқы инвестицияларды, әсіресе, шикі­заттық емес салаларға тарту, шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуды қолдау, жұмыспен қамтамасыз ету және халықтың нақты табысын арттыру қажеттігін атап өтті.

Бетті дайындаған – 
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Экономика өсу жолына түсті · Мұрағат