Инвестиция
5 мин оқу 494

Жаңа жобалар жүзеге асып, жұмыс орындары іске қосылды

1 сәуір 2021
Жаңа жобалар жүзеге асып, жұмыс орындары іске қосылды

Алматы облысында 5 трлн теңгеден астам қаражатқа жаңа жобалар мен жұмыс орындары ашылмақ. Кейбір жобалар іске асырыла бастады да. Жалпы алғанда, аймақ бойынша 5,4 трлн теңгенің 500-ден астам жобасы жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды LS Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, жалпы өңірлік өнім 2025 жылға қарай 5 трлн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта облыстың инвестициялық портфеліне 5,4 трлн теңгеге 546 жоба кірген. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде 2021-2025 жылдары 690 млрд теңгеге 37 өндіріс пайда болады. Оларды ашу есебінен 4,5 мың жұмыс орны құрылмақ. Жобаларды іске асыруға трансұлттық компаниялар қатысады.

Бұл ретте 1,9 трлн теңгеге 313 жоба іске асырудың әртүрлі сатыларында тұр. Жұмыспен 16,5 мың адам қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, АҚШ инвесторы ірі қара мал етін өңдеуге көмектеседі. Сонымен қатар, облыста 94,5 млрд теңгеге кен өңдеу зауыты ашылып, жел электр станция­лары салынады.

Сондай-ақ өңірде 273,5 млрд теңгенің топ-10 жобасы белгіленді. Жеті кәсіпорынның құрылысы бас­талып кеткен. Мәселен, Қапшағай қаласында 44,8 млрд теңгеге жылыжай кешені, Ұйғыр ауданында 42,6 млрд теңгеге құс шаруашылығы кешені салынуда. Іле ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды кә­деге жарату және қайта өңдеу бойынша зауыт, ұсақ малды азықтанд­ыру, сою және терең өңдеу бойынша ет комбинатын, бройлер бағытын­дағы құс фабрикасын салу бойынша 6,2 млрд теңгеге жобалар іске асырыла бастады.

Сонымен қатар, шикізаттық емес экспорт көлемі жыл сайын 8%-ға, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 6%-ға ұлғаяды. Ақпаратқа сәйкес, ауыл шаруашылығындағы басым  дақылдардың егіс көлемін арттыру жоспарланып отыр. «13 ауданда 30 мал бордақылау алаңы мен 22 сүт-тауар фермасын құру жоспарланған. Мұның барлығы 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 1,3 трлн теңгеге дейін, еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттырып, 6 млн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, биылғы жылы мал шаруашылығы саласында 26 млрд теңгеге 32 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 16 бордақылау алаңы (45,3 мың бас ІҚМ, 2,5 мың бас ҰММ) және 11 сүт-тауар фермасы (3,3 мың бас) іске қосылады деп күтілуде. Болжамға сәйкес, Ұйғыр ауданындағы қайта жаңғыртылған құс фабрикасы қуаттылық бойынша 60%-ға шығуы мүмкін – 17 мың тонна ет өндіріледі (2020 жылы – 5,9 мың тонна).

Бұдан басқа, Алматы облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруға 3,5 трлн теңге, оның ішінде 2,3 трлн теңге бюджет қаражаты және 1,2 трлн теңге жеке қаражат жұмсау көзделген.

2020 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салын­ған инвестициялар көлемі 680,7 млрд теңгені құрады. Өңірде өткен жылы 131,4 млрд теңгенің 42 жобасы іске қосылды. Бұл нысандарға 3 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды.

Бұған дейін LS Алматы облысында 2023 жылға дейін 102,3 млрд теңгеге алты жоба жүзеге асырылатынын хабарлаған болатын. Биылғы жылы 19,4 млрд теңгеге жел электр станциясын салу көзделген. Сарқан ауданында жаңартылатын энергия көзі бойынша салынатын қуаты 50 МВт болатын жобаны іске асыруға қытайлық компания қаржы салмақ. Сондай-ақ аймақта 65 млн еуроға тас, мақта өндіретін зауыттың құрылысы басталды.

Айта кетейік, өңірде миллион­даған теңгеге жылқы етін өңдейтін кәсіпорын ашылмақ. Ақпаратқа сәйкес, жобаны Панфилов ауданында жүзеге асыру көзделген. Өңірде сондай-ақ зауыт салу жоспарлануда. Ол үшін 1,5 мың га жер бөлінді. Сонымен қатар, осы ауданда 300 млн теңгеге мал сою цехын құрып, 1 мың бас ІҚМ бордақылау алаңы салынады. 2021 жылы тағы бір бордақылау алаңын, 110 млн теңгеге құрама жем өндіру цехын салу жоспарда бар. Ал ірі қара мал мен ұсақ мал өсіру 107 млн теңгеге бағаланады. Сонымен қатар, 2022 жылы неміс инвестиция­ларымен тағы бір ет өңдеу зауыты ашылады деп күтілуде. Жобаны іске асыру $40 млн бағаланып, қазіргі уақытта құжаттама әзірленуде.

Бұдан басқа, Алматы облысында 1,5 млрд теңгенің туристік жобасын жүзеге асыру мерзімі ауыстырылды. Бастапқыда 1,5 млрд теңгеге ойын-сауық паркін салу 2019-2021 жылдары жоспарланған болатын, содан кейін мерзім 2020-2022 жылдарға ауыстырылды. Сондай-ақ туристік саладағы тағы бір 400 млрд теңгенің жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ол 2022-2025 жылдары қолға алынбақ. Ақпаратқа сәйкес, Түрген локациясының инфрақұрылымын салу бойынша алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу басталды. Қазіргі уақытта жобаны іске асыру бойынша инвестор іздеу жүргізілуде.

53 ИНВЕСТЖОБА

ІСКЕ АСЫРЫЛҒАН

Алматы облысында Алматы агломерациясы аймағында орналасқан аудандарды дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Қазіргі кезде агломерация аймағында 1 млн 250 мыңдай адам тұрады, бұл – облыс халқының  60%-ы. 2016-2020 жылдары мұнда 5 мың жұмыс орнын құрған, құны 215 млрд теңгелік 53 инвестициялық жоба іске асырылды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқар­масы­ның мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні агломерация өңірі электр желісімен 100%, орталық ауыз су жүйесімен 97% қамтылған, жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 93%-ға жеткізілген. Халық санының қарқынды өсуіне байланысты әлеуметтік нысандарға деген қажеттілік те артып келеді.

Облыста жыл сайын 50 мыңға жуық бала өмірге келеді, соның басым бөлігі агломерация аймағында дүние есігін ашады. Осыған орай үш ауысымды мектептер мәселесі де өзектілігін жойған жоқ. Мәсе­лен, соңғы 5 жылда агломерация аймағында 27 мың орынды 50 мектеп салынған, соның 46-сы үш ауысымды мектептерді болдырмау мақсатында тұрғызылған, сол сияқты денсаулық сақтаудың 19 нысаны салынып, 32 мың орынды 420 балабақша ашылған. 

Экологияны жақсарту – тағы бір маңызды бағыттың бірі. Қазіргі кезде Қарасай ауданында халықтың 99%-ы, Іле ауданында – 94,3%-ы, Талғар ауданында 89%-ы табиғи газға қосылған. Сондай-ақ көмір жағып отырған көп қабатты үйлерді газға қосу жұмыстары да жүргізілуде. Қазірдің өзінде Талғар және Қаскелең қалаларында 35 блокты-модульді қазандық орнатылды, 152 үй немесе 48948 пәтер орталық жылу жүйесіне қосылды.

Жұмыспен қамту және барыс-келіс көші-қонын азайту да басты мәселелердің қатарында. Оны тиімді шешу мақсатында 2016-2020 жылдары мұнда 5 мың жұмыс орнын құрған, құны 215 млрд теңгелік 53 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Сол қатарда трансұлттық компаниялардың қатысуымен «Маревен Фуд», «Wilo» және «Лукойл» компанияларының ірі зауыттары іске кірісті. Бұл жобалардың барлығы солтүстік-шығыс бағытта, сол сияқты Алматы қаласының контрмагнит және серіктес қаласы болып саналатын Қапшағайға қарай орналасқан.

Сол сияқты соя өңдейтін, қуаты 6 мың тонналық «Агритех» иннова­циялық жобасы іске қосылады. «Бау­ман» компаниясы ұсақ мал етін тереңнен өңдейтін «Жетісу Қой» зауытының құрылысын бастайды, оның қуаты жылына 30 мың тонна дайын өнім шығаруға жетеді. «Aitas.kz» АҚ-ның ірі құс фабрикасы мен «Шин-Лайн» компаниясының балмұздақ және азық-түлік өндіретін зауытын салу туралы меморан­дум­дарға қол қойылды. Бұл жобаларды іске асыру арқылы 208 млрд теңге инвестиция тартылып, 6 мыңнан астам жұмыс орны құрылады, деп түйіндейді баспасөз хабарламасы.

ИСА ҚАМБАР

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Жаңа жобалар жүзеге асып, жұмыс орындары іске қосылды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар