Егін орағы
6 мин оқу 468

Қадір-қасиетін бағалай білсең – жер жомарт

6 мамыр 2021
Қадір-қасиетін бағалай  білсең – жер жомарт

Ақ Жайық өңіріндегі диқан қауымының техникасы сайлы, көңілі күпті. Соңғы жылдары қуаңшылықтан көз ашпадық. Күні кеше қош айтысқан  қыс мезгіліне жердегі ылғал қоры аз күйде ендік. Ылғалдың тапшылығы қоңыр күзде сезіліп-ақ тұрды. Биылғы қыс мезгілінде қар көп түсті. Бірақ қар суы мол болса да, жерге тез сіңіп кетті. Дана халқымыз «Қысың қарлы болса – жер семіз, көктемің жаңбырлы болса – дән егіз» дегендей, биыл мол өнімнен дәмелі сыңайдамыз.

 Гидромет қызметкерлері де күзгі-қысқы мезгілдегі топырақтың жоғары қаба­тындағы ылғал қоры 2018 жылғыдан артық деседі. Облыс аумағында көктемгі дала жұмыстары басталар кезеңге топырақтың метрлік қабатындағы ылғалдану жағ­дайы топырақтың далалық төменгі ылғал сыйым­ды­лы­ғынан 55-73% немесе өнімді ылғал қоры 72-145 мм шамасында болады деп күті­луде. Бұл жаман көрсеткіш емес. Диқаншыларға жердің ылғал қорының қаншалықты екенін білудің жөні бар. Өйт­кені олардың алдында әдет­тегідей ылғал кеуіп кетпей тұрып, дән себу жұмыстарын тиянақты әрі жылдам атқару міндеті тұр. Тағы бір маңыз­ды мәселе – егін егу технология­сын сақтау. Онсыз мол өнім алу еш мүмкін емес.

КҮЗДІК ПЕН  МАЙЛЫ ДАҚЫЛДАРҒА

БАСЫМДЫҚ

Биыл Батыс Қазақстан об­лысында ауыл шаруашылығы алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша жа­салған меморандумға сәй­кес егістік алқабы 515 мың гек­тар­ды құрауы тиіс.

Облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасының ұсынған мәліметіне сүйенсек, дәнді да­қылдар алқабы 232 мың гектар (күздік дәнді дақылдар – 86 мың га, жаздық дәнді дақылдар – 146 мың га), майлы дақылдар 80 мың гектар болмақ. Майлы дақылдар ішінде күнбағысты 55 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Картопты 4400 гектарға және көкөніс-бақша дақылдарын  5500 гектарға егу көзделген. Сонымен қатар мал азықтық дақылдардың егісі 193 мың гектар, оның ішінде біржылдық шөптер – 20,5 мың га, сүрлемдік дақылдар – 1,0 мың га, көпжылдық шөптер – 26,0 мың га құрайды. Өткен жылдардан қалған көпжылдық шөптердің алқабы – 145,5 мың га. Өткен жылғы егістік алқабының ауданымен салыстырғанда биыл дәнді дақылдар 4,9 мың гектарға, мал азықтық  дақылдар  9,7 мың гектарға және картоп, көкөніс-бақша дақылдары алқабы 620 гектарға ұлғаяды.

Қазіргі таңда көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы техникасы 100% дайын. Бұл жұмыстарға  4764 трактор, 2731 дәнсепкіш, 691 қопсытқыш және 45 егіс кешені  қатысады. Облыс бойынша көктемгі егіске қажетті тұқым көлемі толық­тай дайындалған. Жаздық дәнді дақылдар тұқымынан 16,2 мың тонна қажет болса, оның бүгінгі күнге дайындалғаны 16,3 мың тонна немесе қажеттіліктің 100,5%-ын құрайды. Ал майлы дақылдар тұқымының қажет 0,84 мың тоннасы  0,85 мың тонна болып дайын тұр. Мал азықтық дақылдар тұқымының қажеттілігі  0,68 мың тоннаны құраса, ол 100% дайындалды. Картоп тұқымының егуге қажет шамасы 6,0 мың тонна болып толықтай әзірленген.   

Аталмыш басқарманың егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуанышқали Есімовтың айтуынша, аудандардың берген мәліметіне сәйкес биыл  облыстағы барлық егіс алқабы 540 мың гектарды құрайды деп күтілуде. Өңірдің климаттық жағдайына қарай күздік дәнді дақылдар жаздық дәнді дақылдармен салыстырғанда орта есеппен гектарына  10-13 центнерден артық өнім береді. Соңғы кездері осыны түсінген шаруалар күздік дақылдарды егуге бет бұруда. 2019 жылы күздік дақылдар егістігі 70 мың гектарды, 2020 жылы 80 мың гектарды құрады. Ал  биыл оның шамасы 95 мың гектарға жеткізілмек. «Өңірдің өсімдік шаруашылығындағы экономикасын негізінен күздік және майлы дақылдар көтереді. Соңғы үш жылда майлы дақылдар егістігі 52,3 мың гектардан 118,9 мың гектарға жетіп, екі есе өсті. 2018 жылы егістіктің 74%-ына күн­бағыс егілсе, былтыр ол 44%-ды құрап, шаруашылықтардың басым көпшілігі мақсары өсіруге ден қойды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары өндірістің кіріс­тілігін көтеру үшін жаңа технологияларды іздестіреді, жаңа тұқым сұрыптарын пайдаланады. Бүгінде нарықта мақсарыға сұраныс күшті. Бұл дақылды тұтынушы негізінен – Қытай. Өткен жылы қуаңшылықтың салдарынан күн­бағыс  пен мақсары тоннасы­ның бағасы 252 мың теңгеге жетті. Екеуінің де бағасы бірдей болған соң, шаруалар өсіру шығыны аздау мақсары еккенді жөн санайды. Соңғы жылдары шаруашылықтар нарықтағы сұранысты пайдаланып, өздерінің қаржылық жағдайын түзетуге мүмкіндік алды. Мұның өзі шаруаның пайда тауып,  жаңа техника, сапалы тұқым сатып алуына жол ашады», – деді Қ.Есімов.

ТЕХНОЛОГИЯ САҚТАЛА МА?

Өңірдегі диқандарға егін егудің агротехникалық шараларын ауыл шаруашылығы басқармасы  «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС-мен бірлесіп жасақтап, тауар өндірушілерге насихаттайды. Ондай нұсқаулықта әрбір дақыл бойынша егу технологиясы нақты көрсетіледі. Әрине, агротехникалық шараларды сақтау мол өнімнің кепілі екені сөзсіз.  Мамандар тұқымды улау, егістікті тыңайтқыштармен өңдеу мәселелерінің мән-маңызға ие екенін айтады. Жақында бұл тақырыпта басқармадағылар тауар өндірушілермен бірге екі семинар өткізді. Дәнді және өзге де дақылдарды өсіру – күрделі іс.  Ең бастысы, егіншілер агротехникалық шаралардың барлығын мүлтіксіз орындауы керек. Егер  нұсқаулықта көрсетілген бір іс-шараны ұмыт қалдыратын болса, өгілген тер текке кетіп, егіннің шығымы нашарлайды. «Көктемгі жауын-шашын да жердегі ылғалды толықтырады. Халықтың болжамына сүйенсек, биыл егін бітік шығады деп қуантуда. Бірақ климаты құбылмалы біздің өңірде табиғат мінезі күрт өзгеріп шыға келуі ықтимал. Сондықтан биыл дәнді дақылдардан мол өнім аламыз деп, арқаны кеңге салуға болмайды. Соңғы күндердегі жаңбырдың жаууы диқандарды қуантып тастады. Сәуірдің 5-інде түнде жерге 4 мм-лік ылғал түсті. Бұл күздік дақылдардың өсіп-өнуіне қолайлы әсер етеді. Маған хабарласқан ауыл шарушылығы құрылымдары өкілдеріне сәуірдің 10-ынан бұрын жерді тырмалауды бастамаймыз деп ескерттім. Жаздық дәнді дақылдарды сәуірдің үшінші онкүндігінде, ал майлы дақылдарды сәуірдің соңы мен мамырдың басында егуді бастадық. Облыстың оңтүстік аудандары қазір егін салмайды. Барлығы да күн райына, табиғат жағдайына байланысты», – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында  24 жыл еңбек еткен, өсімдік шаруашылығы бөлімін басқарған белді маман, еңбек ардагері Николай Зинченко өз болжамымен бөлісіп. 

Николай Григорийұлы өзі еңбек еткен жылдары агротехникалық шараларды сақтаған шаруашылық құрылымдарының әрқашан табыс төрінен табылғанын  айтады. Сондықтан  көктемгі егіске дайындық кезінде тұқымның сапасына қарау керек дегенді алға тартады.   «Тұқымды себу мөлшерін берік ұстанған дұрыс. Көпшілік тауарөндіруші тұқымды шамадан тыс себуге құштар. Біздің облыстың егін егу тәуекелі зор болғандықтан, дақылдардың қалыптасу кезінде ылғал мөлшері аз болады.  Сондықтан тұқым себу жылдамдығын сақтау қажет. Тұқымды қажетті тереңдікте егу де маңызды. Ылғал жабуға көбіміз мән бермейміз, ол да – жаздық бидай үшін қажетті шара. Жылда егін салатын диқандар егу технологиясын жақсы біледі. Білген дұрыс-ау, бірақ оны сақтаудың жөні бір бөлек. Өңірдегі егінші ағайынға биыл егініміз өнікті болсын деймін», – деді ол.

 

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ

БАҒДАРЛАМАЛАРЫ

 

Елімізде егін өсірумен айналысатын шаруашылықтарды  мемлекеттік қолдау бағдарламалары жасақталған. Соның бірі – тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау. Бұл бағдарлама бойынша өңірдегі диқандарды қолдауға биыл 250 млн теңге бөлінді (2020 ж. – 176 млн теңге). «Бұл бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері нақты сатып алған  элиталық және бірінші репродукциялы тұқымдарға және бірінші ұрпақ будандары тұқымдарына, элиталық көшеттерге жұмсалған шығындарын ішінара (50-70%) өтеу үшін субсидиялау қарасты­рыл­ды. Биыл егісте пайдаланылған элиталық тұқымдардың үлесін 7%-ға дейін (2020 жылы элита тұқымының үлесі  – 6,3%) I репродукциялы – 28,5%-ға,  II репродукциялы – 34,7%-ға, III репродукциялы – 29,3%-ға арттыру көзделуде», – деді Қуанышқали Есімов.

Сондай-ақ мемлекет шаруалар егістіктен алынатын өнімді арттыру үшін сатып алған тыңайтқыштар құнын субсидиялайды. Биыл сатып алынған тыңайтқыштардың  құнын 50% субсидиялауға жергілікті бюджеттен 150 млн теңге (2020 ж. – 136,4 млн теңге) қаражат бөлу көзделуде. Осы жылы тыңайтқыштың 473 түрі субсидияланатын болады. Ал пестицидтер құнын субсидиялауға тоқталсақ,  өсiмдiктердi қорғау мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге арналған пестицидтердiң құны  50%-ға субсидияланады. Бұл мақсатқа   биыл бюджеттен 103,3 мың теңге бөлінді (2020 ж. – 66,6 млн теңге). Биыл пестицидтердің 671 түрі субсидияланатын болады. Осының барлығы түптеп келгенде елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған шаруаларды мемлекеттік тұрғыда қолдау болып табылады.

Батыс Қазақстан облысы

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Қадір-қасиетін бағалай білсең – жер жомарт · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар