Шолушы бағаны
4 мин оқу 372

Мемлекетті басқарудың жаңа моделін жедел енгізу қажет

1 сәуір 2021
Мемлекетті басқарудың жаңа моделін  жедел енгізу қажет

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры

e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Әлқисса, сағым ойнаған құба даладағы керуендей созылған қазақ көші  бүгінгінің белесіне көтеріле бере қаңтарылғандай күй кешті. Тұтқиылдан тиген тосын індеттің тек кеңқолтық қазақ емес, етек-жеңі жинақы  ағылшын мен немісті де есеңгіреткені рас. Азуын айға білеген талай ел алғашқы екі-үш айда тығырыққа тіреліп, абдырағандарымен, білектілердің емес, біліктілердің арқасында алапат  кеселді ауыздықтау амалын таба білді. Ел ерге бұрылғанда, ер жерге қарап қалған жоқ. Заманауй сынақ ендігі көш тізгінін шіренген шенеуніктердің емес, білімділердің қолына ұстату қажеттігін айна-қатесіз көрсетті.

Қай елде болмасын жер жағдай мен көші-қонды білетін көзі ашық, көңілі ояу қаймана жұрттың талап-тілегі мен пайым-пікірін шыға үстелден әрі асырмай, көпшіліктің бастамаларын бюрократия торымен шырмап келген бұрынғы мемлекеттік басқару моделі уақыт үдесінен шықпағаны былай тұрсын, көп жағдайда ұтымды ұсыныс пен орынды бастамаларға кесе-көлденең тұрғаны жасырын емес. Қоғам мүлкіне, қазынаға қол салып,  қол салғанда мол салып келген жемқор квазикәсіпкерлер мен біліксіз басшылардың   даңғаза уәделер мен дүрмегі көп деректер тасасындағы былығы көп бетпердесін бірінші болып Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыпырды. Бұдан бір жылдай бұрын игі-жақсыларды жинап, «әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойғанын, олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейтінін, сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей сарсаңға түскенін» атқамінерлердің бетіне басқан мемлекет басшысы ел халқына «Біз соғыс жағдайындамыз!» деп ашық айтты. Рас... Өйткені, қамсыз жатқан бейбіт жұртқа тұтқиылдан жау тигенде біліксіз-білімсіз, адамның емес, атаның ұлы, параның құлы болып отырған «жауапты  кадрлар» емес, тас-түйін қайратына мініп, «қасарысқан дұшпанға қанды көбік жұтқызатын» сарбаздар, жер қайысқан қалың қолды бастайтын сардарлар, қара қылды қақ жарып, қаһарлы қолбасшыға жөн сілтеп, жол көрсетер данагөйлер арқасында ел елдігін, егемендігін сақтап қалады. Сондықтан да болар, Президент «мемлекеттік басқаруды қайта құру», түбегейлі реформалау керектігін айтып,  тапсырма берді. Осынау шұғыл шешімге біріншіден билік басына отыз жыл бойы тоғышарлардың  топталуы,  екіншіден Кеңес үкіметін құрушылардың мемлекетті әркім, «тіпті қазан ұстаған құл мен күң де билей алады» деген, Қазақстанда өткен ғасырдың елуінші жылдарына дейін ел аузында жүрген   теориясымағы себепкер болды.  Президенттің өз сөзіне сүйенсек, «масайраудың қақпанына  түскен министрлер де, әкімдер де аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмауда».  «Елімізде заң үстемдік етуі тиіс. Заң алдында билік өкілдері де, азаматтар да бірдей», деген Президент  «біз қолға алған саяси реформаларды жалғастыра береміз»,  деп түйді. Яғни тоқетерін айтсақ,  сайлау жүйесін өзгерту қажет,  жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне көшу арқылы жауапкершілік жүгін Үкіметтен ел азаматтарына артып, олардың күш-жігерін болашаққа бағытталған жасампаз жоспарларға бағдарлауға болады. «Идеологиялық аппаратқа білім, тәжірибе, ой ұшқырлығы, батылдық жетіспейді» дей келе, Президент «бізге басшылардың жаңа буынын тәрбиелеу керек. Елдің мүддесін ойлайтын мамандар болмаса, бастамаларымыз нәтижесін бермейді», деп тұжырды.

Енді сөз бен істің тоқайласуына тоқталайық. Президент тапсырмасы бойынша әзірленген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жос­пары, Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жуырда Жарлықпен бекітілді. Ұлттық даму жоспарының жобасы 12 стратегиялық бағыттан тұрады. Даму жоспары бойынша 2025 жылға қарай өсім деңгейі 5 пайызға артып, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 35 пайызға дейін, негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі ЖІӨ-нің 30 пайызына дейін, шикізаттық емес экспортты 2 есеге, яғни 41 миллиард теңгеге дейін, еңбек өнімділігін 45 пайызға ұлғайту негізгі көрсеткіш болмақ. Қазақстандықтардың тұрмыс деңгейі мен сапасын арттыру жөніндегі шаралардың нәтижесінде азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін ұлғаюы тиіс. Ал оның негізгі қағидалары биыл орындалады екен. Маман ретінде бұл цифрлар мен уәделерді әлі де тиянақтау қажет екендігін айтқым келеді. Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасының жүзеге асы­рылуы әкімшілік бақылауға бағытталған әдістен адам мен оның игілігі басты құндылықтар саналатын мемлекет пен халықтың өзара ықпалдастық моделіне көшуді қамтамасыз етеді. Осы модель аясында мемлекеттік аппараттың кәсібилігін жетілдіруге, оның қоғам алдындағы есептілігіне, реттеушілік саясатты ілгерілету мәселелеріне, мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруға, квазимемлекеттік секторды оңтайландыруға, жергілікті басқару ісін дамытуға және жол ашылады, деп көрсетілген. Құжатта мемлекеттік басқарудың қазіргі моделі халықтың үмітін толық қанағаттандырмай отырғаны атап өтілген. Атап айтқанда, азаматтар мен мемлекет арасындағы тиісті өзара іс-қимылдың жоқтығы, мемлекеттік аппарат функцияларының халық пен бизнестің қажеттіліктеріне бағытталмауы, мемлекеттік қызметтердің әкімшілік сипатта болуы, мемлекеттік қызметтің бәсекеге қабілетсіздігі,  жергілік­ті басқарудың дамымауы қолбайлау болуда. Осы орайда аталған тұжырымдаманың қағидалары «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «Айтылды – орындалды»  бағдарламалары арқылы қазірдің өзінде орындалып жатқанын атап өтуіміз керек.

Ендігі міндет – мемлекетке, ел-жұртқа адал қызмет ететін жанашыр азаматтарды іздеп табу, тәрбиелеу. Данышпан Абайдың «зинһар, сендерден сұрайын деп жүрген» сауалының бір парасы билік басындағы парасатты  азаматтарға қатысты болса керек.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Мемлекетті басқарудың жаңа моделін жедел енгізу қажет · Мұрағат