Экология
4 мин оқу 531

Қауіпсіз технологиялар – өндіріске

11 ақпан 2021
Қауіпсіз технологиялар – өндіріске

Алматы қаласында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ұйымдастыруымен Жаңа экологиялық кодекс нормаларын түсіндіру бойынша ауқымды жиын өтті.

Басқосу аясында қоғам бел­сенділері экологиялық ко­дексте ескерілмеген кейбір мәсе­лелерді көтерді. Бұлардың қатарында Алматы қаласында жасыл желекті кесіп, оған айыппұл төлеумен құтылатын түсініктен арылу, жеке сектор тұрғындарының қоқыс­ты немесе ағаш жапырақтарын өртеуге байланысты жазаны қатаң­дату, ТЭЦ-2 кешенін газға емес, көмір­де қалдырып, оның орнына технологияны жаңарту сияқты ұсыныстар айтылды.

Шара барысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қаладағы атмосфералық ауа са­пасы өзекті мәселе болып отыр­ғандығын тілге тиек етті. «Ал­­ма­ты қаласы бірнеше жылдан бері республиканың ең ластанған қала­ларының тізіміне енген. Лас­тану жылу көздерінен шығатын шығарындылардан туындайды, бұған ЖЭО-2 және 3, жеке тұр­ғын үйлер және жол кептелісі жатады. Осы проблемаларды шешу үшін 2020 жылғы тамызда Үкімет қаланың экологиялық проблемаларын кешенді түрде шешудің Жол картасын бекітті», – деп атап өтті министр.

Сонымен қатар, ведомство басшысының айтуынша, 2019 жылы қала атмосферасындағы жылу көздерінің үлесі 34% құрады: ЖЭО-2 – 26% (37,8 мың тонна) және ЖЭО-3 – 8% (11,7 мың тон­на). Қазіргі уақытта «Самұрық-Энерго» АҚ «Қоршаған ортаға әсерді барынша азайта отырып, Алматы ЖЭО-2 жаңғырту» жо­басының техникалық-эконо­ми­калық негіздемесін әзірлеу жүргізуде. «Табиғи газды қолда­ныстағы қазандықтарға жағуға арналған ЖЭО-2-ді қайта құру ЖЭО шығарындыларын 83% төмендетеді, ал күкірт диоксиді және күл шаңы сияқты улы зат­тар мүлдем жоғалады. Алматы облысында орналасқан ЖЭО-3 бойынша да осындай шешімдер қажет, олардың шығарындылары Алматының әуе бассейніне 8%-ға әсер ететіндігін атап өтті  Мағзұм Маратұлы.

Сондай-ақ, министр Эко­ло­гиялық кодекстің жаңа редак­циясы аясында қоршаған ортаға әсерді бағалауда да, мем­лекеттік экологиялық бақы­лауды жүзеге асыруда да қоғамның рөлі едәуір артқанын хабарлады. «Эко­логиялық кодексті іске асыру тұ­тастай республика үшін және әр өңір үшін де аса маңыз­ды. Орталық және жергілікті мем­лекеттік органдар тартылған жол картасын уақтылы әрі сапалы іске асыру Алматы қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту­ға әкеледі. Осыған байланысты мен тоқсан сайын жауапты мем­лекеттік органдардың Жол кар­тасы тармақтарын іске асыру барысын қоғам алдында тыңдауды ұсынамын», – деді министр     М.Мыр­зағалиев. Сонымен бірге жауапкершілікті және қоғамның рөлін күшейтумен қатар, кәсіп­орындарда экологиялық қауіпсіз технологияларға көшуден және шығарындыларды азайтудан басқа таңдау қалмайтынын, бұл экологиялық ахуалдың нақты жақсаруына әкелетініне де тоқ­талды.

Шара аясында Экология ми­нистрлігі, Алматы әкімдігі және қоғамдық бірлестіктер қала эко­логиясын бірлесіп жақсартуға келісті. ҚР Экология, геология жә­не табиғи ресурстар министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы», «Air Vision» қоры, Табиғат эко­қоры, «ECOJER» қазақстандық өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығы» ЗТБ экология саласында ұзақ мерзімді серіктес­тік орнату бойынша меморандумға қол қойды. Осылайша, тараптар Алматы қаласындағы экология­лық проблемаларды шешу және экологиялық жағдайды жақ­сарту бойынша бірлескен ша­ра­лар қабылдайтын болады. Ме­морандум аясында қала­ның эко­­­логиялық мәселелерін ке­шенді шешу жөніндегі Жол кар­тасында көзделген іс-шара­лар­дың тиімді іске асырылуын бақы­­лауды қамтамасыз ету жос­парлануда. Естеріңізге сала ке­тейік, Жол картасында 20 іс-шара қарастырылған. Олардың ішінде, ЖЭО-2 және ЖЭО-3 газға ауыстыру, қалаға іргелес жатқан жеке сектор аудандарын газдандыру, коммуналдық қыз­мет­тер автокөліктері мен қо­ғамдық көліктерді сығылған табиғи газға ауыстыру, дизель отынын пайдаланатын қоғам­дық көліктерге кезең-кезеңімен тыйым салу, көгалдандыру және тағы да басқалары бар.

Бұл үшін тараптар карта тар­мақтарын орындау бойынша тоқсан сайын есептік кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Құқық бұзушылықтардың алдын алуға жәр­демдесу және эколо­гия сала­сындағы заңнама талап­тарының сақталуына мониторингті жүзеге асыру да меморандумның басты бағытына айналды.

Айта кету керек, өткен жыл­дың соңына қарай Үкімет отыры­сында ҚР Экология, геоло­гия және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ауасы жо­­ғары деңгейде ластанған 10 қаланы атаған болатын. «2019 жылдың қорытындысы бойын­ша атмосфералық ауаның эко­логиялық мониторингіне сәйкес 45 елді мекеннің ішінде 10 қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жатады. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қараған­ды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент. Соны­мен қатар, ластаушы заттар шығарын­дыларының едәуір көлемі Пав­лодар облысына тиесілі», – деген еді.

Министр өңірлердегі эколо­гиялық ахуалды жақсарту шара­ларына келгенде ең алдымен Алматы қаласынан бастады. Ал­маты қаласында ауаның ластануы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 жылу көз­дерінің, автокөліктердің және қалаға іргелес Алматы облысының газдандырылмаған жеке үйлерінің шығарындыларымен байланысты екендігін Үкімет отырысында да атап өткен болатын.

НҰРЛАН ҚҰМАР

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Қауіпсіз технологиялар – өндіріске · Мұрағат