Көш жүре түзеледі, дегенмен...

13 мамыр 2021
Көш жүре түзеледі, дегенмен...

Қазақ жастары өзге тілде сөйлеуге неге әуес?

Қай кезде болмасын тіл мәселесі – сол тілде сөйлейтін, сол тілден сусындаған, ұлттық, ділдік белгісі болып саналатын халықтың мәселесі. Әрбір халықтың өз ана тілі – сол халық үшін өзіндік мәні бар киелі ұғым. Себебі, Қазақстан  Республикасының  егеменді, тәуелсіз мемлекет екендігін айқындайтын негізгі коституциялық құқық белгілерінің бірі – мемлекеттік тіл.

Нұрлан ҚҰМАР

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газе­тінде жариялан­ған мақала­сын­да көкейкесті мәселенің біріне айнал­ған мемлекеттік тілге өз толға­нысын жеткізді. «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» деп аталатын мақа­лада елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарға тоқталып, ана тіліміздің берік орнығуы үшін қажет шараларды да айқындап берді. Елімізде тұрып жатқан кез-келген азамат қазақ тілінде еркін сөйлеуі қажет екендігін Мемлекет басшысы атап өткен болатын. «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бас­тысы, ынта болуы керек», – деп атап өткен болатын. 
Иә, Президентіміз мемлекеттік тілге ерекше басымдық бергенін аңғаруға болады. Сонымен қатар қазіргі таңда жастардың халықаралық тілде аз уақыттың ішінде үйреніп шығатынын да атап өткен. Расында да қазіргі қазақ жастары бір-бірімен жолықса қай тілде сөйлейді?! Жасыратыны жоқ, әсіресе, қала балалары орысша сөйлесуді жөн санайды. Бұл аздай қазір елімізде әртүрлі тілде оқытатын үйірмелер көбейді. Сөз жоқ, бұл жерде бәрінен де ағылшын тілінің оқыту жүйесі өте жақсы жолға қойылған. Бұдан бөлек, қазақ жастары өзге де шетел тіліне деген қызығушылығы артып келе жатқанын да аңғаруға болады. Мәселен, түрік, француз, қытай тіліне деген сұраныс та жылдан-жылға артып келеді. Әлемде ағылшыннан кейін кең таралған испан тілін меңгергісі келетін жасөспірімдердің де қарасы артқан. Құранды оқып түсіну үшін араб тіліне деген ынта-ықылас артқанын да көріп жүрміз. Мейлі жастар өзге тілді үйрене берсін дейміз. Дана халқымыз «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» деп бекер айтпаған.  Әйтсе, де шетел тіліне әуестеніп алған жас жеткіншектер алдымен ана тілін жетік меңгерді ме екен деген орынды сұрақ әрдайым да көкейімізде тұрады. Себебі, тіл оқытатын орталықтың көбісі орыстілді аудиторияға негізделген. Сондықтан ресми тілде жақсы меңгергендер орталыққа барып оқуда. Бұған бір жағынан өзіміз де кінәліміз. Мәселен, қазақ – испан тілінің түсіндірме сөздіктері мен грамматикалық талдау жөнді жазылмаған. Сонымен қатар, әлемдегі қиын тілдердің бірі болып саналатын қытай иероглифтерінің қалай дыбысталатыны жайлы нақты кітап та жоқтың қасы. Егер жолға қойса ресми тілден гөрі, қазақша әлдеқайда ұтымды болар еді ғой. Себебі, қытайша, ағылшынша, французша, араб тілдерінде болсын қазақтың «ң», «ө», «ә», «ғ», «і» деген әріптері ортақ қолданылады емес пе?! Бұдан шығатын, қорытынды қазақша түсіндірме оқулықтардың аз болуынан көптеген жастар орысша үйретілген әдістеме бойынша шетел тілін игеріп жүр. Бұл жерде ең алдымен айтарымыз, жасөс­пірімдер алдымен қазақ тілін жетік меңгерсе екен дейміз. Ақын Қадыр Мырзаәлінің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп айтуы тегіннен-тегін болмаса керек.   
Бұдан басқа жастардың өзге тілде сөйлеуіне әдеби кітаптар мен әлеуметтік желілердің де қосып жатқан үлесі бар. Мысалы, орыс тілінде балаларға ұғынықты, қызықты етіп жазылған кітаптар көп. Ал, «Youtube» арнасында бүлдіршіндерге арналған көптеген қызықты бағдарламалардың қарасы қалың. Ал, қазақ тілінде балалар тақырыбында жазылған шығармаларды аздап қана кездестіресіз. Бұған қатысты Мемлекет басшысы биылғы өз мақаласында да атап өткен еді. «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары», – деп бекерден-бекер атап өтпеген. Өйткені, ел ертеңі – болашақ жастардың қолында.  Әрі, Құдайға шүкір елімізде демографиялық жағдай жақсы. Халқымыздың көпшілігін жастар құрайды. Егер жастарға қазірден бастап мемлекеттік тілде сөйлейтіндей дәрежеге түсірсек, елдігіміздің болашағы жарқын болмақ.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Көш жүре түзеледі, дегенмен... · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар