Біріге ме сөз бен іс?

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz
Ұлттық экономика ұғымына көзбен көріп, қолмен ұстайтындай әсерлі теңеу табу керек болса, жылай аққан жылғалар жан-жағынан сылдырай құйып жатқан мол сулы өзенді алға тартар едім. Ел шаруашылығы дария десек, оның арнасынан асуы немесе ортая бастауы оның салалары – экономика секторларында өндірілген өнім мен құралған қаражат мөлшеріне тікелей байланысты. Жергілікті билік жүйесінде қызмет еткен жылдары қара күзде сүдігер көтеруден келесі жылдың өнімі жиналғанға дейінгі қат-қабат, толассыз тірлікті диқан қауыммен бірге атқарысып, тапсырманың цифрға, ал цифрдың статистикаға айналғанын көзім көрді. Сол статистиканың негізінде орталықтағы басшылыққа ақпар беріліп, келер кезеңнің жоспары жасалатын, егілер егін мен төлдер малдың алдын ала есебі шығарылатын, шығын мен пайда да пайымдалып қалатын.
Жалпы, болашақты болжау қиынның қиыны, алайда қалтадағы пұлды базарға билетпеудің амалын іздейтін экономиканың нақтылықты қажет ететіні түсінікті. Міне, сондықтан да бес-он, тіпті жиырма-отыз жылға арналып, жамырай жарнамаланған стратегиялық жоба-жоспарлар әлі де жадымыздан өше қоймаған шығар. Мәселен, «Қазақстан – 2030» бағдарламасының жеті басымдығын жүзеге асыру арқылы отызыншы жылдарға қарай «дамыған елдердің деңгейіне жетіп, дүние жүзінің ең дамыған жиырма елінің қатарына қосылу» міндеті қаймана халықтың әл-ауқатын арттыруды көздегені әмбеге аян. Сондай-ақ Ауыл жылдары да, «Ауыз су», «100 мектеп», «Үдемелі инновациялық-индустриялық даму» жоспарлары да осындай игі ниеттен туындағаны айқын. Жоғары биліктің жарғыларымен, қаулы-қарарларымен бекітілген бұл тарихи шешімдерді ойдағыдай орындап, дер кезінде жүзеге асыру жөнінде жүздеген мақала, ондаған кітап шықты, фильмдер қойылды, диссертациялар қорғалды. Экономика тақырыбын көптен қозғап келе жатқандықтан, бағдарламалардың да, аталған туындылардың да мән-мазмұнымен жақсы таныспын. Есептеу техникасының соңғы жетістіктері қолданыла отырып құрастырылған, кәнігі сарапшылардың биік бағасын алған бұл құжаттар ескі журналистика тілімен айтқанда «айбынды іс-қимыл бағдары» болатын. Гәп қыруар қаржы бөлінген басымдықтардың санға, ал санның сапаға ауысында немесе цифрдың статистика деректеріне көшуінде.
Тілге тиек етіліп отырған мәселе соңғы кездері әлеуметтік желілерде жиі қозғала бастады. Көзіқарақты қауым болары болып, бояуы сіңген бұрынғы бағдарламаларға аудит жүргізіп, қаржының қандай мақсаттарға жұмсалғанын ашып көрсетуді, қазіргі таңда төселген жолдың, тұрғызылған ғимараттың, алынған төлдің нақты есебін ел алдында жария етуді, болашаққа бағытталған жоба-жоспарлардың жүзеге асырылуын бақылап, қадағалауға мүмкіндік беретіндей тұтқа мен тетік табуды талап етуде. Жалпақ тілмен айтқанда, «қазаннан қақпақ кетірмеуге» үндеуде. Ал, ғаламдық шаруашылықта мұндай тұтқа мен «қақпақ» бұрыннан бар, ол ғылым тілінде «кері байланыс» пен «контроллинг» деп аталады. Міне, нақ осыларды әлеуметтік-экономикалық өмір салаларына дендеп енгізу арқылы халықтың мұң-мұқтажын, ұсыныс-тілектерін ұдайы ескеріп отырудың, кеңесіп пішкен тон келте болмайтындықтан, қалың жұртты ел басқаруға тартудың, сұлу сөз бен іргелі іс арасын алшақтатпаудың реті келеді.
Осы орайда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына тоқтала кетудің сәті түсіп тұр. Бұл тұжырымдаманың басты мақсаты жұртшылықпен пәрмені мол, нәтижелі кері байланысты жүзеге асыру болып табылатындықтан, Президент Әкімшілігі мен Баспасөз қызметі Мемлекет басшысының өзге де бастамаларының, берген тапсырмаларының елге түсінікті әрі дер кезінде жетуін қамтамасыз етіп келеді. Аталған тұжырымдамадан кейін мемлекеттік органдардың басшылары әлеуметтік желілерде ресми аккаунттарын ашып, кейбірі жеке байланыс телефондарын жариялау арқылы халықпен жедел кері байланыс орнатуға көңіл бөле бастаған. Мұны халыққа қызмет көрсетудің, жұртшылықпен байланыс орнатудың озық үлгілерінің бірі деуге болады. Бұл атқарушы билік өкілдерінің халықпен қарым-қатынасы айтарлықтай ілгерілегенін көрсетеді. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру тұжырымдамасы аясында билік өкілдерінің халықпен кездесулері артып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау оңтайлана түскен. Баспасөз дерегіне сәйкес президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желі арқылы тапсырма беруді қолайлы санайды. Өткен жылы Президенттің твиттер парақшасында жалпы саны 630-дан астам твиті, инстаграмда 30 жазбасы жарияланған. Осы ретте Президент әлеуметтік желі арқылы еліміздің бүкіл өңірінде болып жатқан түрлі оқиғаларға, түйткілдерге дер кезінде үн қатып, тиісті тапсырма беретінін, әсіресе әлеуметтік желілер арқылы елдің тыныс-тіршілігінен хабардар болып отыратынын атап өту керек. Бұл – Президенттің қоғамдағы болып жатқан әр проблеманы естіп, біліп, көріп отырғанының белгісі.
Жуырда Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәлидің бастамасымен «Айтылды – орындалды» жобасы қолға алынды. Бұл жобаның мақсаты – Мемлекет басшысының құзырлы органдарға берген тапсырмаларының орындалу нәтижелерін анықтау. Баспасөз қызметі жүктелген тапсырмалардың орындалу барысын тікелей қадағалап отырады. Бұл үрдісті жоғарыда аталып өткен контроллингтің іс жүзіндегі көрінісі деуге болады.
Көріп отырғанымыздай, сөз бен істің арасын алшақтатпау жөніндегі алғашқы қадамды Мемлекет басшысының өзі жасады. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дегендей, ендігі міндет – келелі тірлікке көп болып көшу.







