Әлемдік экономиканың құлдырауды білмейтін саласы

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы бірнеше бағытты қамтиды. Соның бірі еліміздің сакралды картасын әзірлеу. Қазақстанның қасиетті жерлерін насихаттау қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналды. Ұлан-ғайыр еліміздегі киелі мекендерді шетелдіктерге көрсету рухани жағымен қатар экономикалық тұрғыдан мемлекетімізге оң ықпалын тигізері сөзсіз. Ал шетелдік азаматтардың қазақ жеріне көптеп келуі үшін туризмді дамыту маңызды-ақ.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында: «Туған жерге деген сүйіспеншілік, туған елге – қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады. Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек», – делінген. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз іспетті.
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылатын Тұңғыш Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» жаңа бағдарламалық мақаласы Қазақстан халқының ыстық ықыласына бөленіп, қоғамда кең талқыға түсуде. Ол қазірден-ақ тарихи құжат деген атқа ие болып үлгергені анық.
Бүгінде әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарына кіруге ұмтылып отырған тәуелсіз Қазақстанның алдында тұрған ұланғайыр міндеттер аз емес. Әлемдегі дағдарысты кезеңнен сүрінбей өтудің әрқилы жолдарын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев өзі әрдайым айтқан болатын. Оның басты бағыттары «Нұрлы жол» бағдарламасында тайға таңба басқандай айқын көрсетілді. Одан бері де Президент белгілеген «Ұлт жоспары –100 нақты қадамда» да одан әрі дамытылып, сараланды.
Осындай сындарлы сәттерде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы экономиканы әр тараптандыруға елеулі серпін бергені сөзсіз. Сонымен қатар, бұл орайда экономикамызды нығайта түсудің басқа да өрісті жолдары аз емес. Бүкіл төрткүл әлеммен тығыз байланысымыз әр салада күшейіп, барыс-келіс үдей түскен қазіргі кезде экономиканың тынысын ашатын тағы бір шұрайлы жол – туризм индустриясын дамыту болмақ.
Әлем сарапшыларының нақтылауына қарағанда, туризм индустриясы мұнай-газ саласынан кейінгі ел қоржынын толтыруда екінші орында тұрған көрінеді. Құс қанаты талатын, әлемде көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын Қазақстанда туризмді дамытуға әлеуеті жеткілікті. Бүгінде тіпті Қытай, Ресей, Қазақстан болып, үш жақтап «Ұлы Жібек жолының» даңқын қайта жаңарту жоспары да бар. Батыс Еуропа – Батыс Қытай күре жолы, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қолға алынып жатқан көлік инфрақұрылымын жаңарту жобалары елімізде туризмді жан-жақты дамытуға жол ашары анық.
Міне, осының бәрі сайып келгенде, Қазақстанның бүкіл әлемнен шетелдік туристер ағынын молайта түсуіне қолайлы жағдай жасайды. Әлемдік туристік нарықтың дәстүрлі аудандары өзінің рекреациялық сыйымдылығының шегіне іс жүзінде жеткендіктен, туризмнің өсуі туристер баратын жаңа аумақтар есебінен басым дамитын болады.
Осыған байланысты, Қазақстанның әлемдік туристік нарықта өзінің лайықты орнын табуға бірегей мүмкіндігі бар. Қазіргі туризм – бұл әлемдік экономиканың құлдырауды білмейтін саласы. Мамандардың орташа есебі бойынша, бір шетелдік туристің беретін табысын алу үшін шамамен 9 тонна тас көмір немесе 15 тонна мұнай не болмаса 2 тонна жоғары сортты бидайды әлемдік нарыққа шығару керек. Бұл ретте, шикізат сату елдің энергия көздерін азайтады, ал туристік өндіріс – таусылмайтын ресурс екені сөзсіз. Шетелдік экономистердің есебі бойынша, 100 мың турист қалада орташа есеппен екі сағат болған кезінде кемінде 350 мың доллар немесе адам басына бір сағатта 17,5 доллар жұмсайды. Сөйтіп, шикізат сату өзіндік экономикалық тығырыққа тірелу болса, ал туризмді дамыту – ұзақ мерзімді, экономикалық тиімді болашақ.
Кең байтақ қазақ жерінде табиғаттың өзі бере салған шұрайлы өлке, кім-кімді де өзінің көркем келбетімен тамсандыра алатын жерлері аз емес. Іргедегі Бурабай, Баянауыл, Ұлытау бөктері, Шарын шатқалы, Алтай мен Алатау арасы, бүкіл түркі жұртының рухани астанасы дерлік Түркістан, Каспий жағасындағы Кендірлі демалыс аймағы, Ақсу-Жабағылы және басқа да жасыл өлкелер мен көрнекті орындар жеткілікті. Саф ауасы, тұнық суы, жасыл желегі бір сөзбен айтқанда сұлулықты көре алатын жандардың жанарын байлайтын бір өлке. Жер жәннаты – Жетісу.
Қысқы демалыста тынығуға болатын Жетісудағы 7 керемет орын тамылжыған жаз кезінде ғана емес қыста да табиғатымен көз тартады. Көктемнің келуіне де аз уақыт қалды. Соған қарамастан қыс мезгілінің көркем табиғатын көру үшін туристердің қатары артуда. Қазірдің өзінде Жетісудың көптеген жерлеріне барып қыстың қызығын қызықтап үлгеруге болады.
Алматы облысы Кеген ауданына қарасты Шырғанақ ауылдық округіндегі ерекше Мұзтау көпшіліктің демалыс орнына айналды. Қыс мезгілі бастала салысымен жұрт біткен осында ағылады. Ол жер астынан арнайы шығарылған құбыр арқылы атқылап тұрған су арқылы пайда болатын шағын мұзтау. Зеңгір көкке атқылаған судың ұзындығы 14 метрге жетеді. Көпшілік ұшар басы шағын шыңдай мұзтауға балаларын апарып, демалдырып қайтады. Мұнда күндіз де, түнде де келушілер көп.

Қапшағай су қоймасы туристер үшін жазда таптырмас орын болатын. Ал, биылғы қыста ерекше көрініспен көпті таңқалдырды. Су жағасына түскен үлкен мұз кесектері тамаша табиғатты айшықтай түседі. Тиісінше бұл жаққа арнайы барып суреттерін желіге жүктегендер өте көп. Айрықша мұз қырқалар талай адамның қызығушылығын оятады.
Көрікті Көлсайды білмейтіндер кемде-кем шығар. Алайда, барлығы қыстағы оның көрінісіне куә болған жоқ. Көлде пайда болған көк мұз, айналаны қалың қар басып қалған қалың орман сұлулығы, жұмсақ таза ауасы бәрі-бәрінің тым әсерлі. Мұнда табиғат анадан бойыңызға қуат жинап алуға болады.
Талайды тамсандырған Түрген шатқалының да қысқы сұлулығы ерекше. Нулы орманы, мамыққа оранған айналасы, биік-биік шоқылары көрген көзді сүйсіндірмей қоймайды. Шатқал аумағында 7 сарқырама орналасқан. Адамдардың көп баратыны «Аюлы» және «Тескенсу». Алғашқы сарқырама биіктігі 30 метр. Тап осы жерде «сұлулық көзі» атты мұздыбұлақ орналасқан.
Шежірелі шегесіз тұрғызылған ағаш мешіті ерекше құрылысымен туристерді қызықтырмай қоймайды. Жаркент мешітінің қаланың қақ ортасында орналасқан ерекше ғимарат. Оның тұрғызылғанына 130 жылдан астам уақыт өтіпті. Сәні мен сәулеті келіскен мешіт бүгінде ХІХ-ғасырдың тарихи ескерткіші ретінде мұражайға айналған. Тарихи көне ғимараттың басты ерекшелігі – қытай үлгісінде салынуында. Жалпы биіктігі 14,5 метр, мұнараның биіктігі 19 метрді құрайды. Алланың екінші үйі саналған мешітке арнайы келіп көрушілер көп. Тілек тілеп, ниет қылып дұға етіп жатады. Өз кезегінде бұл жер тану мекені ғана емес тағзым орнына айналған.
Қора шатқалы – қазіргі таңда Жетісу Алатауындағы ең танымал шатқал болып саналады. Ол еңдік бағытта жайылып, 70 шақырымға созылып жатыр. Қора шатқалы бірқалыпты тереңдікте орналасқан. Төменгі ағыста оның тереңдігі 700-800 метрге жетеді. Асқар шыңмен астасқан сұлулықты қыста осы жерден таба аласыз.

Сарқандағы Шымбұлаққа да барғысы келетіндердің саны күннен-күнге көбеюде. Тау шаңғы базасы Сарқан ауданының Черкас ауылында орналасқан. Кешендегі шаңғы жолағының ұзындығы 735 метр. Сондай-ақ, мұнда мұз айдындағы сырғанақты ұнататындар үшін арнайы орын да қарастырылған. Ал, ересектер мен балалар тюбинг, сноубордпен биіктіктен сырғанауға мүмкіндік жасалған.
–Туристерге берілетін қажетті қондырғылар мен құрал-жабдықтардың барлығы Швейцариядан әкелінген. Жалпы, 2019-2020 жылдар аралығында қысқы маусымда туристер саны 186,8 мың адамға жетті. Ал, жыл басынан 196 000-нан аса адам Жетісудың табиғатын тамашалап қайтқан. Аймақта туризмді дамыту бастамасында Алматы тау кластерінің жол карталары әзірленген болатын. Бүгінгі күні тау кластерінің аумағында 25 аспалы жол және 40 шақырымнан астам шаңғы трассалары жұмыс істейді. Аталған бағыттағы шараларды әлі де жалғастырамыз, – деді облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева.
Жалпы, экономиканы жандандыруда туризмнің алар орны ерекше. Жерінің үсті де, асты да көркем һәм сұлу бұл аймақта қысқы туризмнің әлеуетін бұдан да жақсарта түсу үшін әлі де жоспарлы түрде жұмыстар атқарылмақ.
Нұрлан ҚҰМАР







