Баяндылық байыптылыққа байланысты

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz
Сынаптай сырғыған уақыт... Дәргейі мен дерегінен дақпырты бұрын жүретін өкілетті билік сайлауының мәреге жетіп, солығын басқанына да біраз күннің жүзі болыпты. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, қаймана жұрт қайран елі мен қабырғалы ерінің ертеңін табыстап, замана көшінен кешеуілдемей, ілгері жүрген іргелі елдермен иық теңестіру жөніндегі арман-мұратын аманаттаған қалаулылар көп кешікпей заң-низамды қолға алатыны, көпшіліктің көңіліне жағып, діттеген тұстан шыққан уәделері мен міндеттемелерінің, жоба-жоспарлары мен бағдарламаларының сылдыраған сөз жүзінен нақты іске көшуі, атап айтқанда ауыл мен қалада тұсауы кесілетін зауыт-фабриктердегі жүздеген жұмыс орындарына айналуы үшін аянбай тер төгуге кірісетіні сөзсіз. Бұл – өмірдің заңы, бұрын да осылай болған, бұл үрдіс кейін де тоқтамақ, тоқырамақ емес.
Ақпарат көздері сайлау қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы және Қазақстан Халық партиясы заңда көрсетілген жеті пайыздық межені еңсергенін хабарлап үлгерді. Орталық сайлау комиссиясы жариялаған мағлұматқа сәйкес Мәжілісте «Nur Otan» партиясына 76, «Ақ жол» партиясына 12, Қазақстан Халық партиясына 10 депутаттық мандат берілген. Бұлайша бөлініске «Nur Otan» партиясының 71,09 пайыз, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының 10,95 пайыз, Қазақстан Халық партиясының 9,10 пайыз дауыс жинағаны себеп болған. Санатқа ілінбеген «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 5,29 пайызды, «ADAL» саяси партиясы 3,57 пайызды місе тұтқан. Көзіқарақты қауым осы партиялардың сайлауалды бағдарламаларымен мұқият танысып, саясат серкелері жүргізген жүздесулер барысында оларды егжей-тегжейлі талқылаған, байыбына бойлаған-тын. Бұл ретте «Nur Otan» партиясының үкілеген үміттері ақталып, жұлдыздары жанған ақтаңгерлері алдыға тартқан бағдарламалар мен жоба-жоспарлар тілге тиек етуге тұрарлық. Өйткені, «Nur Otan» алға қойып отырған ұлан-асыр міндеттер нақты деректермен өрнектеліп, цифр жүзінде бейнеленген. Бағдарлама саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріміздің барлық дерлік салаларын қамтиды. Солардың ішінде ауыл және қала шаруашылығына қатысты бес жылдық уәделер көңіл аударуды қажет етеді. Мұнымен қоса партияның сайлау бағдарламасында көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін саяси ұйым мүшелері арасынан жауаптылар бекітіліп, оның орындалуын бақылау қамтамасыз етілетіні, сондай-ақ бұл іске жұртшылық та кеңінен тартылатыны жөніндегі тоқтам да көпшілік назарынан тыс қалған жоқ.
Маңызды құжатта «біз ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартудың жаңа формаларын әзірлейміз, жалпы алаңын 2,2 млн гектарға дейін жеткізе отырып, 600 мың гектар жаңа суармалы жерді игереміз, қосымша шамамен 70 мың отбасылық шаруашылық құрамыз. Біз жердің шетелдіктерге сатылуына жол бермейміз», делінген. Бағдарламаға сәйкес стратегиялық инвесторлардың қатысуымен 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын қатыстыра отырып, ет, сүт, астық, майлы дақылдар, жемістер, көкөністер және қант сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйе құрылады. Жалпы агрокешенде 380 инвестициялық жоба іске асырылады. Субсидиялау жүйесі жаңа технологиялар мен селекциялық жетістіктерді, егістік пен егінді алқаптың жай-күйін мониторингтеудің заманауи цифрлық шешімдерін енгізуді, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын нақты қолдануды ынталандыруға бағытталады. Субсидиялау көлемінің өсуі есебінен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу 1,5 есеге, минералдық тыңайтқыштарды сатып алу 1,4 есеге, жоғары сапалы тұқымдарды сатып алу 1,2 есеге ұлғаяды. Сондай-ақ жыл сайын егістікті тиімді өңдеу үшін өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға жұмсалатын шығындардың 50 пайызы субсидияланады. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінен тек дәнді және майлы дақылдарды ғана емес, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа да түрлерін форвардтық сатып алу кеңейтіледі. Ауылдарда кооперацияны ынталандыру, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шикізатты қайта өңдеуге тапсыру, жалпы қуаты 2,1 млн тонна болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату бойынша 24 көтерме-тарату орталығын құру жөнінде шаралар қабылданады. 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,3 есе, агрокешендегі еңбек өнімділігі 2,5 есе, экспорт 2 есе ұлғайып, өңделген өнімнің үлесі 70 пайызға жеткізіледі. 3 500-ден астам ауыл жаңғыртылады, әрбір тірек ауылға дейін 27 мың км. жергілікті жолдар жөнделіп, олардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 95 пайызға жеткізіледі. Жыл сайын ауылдарда инженерлік желілермен қамтамасыз етілген жеке тұрғын үй салу үшін 22 мың жер телімі бөлінеді. Қала және ауыл халқының 100 пайызы сумен жабдықталады. 2025 жылға қарай халқы 900 мыңнан астам адамды құрайтын 246 ауыл газбен қамтылады. Облыс орталықтары мен шағын қалаларда жыл сайын инженерлік желілермен қамтамасыз етілген жеке тұрғын үй құрылысы үшін шамамен 25 мыңға жуық жер телімі бөлінеді. 53 тазарту құрылғысы салынып, жаңғыртылады, ағынды сулар 100 пайыз тазартылады. Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Көкшетау, Өскемен, Павлодар, Петропавл және Семей қалаларының тұрғындары табиғи газға қол жеткізеді. Бағдарламадағы осы және басқа міндеттемелердің баяндылығы мен өміршеңдігін, қаржылық қамтамасыз етілуін оқырман бағамдай жатар.
Тілге тиек етіліп отырған бес жыл қарапайым күндер тізбесі емес, халық қалаулыларының Елге берген серті сыналар Сәт, жұртшылық назарындағы Уақыт. «Ер мойнындағы қыл арқан шірімейді» деген, ендеше, іске сәт!







