Біз біргеміз!
3 мин оқу 321

Металлургтер әркез көмекке әзір

13 мамыр 2021
Металлургтер әркез көмекке әзір

Ақтөбеде коронавируспен және пневмониямен ауырып жатқан науқастар санының күрт өсуіне байланыс­ты қатерлі жағдай қайта өршіді. Қиын сәтте көмек қолын созған Ақтөбе ферроқорытпа зауытының металлургтері екі апта ішінде қала ауруханаларына 600-ден астам оттегі баллондарын жеткізді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Өткен жылғы жазда қаладағы ауруханалар толып, оттегі тапшылы­ғы мәселесі туындаған сын сағатта Қазхром қызметкерлері компания­ның миссиясы мен құндылықтарын басшылыққа ала отырып, дәрігерлерге көмек көрсетіп, оттегі баллондарын тәулік бойы жеткізіп тұрған еді. Ол кезде металлургтер тәулігіне 300-ден астам, яғни маусым мен қараша айлары аралығында 7,5 мың тоннадан астам баллон толтырған. Пандемия басталғалы бері қазхромдықтар еш аянбай өз көмек-қолдауларын тигізуде. #Bizbirgemiz науқаны­на қолдау көрсету үшін басқару аппаратының қызметкерлері ерікті түрде 2 миллион теңге қаражат жинады. Оның ішінде 1 миллион теңге Ақтөбе ауруханаларының кіші медициналық қызметкерлеріне қаржылай көмекке бағытталды. Еріктілерге болысып, күн сайын Ақтөбедегі өткізу пункттерін ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырды. Барлық филиалдарда ардагерлерге арналып 130-дан астам азық-түлік жиынтықтары жеткізілді. 
Қазхром компаниясының жетекшілері мен қызметкерлері дәрігерлердің өтінішіне бұл жолы да үн қатып, қала ауруханаларына қажетті оттегі баллондарын қайта толтыра бастады. ERG құрамындағы «Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты тек өткен демалыс күндерінің өзінде 220 баллон толтырды. Қазір облыстық туберкулезге қарсы, наркология дис­пансерлеріне және жұқпалы аурулар ауруханасына оттегі баллондары жеткізіліп жатыр.
– Өкінішке орай, коронавирус инфекциясының таралуы әлі де бәсеңдемей тұр. Ауруханалар тағы да оттегіне зәру. Біздің мамандар барынша қажетті оттегі баллондарын толтыру үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды, – деді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Жалғас Мұсабеков. – Оттегі учаскесінің қызметкерлері әзірге өз күштерімен атқаруда. Дегенмен, керек болған жағдайда өзге цехтардың мамандарын тартамыз. Өткен жылғы тәжірибе көрсеткендей, біздің қызметкерлер көмекке әркез дайын. Олар адам өмірін құтқару үшін еш аянып қалмайды. Біз қажет болғанша оттегімен қамтамасыз етеміз. Қазір зауыттықтар көмек керек болса, ауруханаларға өздері тиеп, жеткізіп береді.
Өткен жылдың желтоқсан айында оттегі учаскесіне жаңадан ауа бөлетін қондырғы сатып алынып, орнатылған. Ол сағатына 530 текше метр оттегі өндіруге қабілетті. Бұл бұрынғы ескірген жабдықтың қуатынан 30%-ға артық. Мұнда да ескі жабдық секілді сертификаттарға сәйкес медициналық мақсатқа жарамды 100%-ға жуық жоғары таза оттегі өндіріледі. Бұл оттегі бұған дейін де қалалық ауруханаларда аз мөлшерде қолданылған. Егер бұрын айына шамамен 30 баллон болса, бүгінде күніне жүзге жуық оттегі баллоны жіберіледі. Оттегінің құрамы мен тазалығын зауыт қызметтері қатаң қадағалайды. Сондай-ақ ол ауруханалардың сұра­нысы бойынша жеткізіледі.
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты энергетикалық цехының пайдалану жөніндегі менеджері Николай Ткаченконың айтуынша, жаңа қондырғы өз мерзімін өтеп шыққан ескі жабдықтың орнына қойылды. Былтырғы жазда бұл учаске тәулік бойы жұмыс істеп, қалалық ауруханаларға оттегі баллондарын толтыру кезінде осы жүктемеге шыдас берген. Ал жаңа, заманауи қондырғы одан да қуатты.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Металлургтер әркез көмекке әзір · Мұрағат