Табыстың тың көздерін іске қосудың жарқын айғағы

Өткен жылдың аса ауыр тигені әсіресе экономиканың жетекші саласының бірі де бірегейі – өнеркәсіпте айрықша сезілді. Бұл ретте соның бәріне қарамастан жекелеген секторларда, атап айтқанда мұнай-газ саласында, сондай-ақ энергетиканы ілгерілетуде біршама жақсы жетістіктерге жетуіміз қуантады. Енді шолуымызда осы салалардағы жекелеген жұмыстар өрісіне тоқталып өтсек.
Қазақстан биыл 109 млрд кВт.сағ электр энергиясын өндірмек
Қазақстан тұтыну көлемі 107,3 млрд деңгейінде болған кезде 2020 жылы 108 млрд кВтсағ электр энергиясын өндірді, бұл еліміздің электр энергиясына деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз ететінін көрсетеді. Бұл жайында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында атап көрсетті, – деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Н.Ноғаевтың айтуынша, қуат нарығы шеңберінде электр энергиясын өндіру секторына тартылған инвестициялар көлемі өткен жылы 82 млрд теңгеден асқан. Республикалық бюджет есебінен 2020 жылы 31,4 млрд теңге сомасына 24 жоба іске асырылыпты, оның ішінде 6 жоба аяқталған (сомасы – 3,6 млрд теңге). «6 жобаны іске асыру шамамен 120 мың адамды сенімді және үздіксіз электрмен жабдықтауға; 18,1 мың адамды және 10 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бюджетке түскен салық кірістері 5 млрд теңгеден астам соманы құрады», – деп түсіндіреді министр.
Құрылыс кезінде 902 жұмыс орны, соның ішінде тұрақты – 184 жұмыс орны құрылды. Электр энергетикасы саласына инвестициялар ағынын өрістету мақсатында министрлік электр станцияларын жаңғырту, қайта құру және жаңарту үшін шекті жол берілетін лимитті жылына 10-нан 30 млрд теңгеге дейін ұлғайтты.
2021 жылы 109 млрд кВт.сағ электр энергиясын өндіру жоспарланған. Сонымен қатар, ведомство маневрлік қуаттар құрылысын ынталандыру және гидроэнергетиканы дамыту жоспарын іске асыру жұмысын жалғастыратын болады. Министрлік Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесі аймағында электр станциясының типі, аймақты, маневрлік қуаттың қажетті көлемдерін айқындай отырып, маневрлік генерациялау режимі бар генерациялайтын қондырғыларды орналастыру жоспарын әзірлеп бекітті. Жоспарға сәйкес маневрлік қуаттарды салу үшін перспективалық алаңдар анықталды, ал 2021 жылдың соңында инвестициялық жобаларды іріктеудің аукциондық сауда-саттығын өткізу жоспарлануда. «Өсіп келе жатқан электр энергиясын тұтынуды және энергобаланстағы жаңартылатын энергия түрлерінің үлесін ескере отырып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маневрлік қуаттарды дамыту қажетті шарт болып табылады», – деп атап өтті Н.Ноғаев.
СЕМЕЙ СЫНАҚ ПОЛИГОНЫНЫҢ ЖАБЫЛҒАНЫНА
30 ЖЫЛ ТОЛАДЫ
Полигонның ластанған жерлерінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң қабылдау жоспарлануда. Сонымен қатар, биыл жалпы ауданы 18 311 шаршы метр құрайтын бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағында кешенді экологиялық тексеруді аяқтау жоспарланған (100%). Тексеру қорытындылары бойынша бұрынғы сынақ аумағының радиоэкологиялық жағдайы айқындалатын болады.
Қазақстан әлемдік уран өндірісінің 42%-ын өндіре отырып, әлемдік табиғи уран нарығында көшбасшы орында тұр.
2020 жылы уран өндіру көлемі 19587,0 тоннаны құрады, 2021 жылдың жоспары – 22 500-22 800 тонна.
Министр өз сөзінде жаңартылатын энергия көздері мәселесіне де тоқталып, 2020 жылы елдің жалпы энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесі 3%-ды құрағанын еске салды. Жалпы, 2015 жылдан бастап ЖЭК нысандарының жалпы қуаты 7 есеге жуық – 240 МВт-тан 1684,7 МВт-қа дейін өсті. Бүгінгі таңда елімізде жиынтық қуаты 1684,7 МВт болатын 116 нысан жұмыс істейді, оның ішінде жел электр (486,3 МВт), күн электр (961,6 МВт), су электр (229,04 МВт) және биоэлектр станциялары (7,82 МВт) бар.
Биыл жалпы қуаты 381,1 МВт болатын 23 жобаны іске асырып, шамамен $370 млн инвестиция тарту жоспарлануда. Осы ретте Қазақстан жаңартылатын энергия өндірісін 9,4%-ға 3,5 млрд кВт.сағ дейін ұлғайтуға ниетті.
ҚАШАҒАН, ТЕҢІЗ БЕН ҚАРАШЫҒАНАҚТА ЖҰМЫС АУҚЫМЫ КЕҢЕЙЕДІ
Энергетика министрлігі Қашаған кен орнының операторымен бірлесіп, толық көлемде игеру тұжырымдамасын әзірлеуге дайындық жүргізуде. «Біз оператормен бірлесіп, осы жылдың соңына қарай одан әрі кеңейту тұжырымдамасын пысықтауымыз керек, – деп атап өтті алқа отырысында Нұрлан Ноғаев.
– Қазіргі уақытта тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру кезеңінің барлық нысандары пайдалануға берілді, олардың өндірістік қуаты тәулігіне 400 мың баррельді құрап отыр. Дегенмен, министрлік 2020 жылғы мамыр айынан бастап енгізген шектеулерге байланысты орташа тәуліктік өндіру 280 мың баррель деңгейінде тұр».
Ведомство басшысы биыл Қашаған кен орнының шикізаты негізінде құны 860 млн АҚШ доллары, қуаты 1,1 млрд текше метр шикі газ шығаратын газ өңдеу зауытының құрылысын бастау жоспарланғанын айтты. Жобаны іске асырудан күтілетін нәтиже – қосымша 800 млн текше метр тауарлық газ өндіру және жаңа жұмыс орындарын құру (құрылыс кезінде – 2800 адам, пайдалану кезеңінде – 600 адам), сондай-ақ мұнай өндіру көлемін 10 млн тоннаға дейін ұлғайту.
Бұдан басқа, Теңіз кен орнында құны 45,2 млрд АҚШ долларын құрайтын Келешекте кеңейту жобасы іске асырылуда ( 01.01.2021 жағдай бойынша жоба шығындары 34,3 млрд долл.). Жобаны 2023 жылы аяқтау күтілуде, бұл өндіруді жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жобадағы қазақстандық қамту көлемі 36%. «Қазір жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр, жоба бойынша жұмыстардың жалпы прогресі 81%. 2021 жылы жұмыстар прогресінің күтілетін деңгейі 90%-ды құрайтын болады», – деп атап өтті Н.Ноғаев.
Қарашығанақ жобасына қатысты Газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау және Газды кері айдаудың 4-ші компрессоры жобасы сияқты инвестициялық жобалар белсенді іске асырылуда. Оларды іске қосу Өнімді бөлу туралы келісім (ӨБТК) мерзімінің соңына дейін қосымша 18,5 млн тонна сұйық көмірсутегін өндіруге мүмкіндік береді, жиынтық инвестиция сомасы $1 млрд 678 млн. Сонымен қатар, 2020-ның желтоқсанында Қарашығанақ кен орнын кеңейту – 1-кезең (ҚКЖ-1) ірі инвестициялық жобасын іске асыру бойынша Түпкілікті инвестициялық шешім қабылданды. Бұл газды кері айдаудың 5-ші компрессорын іске қосуды ескере отырып, сұйық көмірсутегін өндіруді жылына 10-11 млн тонна деңгейінде ұстауға бағытталады.
Жобаның бюджеті – 970 млн АҚШ доллары, аяқталу мерзімі – 2025 жыл.
5 ЖАҢА МҰНАЙГАЗ-ХИМИЯ ЗАУЫТЫ САЛЫНАДЫ
Энергетика министрлігі биыл іске асырылатын мұнайгаз-химия өндірістерін жеделдету және әлеуетті инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасау бойынша міндетті шешуге арналған Мұнайгаз-химияны дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлейді. «Жоба проблемалық мәселелерді, атап айтқанда, мұнайгаз-химия жобаларын шикізатпен қамтамасыз ету, мұнайгаз-химия кластерін құру, қайта өңдеуді дамыту мәселелерін шешуге баса назар аудара отырып, саланы нақты дамытуға мүмкіндік береді», – деді Нұрлан Ноғаев.
Бұдан басқа, мұнайгаз-химия жобасын іске асыру кезінде оның қажеттіліктерін ескере отырып, үкімет пен инвестор арасында жеке келісім әзірлеу мәселесі пысықталуда.
Министрдің айтуынша, жоғарыда аталған шаралар 2025 жылға қарай 5 зауыттың құрылысын аяқтауға мүмкіндік береді, оның ішінде Атырау облысында: қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт; техникалық газдар: қуаты 57 млн текше метр азот және 34 млн текше метр құрғақ сығылған ауа өндіру бойынша; қуаты жылына 430 мың тонна полиэтелентерефталат өндіру бойынша үш зауыттың құрылысын аяқтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Шымкентте қуаты жылына 81 мың тонна полипропилен және Шымкент мұнай өңдеу зауытының шикізаты базасында қуаты жылына 57 мың тонна бензинге арналған октан арттырғыш қоспаларды өндіретін жаңа зауыттың құрылысы аяқталады. Оралда қуаты 182 мың тонна метанол (82 мың тонна) және гликоль (100 мың тонна) өндіретін зауыт салынатын болады. «Күтілетін нәтиже: өндіріс көлемі 9 есе артып, 2 млн тонна мұнайгаз-химия өнімін; ел экономикасына инвестициялар көлемі шамамен $3,9 млрд құрайды. Осылайша, базалық мұнайгаз-химия өнімін өндіру мұнай-газ саласындағы терең өңдеуді дамыту үшін берік негіз болады, бұл біздің шикізат экономикасын әртараптандыру және технологиялық дамуға ұмтылу жөніндегі стратегиямызға сәйкес келеді», – деп түйіндеді министр.
Қорыта келе айтарымыз, шын мәнінде өнеркәсіптің жетекші салаларында қолға алынып отырған шаралар аса ауқымды. Энергетикадағы тың ізденістер, негізінен, жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану, сондай-ақ тек мұнай өндіріп, оны сатудан ғана емес, енді мұнайгаз-химия жобаларын шикізатпен қамтамасыз ету мәселелерін қолға алудың өзі – табыстың тың көздерін іске қосудың жарқын айғағы. Бұл өнеркәсіп саласын алдағы кезеңде орнықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, осы тұрғыдан келгенде еңбек нарығын жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпалын тигізеді деп сенеміз.
ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ







