Макроэкономика
4 мин оқу 104

Макроэкономикалық саясат іргетасын бекемдеу керек

6 мамыр 2021
Макроэкономикалық саясат іргетасын бекемдеу керек

Жетпісбай  Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Кез келген қоғам, оның институттары бірде өрлеп, бірде ылдилап, іркесе-тіркесе, циклды түрде дамиды. Мұның экономикада «Кондратьев толқындары» деген атауы да бар. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, өркениеттік дамудың осы онжылдықтағы ойпаңына толқынмен ілесе пандемия індетінің де құлдилуы  әлем шаруашылығын тұралатып-ақ тастады. Талай тоқырауды бастан өткерген әккі алпауыттар мұндайда тиыннан теңге үнемдеуге кіріседі, етек-жеңін қымтап, бары мен жоғын түгендеуді ең алдымен  макроэкономикалық саясат іргетасын бекемдеуден бастайды. 
Соқтықпалы, соқпақсыз, қиын-қыстау замандарды бастан кешірген Қазақстан үшін бұл кезең елдің елдігі, ердің ерлігі безбенге түсер  сындарлы шақ болғалы тұр. Тарих көрсеткеніндей, дәйекті макроэкономикалық саясат экономика субъектілерінің ұлттық валютаға деген сенімінің селдіремеуін қамтамасыз етеді. Бұл ретте макроэкономикалық тұрақтылықты сақтап, әртараптандыруға иық артқан құба-құп. Ал, Қазақстан экономикасының төмен әртараптандырылуы төлем балансының тосын өзгерістерге сезімтал болуына себепкер.  Аталған проблеманың негізгі шешімдерінің бірі қосылған құны жоғары тауарларға бағытталған шикізаттық емес экспортты ұлғайту болып табылады. Металдардан жасалған бұйымдар, химия өнеркәсібінің өнімдері, жанар-жағар май, құрылыс материалдары, азық-түлік тауарлары, машина жасау саласының өнімдері, тоқыма, киім және аяқ киім, зергерлік бұйымдар және галантерея – шикізаттық емес экспортты ұлғайту үшін әлеуетті тауарлар. Бұл тауарлар төлем қабілетті сұраныстың болуымен, баға артықшылығымен әрі сату нарықтарының логистикалық қолжетімділігімен сипатталады. Шикізаттық емес экспортты ұлғайту және кәсіпорындарды қосылған құнның жаһандық тізбегіне енгізу жөніндегі жұмыс басым тауарлардың жаңа желісінде мемлекеттік қолдау шараларын шоғырландырып, бағыттауды, стандарттау, сертификаттау және сапаны бақылау институттарын дамыту жөніндегі кешенді жұмысты, экспорт үшін басым елдерде қазақстандық бизнестің мүдделерін қорғауды күшейтуді, сауда әріптестерін іздестіруге көмектесуді және коммерциялық келіссөздер жүргізуге жәрдемдесуді қамтуға тиіс. Ал, төлем балансының тұрақтылығын арттыру импортқа жоғары тәуелділіктен тұратын тағы бір құрылымдық пробле­маны шешуді талап етеді. Отандық өндіріс шикізат секторында шоғырланған және бизнес пен халықтың дайын тауарларға қажеттілігін толық көлемде өтемеуде. Осының салдарынан елдің импортқа тәуелділігі жоғары болып, тіпті өсе түсуде. Импортқа тәуелділік ресурстарды тиімді және ұтымды пайдалану кезінде ел ішінде өндіруге болатын салыстырмалы түрде қарапайым тұтынушылық тауарлар бойынша да байқалады. Қара және түсті металдардан жасалған бұйымдар, кабелдік-өткізгіш өнімдер, құрылыс материалдары, резеңкеден жасалған бұйымдар, тұрмыстық химия, балалар ойыншықтары, аяқ киім, бас киімдер, сөмкелер, қант, күнбағыс майы, құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, балық импортты алмастыру үшін тиімді тауарлар болып табылады. Осындай тауарлар импортын алмастырудың алғышарттары шикізат базасын, тұрақты ішкі сұранысты талап етіп, игерілмеген тауар түрлерін туғызуда. Импортқа тәуелділіктің экспортты әртараптандыруға парапар ауқымда төмендеуі  тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау шараларын шоғырландыру мен бағыттауды талап етеді. Мемлекеттік қолдау өндірістің инновациялылығы мен тиімділігін арттыруға баса назар аудара отырып, тек қана бәсекелес кәсіпорындарға берілуге тиіс. Мемлекеттік бағдарламалардың ба­сым­дығында инфрақұрылымды жақсарту және биз­нестің көліктік және логистикалық шығасыларын азайту арқылы қазақстандық өндірушілердің ірі сауда желілеріне қол жеткізуі жеңілдетілуі тиіс. Импортқа тәуелділіктің төмендеуі ішкі нарықты күнделікті пайдаланылатын тауарлармен толтыруға мүмкіндік береді және елдің экономикалық қауіпсіздігін арттырады. Макроэкономикалық көрсеткіштерге қысым көрсету арқылы төлем балансының ағымдағы шоты, айырбастау бағамы, инфляция төмендейді, ішкі валюта нарығындағы теңгерім қалпына келеді. Фискалдық тәртіпке негізделген теңгерімді бюджет саясаты экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етудің шарттарының бірі болып табылады, бұл іскерлік белсенділіктің өсу және құлдырау циклдерін жақсы жеңуге, ысынудың алдын алуға және рецессияға жол бермеуге мүмкіндік береді. Оңтайлы фискалдық сая­сат негізгі мақсаттарды анықтайтын, жүргізіліп жатқан саясаттың сенімділігі мен болжамдылығын қамтама­сыз ететін нақты қағидалардың ресми жиынтығын айқындайды. Макроэкономикалық саясат қысқа мерзімді келешекте бюджеттік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін де, күтпеген өзгерістерге бейімделу үшін де икемділіктің жеткілікті деңгейіне ие болуы керек.
Биылғы жылдан бастап мұнайға жатпайтын тапшылықты біртіндеп төмендетуге және мемлекеттік шығыстардың өсуін шектеуге ықпал ететін бюджет қағидалары енгізіледі. Бұдан бөлек, экономиканың мұнайға жатпайтын секторларының өнімділігін арттыру және дамыту жөніндегі міндеттерді шешу шеңберінде инвестициялық шығыстардың басымдылығын арттыра отырып, мемлекеттік шығыстардың құрылымын оңтайландыру қажет болады. Аталған міндеттерді айқындау ауқымында инвестициялық шығыстардың басымдығын арттыра отырып, мемлекеттік шыға­сылардың құрылымын оңтайландыру қажеттігі туындайды, бұл ретте тілге тиек етіліп отырған мәселелердің контрциклдық сипаты экономиканың тұрақтылығын арттырады және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Макроэкономикалық саясат іргетасын бекемдеу керек · Мұрағат