Еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселе

Еліміздегі жұмысшылардың құқығын қорғау – Еңбек инспекциясының басты міндеттерінің бірі. Осы ретте еңбек инспекциясы жұмыскер мен жұмыс берушінің өтініштерін, арыздарын және шағымдарын қарап, Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады, сонымен қатар жұмыс берушілер ұсынған ұжымдық шарттардың мониторингін жасайды.
Өндірістік жарақаттану себептеріне талдау жүргізеді және оның профилактикасы жөнінде ұсыныстар әзірлейді, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен тергеп-тексереді. «Мемлекеттік еңбек инспекциясы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтап, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында іске асырылады», – дейді Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бас маманы, мемлекеттік еңбек инспекторы Ержан Нарботаев.
Иә, Алматы қаласы – басқа өңірлерге қарағанда мәдениеті дамыған, экономикалық жағынан жетілген алдыңғы қатарлы ірі мегаполис. Қалада қаншама өндірістік кәсіпорындар адамдарды жұмыспен қамтып отыр. Дегенмен, мекемеге келіп түсетін шағымдар жұмысшылардың еңбекақыларын дұрыс төлемеуінен болып жатады. Өйткені, қызметкерлерді жұмысқа қабылдау кезінде жұмыс беруші еңбек шартын уақытында жасамағандықтан, соңы дауға әкеледі. Бүгінгі күні бұл еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелердің біріне айналып отырғаны жасырын емес. Әрине, заң жүзінде әрбір қызметкер өз еңбек мүддесін қорғауы үшін ұжымдық еңбек шартқа отыруы абзал. «Еңбек кодексінің (бұдан әрі – кодекс) 36-тармақшасының 1-тармағына сәйкес, еңбек шартында – жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісім жасалып, соған сәйкес жұмыскер белгілі бір жұмысты жеке өзі орындауға, еңбек тәртібін сақтауға міндеттенеді, ал жұмыс беруші жұмыскерге келісілген еңбек функциясы бойынша жұмыс беруге, осы кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік - құқықтық актілерінде, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, жұмыскерге уақытылы және толық мөлшерде жалақы төлеуге міндетті», – дейді инспектор.
Еңбек шарты жазбаша түрде кемінде екі данадан жасалады. Еңбек шартының бір данасы жұмыскерге беріліп, бір данасы жұмыс берушіде сақталуы тиіс. Кодекстің 33-бабына сәйкес еңбек шартын жасасу, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында жүргізілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 3 қыркүйектегі № 353 бұйрығымен бекітілген «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде еңбек шарты туралы мәліметтерді ұсыну және алу ережелеріне» сәйкес жұмыс беруші еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне қызметкермен еңбек шартын жасасу және тоқтату туралы ақпарат енгізуге міндетті. Е.Нарботаевтың мәлімдеуінше, бүгінгі күні Алматы қаласында 400 мыңға жуық жұмысшыны қамтитын 12 мыңнан астам ұжымдық келісімшартқа қол қойылыпты. Жұмыс беруші тарап еңбек шартына қол қойған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жаңадан жасалған еңбек шарттары туралы мәліметтерді енгізуге тиіс. Қызметкер еңбек шартын жасаспай қызметтік міндеттерін жүзеге асыруға жіберілген жағдайда, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапты болады. Еңбек шартының мерзімі өткен кезде тараптар оны белгіленбеген немесе бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге ұзартуға құқылы. Ал еңбек шартының қолданылу мерзімі өткен жағдайда тараптардың ешқайсысы соңғы жұмыс күні (ауысым) ішінде еңбек қатынастарын тоқтату туралы жазбаша хабардар етпесе, осы кодекстің 51-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ол бұрын жасалған дәл сол мерзімге ұзартылған деп есептеледі. Белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шарты кем дегенде екі ретке ұзартылуы мүмкін. Еңбек қатынастары жалғастырылған кезде еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі екен.
Өткен жылы Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы 137 кәсіпорындағы 2 мыңға жуық жұмыскердің құқығын қорғап, 330,3 миллион теңге көлемінде еңбекақыларын өндіріп берген. Ал мамандар ҚР Еңбек кодексін түсіндіруде үш жүзге жуық кездесу өткізіпті. Еңбек кодексін бұзған заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге хаттама толтыру, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес айыппұл салу және заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріліп, аталған бағыттағы жұмыстар мен ұжымдағы жұмысшыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізу әрқашан да басқарманың басты назарында екендігін тағы бір еске салуды жөн көрдік.
ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА







