Рухани қазына
6 мин оқу 1,074

Жаңа әліпбидің экономикалық факторы

4 наурыз 2021
Жаңа әліпбидің экономикалық факторы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі бастамасын жүзеге асыру мақсатында биылға дейін әліпбидің 40-тан астам нұсқасы дайындалып үкіметке ұсынылыпты. Республика аймағында жаңа әліпбиге 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында кезең-кезеңмен көшу жоспарланып отыр. Осыған орай бүгінгі күні қоғамдық талқыға түскен тілдік реформаға байланысты мәселелер төңірегінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология  ғылымдарының кандидаты  Анар ФАЗЫЛЖАНОВАмен сұхбаттасқан едік.

– Анар Мұратқызы, осыдан біраз бұрын латын графикасының нұс­қасы ұсынылып, апостров және акут нұсқа­лары бекітілген еді. Енді умляут же­тіл­дірілген әліпби ұсынылып отыр. Осының ерекшеліктері қандай?

– Қазақ жазуын латын графикасына көшірудің қазақ халқының ұлттық бірегейлігін қалыптастырудағы маңызы орасан. Осы күнге дейінгі ұсынылған әліпбилердің әзірлемесінде тілтанушы, соның ішінде әліпби жасау ісіне қатысты лингвистика салаларының мамандары тікелей жетекші жұмыстарды атқарған жоқ.

Президентіміз Қ.К. Тоқаев 2019 жылдың қазан айында әліпбиге қатысты қоғамдық пікірді ескере отырып, бұл істі тек қана мамандардың құзырына өткізу туралы тапсырма берді. Жетілдірілген әліпби осы тапсырманы орындау мақсатында әзірленді. Мұны әзірлеуге еліміздің беделді тілтанушылары қатысты. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты осы әліпби негізіндегі емле ережелерін әзірлеу үшін арнайы мақсаттық нысаналы қаржыландыру бағдарламасы аясында ғылыми зерттеу жүргізді. Зерттеулердің нәтижелерін пайдалана отырып, теориялық тұрғыдан негізделген әліпби жобасы мен емле жобасын ұсынды. Осы жобалардың практикалық негіздерін Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетіне қарасты Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығы әзірледі. «Тіл-Қазына» орталығы аталған әліпби және емле жобаларының жұртшылық арасын­дағы қабылдану, түсініктілік деңгейін анықтау және осы жобалардағы кемшін тұстарды талқылау үшін түрлі сауалнамалар өткізді. Талқылау барысында анықталған әліпби мен емле жобасына қатысты кемшін тұстары институт ғалымдарына және орфографиялық жұмыс тобының мүшесі болып табылатын отандық ғалымдарға қайта қарауға беріліп, соңында жетілдірілген жоба Қазақстан Республикасы үкіметі жанындағы қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жөніндегі комиссияға ұсынылды. Сөйтіп ағымдағы жылдың 28 қаңтарында жаңа емле мен әліпби жобасы Ұлттық комиссияда мақұлданды. Жетілдірілген жобаның негізгі ерек­шеліктері мынадай: жаңа әліпби жобасында 31 таңба бар, диакритика саны- 4. Умляут ( ̈ ), макрон ( ¯), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ). Диакритикамен берілген әріп саны, 6 (ä, ö, ü, ğ, ū, ş) «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес, қазақ тілінің 28 дыбысын толық қамтиды. Шеттілдік сөздегі дыбыс таңбасына Vv (в), Ff (ф), Hһ (х) әріптері алынды.

Біріншіден, дыбыстардың әртүрлі қасиетіне жеке диакритика қосылды. Бұл оқылымды жеңілдетеді, тілдің дыбыс қорының әліпбиі жүйесіндегі көрінісін бедерлейді.

Екіншіден, халықаралық тәжірибе ескерілді. Мысалы, халықаралық латын жүйесінде умляуттың бір ғана мағынасы бар – дауысты дыбыстың жіңішкелігін білдіру.

Үшіншіден, кирилдегі У әрпінің орнына еріндік дыбысқа жүретін U таңбасы, ал И, Й орнына і таңбасы алынды. Бұл У мен И дыбысы бар сөздердің мәтін ішінде бірден танылуына ыңғайлы: uran, vakum; uaqyt, sauda, juu, tuu; іne, jіyn, kögoraі, aіdar; іnstіtut, inovasia, titul. Шеттілдік сөздерді халықаралық жазу кеңістігіндегі тұрқына ұқсас таңбалайды: universitet, respublika, turizm. Бұл әлемдік білім кеңістігімен интеграция үшін қолайлы.

Төртіншіден, мектеп оқушылары мен шеттілдіктердің әріп тануына, оларға тіліміздің дыбыстық жүйесін жылдам әрі тез үйретуге ыңғайлы.

Бесіншіден, жазба коммуникацияны жеңілдетеді. Диакритикамен берілген әріптердің барлығының жалпы жиілігі өте төмен, яғни олар көп болмайды. Мысалы, ä (ә), ö (ө), ü (ү), ū (ұ), ğ (ғ), әріптерінің 5-еуінің жалпы жиілігін қосқанда, ең жиі кездесетін жалғыз /а/ әрпінен төрт есе аз болады. Жиілігі жоғары ш дыбысына диакритикасы әріп астынан түсетін, қолды жолдан үзбей жазуға болатын /ş/ әрпі алынды Şämşı, şеşım. Ол қолжазуға ыңғайлы әрі көзшалымға қолайлы.

Бүгін де тілтанушы ғылыми қауымдастықтың көпшілігі, қалың жазарман мен оқырманның басым бөлігі осы жобаға тоқталып отыр.

– Латын графикасына көшудегі негізгі лингвистикалық, әлеуметтік-психологиялық және экономикалық факторларды айтып өтсеңіз.

– Жаңа әліпбиге көшудің тілта­нымдық, яғни лингвистикалық факторы басқаларына қарағанда басым болып саналады. Сол себепті осы әліпбиге көшуді алғаш рет қоғам алдына талқыға ұсынған тілтанушы ғалымдар болды. Кирил графикасындағы әліпби қазақ жазуында орыс тілінен енген сөздері сол күйі сақталып, тіліміздің жазу нормасына сәйкес игерілмеуі салдарынан тіліміздің иммунитеттік тетіктерінің жойылғанын алға тартты. Дәл осы мәселе туралы тілтанушы ғалымдар дабыл қағып, жаңа жазу латын графикасында шет тілдерінен енген сөздерді қазақ тілінің орфографиялық емле ережелеріне сәйкес таңбалауға мүмкіндік берді.

Ал, әлеуметтік-психологиялық тарапынан қазіргі жаһандық қоғамдағы латын әліпбиінің танымалдығын жатқызуға болады. Сонымен бірге Тіл білімі институтының ғалымдары латын әліпбиі концептісі мәселесін зерттегенде қазіргі қоғамдық санада латын жазуы сапа концептісімен тығыз байланыста екендігіне көз жеткізді. Бұл – оң концепті, сондықтан жаңа әліпбиге көшкенде қазақ жазуының сыртқы әсерді игеру тетіктерін зерттеп қана қоймай, ол жазу халықаралық кеңістікте оң концептілерді туғызатын психологиялық қасиетке ие болады. Аталған шаралардың арасында экономикалық жағынан шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Оның негіздерін терең зерттеу әлі де болашақтағы лингвоэкономист ғалымдардың еншісінде деп ойлаймын. Ал егер қарапайым тұрғыдан түсіндіретін болсақ, мәселен, қазіргі қазақ мәтіндерін жазуда оның құрамындағы алуан түрлі мәтін элементтерін, соның ішіндегі төл сөздер мен кірме сөздерді, тер­миндерді, түрлі ономастикалық атауларды таңбалау үшін біздің жазарман 42 әріпті қолданады. Латын әліпбиіне көшкеннен кейін дәл осы ақпаратпен мәтін бірліктерін таңбалауда небәрі 31 әріптен тұратын әліпбиді пайдаланатын боламыз. Сонда біздің жазуымызда 11 таңба жазылмайды. Бұл қарапайым математикалық жолмен есептегенде де, қуат сыйымдылығы мен уақыт сыйымдылығы қазіргі кирил әліпбиіне қарағанда әлде­қайда аз екенін көрсетеді. Ал ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиді уақыт сыйымдылығы мен қуат сыйымдылығы төмен болатын таңбалардың жүйесі деп атап көрсеткен, сондықтан экономикалық тұрығдан да жаңа әліпбимен жазып, сызатын болашақ ұрпақ ұтпаса ұтылмайды деп есептейміз.

– Жалпы кез келген реформа қаржылық шығынды талап етеді. Осы тұрғыдан қазақ жазуын латын графикасына көшіру іс-шараларына қанша қаражат бөлінді? Сонымен қатар латын графикасына көшудің экономикамызға тигізетін әсері қандай?

– Латын граифкасына көшу – қоғамдық жұмыс, бірақ ол үшін алдымен емле ереже мен әліпби әзірленуі тиіс. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты осы мәселенің ғылыми-теориялық негіздеріне арналған бағдарламалық нысаналы қаржыландыру бойынша ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асырды. Аталған зерттеу жұмысы нәтижесінде осы жетілдірілген әліпби негізіндегі емле ережелерінің жобасы әзірленді. Сонымен қатар жаңа жазудың ғылы­ми-теориялық базасына негіз болатын нормативтік сөздіктер де дайындалды. Институт осы жоба аясында жаңа жазуға көшкен кезде қоғамның сұранысын өтеуге жарайтын 11 түрлі лингвистикалық өнімді әзірлеп отыр. Аталған еңбек отандық қана емес, түркітанудағы, сондай-ақ әлемдегі тілтанымдық қауымдастық үшін тың деректерімен қызықты. Нәтижесінде осы бағдарлама аясында әзірленген IT өнімдерді де қосуға болады. Ауыз толтырып айтатын сондай өнімнің бірі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген қазақ тілінің ұлттық корпусының интернет ресурсы – qazcorpus.kz. Бұл корпус үнемі толығып, жетілдіріліп отыратын, қоғамға қажетті алуан түрлі тілтанымдық білімдерді қолжетімді ететін инновациялық-ақпараттық тілтанымдық портал.

Тағы бір тоқталатын жайт, Тіл білімі институты кирил және латын графикаларындағы жазылған мәтіндердің қатесін тексеретін «soztekser» сайтын әзірлеп жатыр. Үш жылдық бағдарламалы-нысаналық қаржыландыру жүзеге асырылып, әр жылына шамамен 150 миллионнан астам қаражат бөлінді. Штатта 90 адам, 75 ғалым жұмыс істейтін Тіл білімі институты үшін қыруар қаражат бола алмайды. Бірақ біздің ғалымдарымыз оны қоғамға пайдалы етіп, тиімді игерді деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан

Гүлмира МЕРАЛИНА

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Латын графикасына көшпес бұрын емле ережесі керек · Мұрағат