ШАҒЫН БИЗНЕСТІҢ ШАРУАСЫ ШАТҚАЯҚТАП ТҰР немесе әр кәсіпкер салыққа бес түрлі төлем төлейді

4 наурыз 2021
ШАҒЫН БИЗНЕСТІҢ  ШАРУАСЫ ШАТҚАЯҚТАП ТҰР немесе әр кәсіпкер салыққа бес түрлі төлем төлейді

Елдегі шағын бизнес едәуір азайды. Ауыр-ақ жағдай. Шағын және орта бизнесте жарты жыл ішінде бес мың кәсіпорын қысқарған. Бұған ең әуелі, әрине, карантин себеп. Сондықтан карантин салдарын жеңілдету жолын тездетіп қарастыру керек. Шағын және орта бизнеске салынатын салықты да азайтқан жөн, деген пкір айтады мамандар.

2020-да пандемия әлем экономикасына ауыр соққы берді. Біздің елге де оңай соқпады. Қатты шығынға ұшыраған – шағын және орта бизнес. 2021 жылдың қаңтар айында іскерлік белсенділік индексі 48,4 тармаққа түсіп кеткен (яғни 50-ден жоғары көрсеткіш оң өзгерісті білдіреді, ал 50-ден төмен болса, теріс көрсеткіш). Индекс жыл бойы теріс аймақта тұр. Бизнесті жүргізудің шарты нашарлады: көрсеткіш -1,9-дан -2,6-ға дейін төмендеді, деп хабарлайды Finprom.

Дағдарыс туғызған мол про­блеманың себебінен шағын бизнес жабылуға мәжбүр болды. Кіші кәсіпкерлік 2020 жылдың шілдесінде көп еді: елімізде 164,3 мың кәсіпорын болған. Осы сәт­тен бастап индикатор біртіндеп минусқа кетеді. Мәселен, биылғы қаңтар айындағы жағдайға қарасақ,  елде 159,7 мың кәсіпорын бар, былтырғы шілдеге қарағанда 2,8%-ға аз. Яғни, жарты жыл ішінде шағын кәсіпорын саны 5 мыңға қысқарған.

Басты проблема қаражаттың жетіспеуінен туады. Мысалы, 2020 жылдың төртінші тоқсанында айналымды қаржыландыру үшін көп кәсіпорын (83,5%) өз қаражатын пайдаланған. Осы мақсатта кәсіп­орынның небәрі 17,6%-ы банк­тен қарыз алған (олардың 9,1%-ы бұрын ашылған кредит желісі бойынша транш пайдаланыпты).

Шағын және орта бизнесті несиелеуге сұраныс артып отыр. 2020 жылдың төртінші тоқсанында шағын және орта бизнес тарапынан кредит беруге сұраныс 3 есеге өсті. Осыған қарамастан, несие беру коэффициенті өте төмен: тек 37%-ы ғана ала алған (үшінші тоқсанда коэффициент одан да төмен болды - 26%).

Екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнеске несие беруге онша құлықты емес. Елімізде «Даму» қоры жұмыс істейтіні белгілі, оның қызметі микро, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған. Осы қор әл-ауқаты төмен кәсіпкерді екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландырады. 2020 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» аясында жобаларды іске асыруда банктің үлесі 98%, ал лизингтік компания мен микро­қаржы ұйымының үлесі 2% болды.

Іс жүзінде «Даму» қорының шағын және орта бизнесті қаржы­ландыруға арналған мол қаражаты бар. Биылғы 1-ақпандағы жағдай бойынша екінші деңгейлі банк­терде қордың 43,1 млрд теңге қаражаты тұр.

Ал карантинге байланысты бизнестің жұмыс режиміне шектеу әлі бар.

– Кәсіпкерліктің 10 түріне тыйым салынған, 84 түрі шектеулі. Қазір карантин шектеуі шағын және орта бизнестің 520 мың субъектісіне, оның ішінде 70 мың заңды тұлғаға және 450 мың жеке кәсіпкерге қатты әсер еткен, – дейді Қазақстан кәсіпкерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов.

Төтенше жағдай енгізілгеннен бері кәсіпкердің 144 мың өтініші қаралғанын айтады ол. «Бизнес-омбудсмен кеңсесіне түскен әрбір үшінші өтініш, – дейді Р.Жүрсінов,  – карантин кезінде жұмысқа шы­ғуға рұқсат сұраған өтініш». 

«Атамекен» кәсіпкерлер па­ла­тасының дерегі бойынша, 2020 жылдың 1-наурызы мен 1-қарашасы арасында 109 мың жеке кәсіп пен 19 мыңнан астам заңды тұлға жабылған. Биыл ресторан, кинотеатр сияқты салтанатты іс-шара жүргізетін кәсіпорынның 50%-ы жабылуы мүмкін деген болжам бар.

– 2020 жылдан бастап ша­ғын бизнесті тексеруге үш жылға мораторий қойылғаны белгілі, әйткенмен қазір Қаржы министрлігі салық тексеруін кеңейтуді ұсынып отыр. Бірақ біз бизнес тексеруді мораторийден шығаруға қарсымыз. Мұндай ұстаным мемлекет басшысының тексеруге мораторий енгізу туралы тапсырмасына көлеңке түсіреді, – дейді Рустам Жүрсінов. –Қаржы министрлігі 2020 жылы кәсіпкердің 60%-ында 2019 жылмен салыстырғанда кіріс деңгейі төмен болды деп шығарды, бұл негіздеме дұрыс емес. Табыстың төмендеуінің басты себебі төтенше жағдай режимінің жариялануына байланысты. 2020 жылдың 16-наурызынан бастап 15-сәуіріне дейінгі кезеңде іс жүзінде барлық бизнес субъектілерінің қызметі толық жабылды, тиісінше табыстарды жасыру емес, сатып алу қабілеті  төмен болды. Көп кәсіпкер жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Олар тіпті карантин шарасын сақтау үшін қосымша шығынға түсті.

Кәсіпкердің біразы әлі күнге дейін жұмысын қайта бастаған жоқ. Карантин кезінде «Атамекен» палатасы кәсіпкер арасында сауалнама жүргізген екен. Былтыр 23-мау­сым мен 18-тамыз аралығында 66 108 кәсіпорыннан сауал алыныпты. Сауалнама көрсеткендей, 83 мың қызметкер қысқартылған, 93 мыңы – жалақысы сақталмайтын демалыста жүр. Респонденттің 10%-ы бизнесі жабылатынын, ал 23%-ы кірістің күрт азайып кетуін айтып отыр.

Ұлттық палата тауарға арнал­ған жүк құжатын ресімдеуді 2022 жылға ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды Үкіметтен сұрап отыр. Қазір акцизделетін тауар бойын­ша пилоттың мерзімі – 2021 жылғы 1-шілдеге дейін, ал виртуалды қойманың тауары бойынша (қаржы министрлігінің №384 бұйрығы) – 2021 жылғы 1-қарашаға дейін ұзартылатыны туралы біржақты шешім қабылданды. ДСҰ-ны алу тізбесінен қалған тауар мен таңбаланатын тауар (оның ішінде цифрлық таңбалауды қолданатын темекі өнімдері) бойынша пилоттың басталу мерзімі 2021 жылдың 1-ақпаннан бастап 2021 жылдың 1-шілдесіне, аяқталу мерзімі 2021 жылдың 1-шілдесінен бастап 2022 жылдың 1-ақпанына ауыстырылады.

Дегенмен салық төлеушінің ұсынысын ескеріп, бірқатар жеңілдік қарастырылған. Мысалы, 26-қаңтарда Үкіметтің кеңей­тілген отырысында жеке кәсіп­кер онлайн кассалық аппарат пен POS-терминалды пайдалан­ған жағдайда салық есептілігін ұсы­нудан босату туралы мәселені қарау ұсынылды.

Қаржы министрлігі болса, онлайн касса аппараты мен POS-терминалды алмастыратын мобильді қосымшаны пайдалана отырып, осы режимді қолдануды ұсынып отыр. Кәсіпкерге бухгалтерия және салық есебін жүргізудің қажеті болмайды, өйткені бәрі мобильді қосымшада тұрады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, карантиннен шығу кезеңінде Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп салық-бюджет саясатын жетілдіретін ұсыныс әзірлеуі керек. Осының бәрі іске асса, салық органына шағын бизнес субъектісіне тексеру жүргізудің қажеті болмайды, өйткені жеке кәсіпкердің кірісі туралы барлық ақпарат олардың ақпарат жүйесіне автоматты түрде түсетін болады.

Мемлекет басшысы атап өткен екінші тезис – салық кодексін тексеру. Қазір бизнес әр қызметкер үшін бес түрлі төлем төлейді, ал жалпы жүктеме -32%. «Біз 20% бірыңғай төлемді ұсынамыз. 2020 жылы сараланған қосымша құн салығы ставкасы, яғни әлеуметтік маңызы бар тауарлар үшін 8%-ға төмендетілген ставка қолданылды. Біз бұл ставканың қолданылуын ұзартып, оны тұрақты ету керек деп санаймыз» дейді Қазақстан кәсіпкерінің құқығын қорғау жө­ніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов.

Тәуекел БАҚАШ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

ШАҒЫН БИЗНЕСТІҢ ШАРУАСЫ ШАТҚАЯҚТАП ТҰР немесе әр кәсіпкер салыққа бес түрлі төлем төлейді · Мұрағат